294
Атамбаев Қасым-Жомарт Тоқаевты "қосшы" деп атады
Атамбаев Қасым-Жомарт Тоқаевты "қосшы" деп атады
Алмазбек Атамбаев Бішкекте өткізген қорытынды баспасөз конференциясында журналистер сұрағына жауабында Қазақстан Парламенті Сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаевты "қожайынының айтқанын бұлжытпай орындауға дайын қосшы" деп атады. Бұл туралы Орталық Азияның жаңалықтар қызметі хабарлады.
Жиында журналистердің бірі Атамбаевтан Қазақстан Парламент Сенатының спикері мен кейбір министрлерінің өзінің сөзіне қатысты берген комментарийлеріне не деп жауап беретінін сұрады.
Чех жазушысы Ярослав Гашектің "Айбынды сарбаз Швейктің шартарапты шарлауы" деген кітабынан үзінді оқып берген Атамбаев Қазақстан парламенті сенатының спикері және кейбір министрлері шығарма кейіпкері сияқты "қожайыны өздеріне не бұйырса соны орындайтынын" айтты.
Қазақстан парламенті сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев өткен аптада Алмазбек Атамбаевтың Қазақстан билігіне қарата айтқан сөзін сынаған. 15 қарашада Атамбаев Қазақстан билігін сөгіп, президент Нұрсұлтан Назарбаевты "жасы келген диктатор" деп сипаттаған.
Тоқаев Twitter парақшасында: "Атамбаевтың кезекті лас шабуылға толы долданған сөзі көршілердің татулығына зиян тигізеді. Үлкен саясатта мұндай эмоцияға орын жоқ. Қырғызстанға блокада жариялап жатқан ешкім жоқ. ЕАЭО-ның талаптарын орындау керек. Келіссөздің мәні - осы" деп жазған.
2011 жылы 1 желтоқсанда қызметіне кіріскен президент Алмазбек Атамбаевтің өкілеттігі 1 желтоқсанда аяқталады. 24 қарашада жаңадан сайланған президент Сооронбай Жээнбековті ұлықтау салтанаты өтеді.