220
Астана -Щучинск бағытындағы ақылы жолдан қазынаға 1 млрд теңге түсті
Астана -Щучинск бағытындағы ақылы жолдан қазынаға 1 млрд теңге түсті
Биыл Астана -Щучинск бағытындағы ақылы жолдан 1 млрд теңге жиналды, деп хабарлайды Хабар 24.
Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4%-ға жоғары. Былтыр дәл осы уақытта ақылы жолмен жүрген көліктерден түскен қаржы - 964 млн теңге болған.
Айта кетейік, жиналған қаражат төлем жүйесін жетілдіруге, жолды күтуге және сервиске жұмсалады. Сондай-ақ төлем бекеттерінде кептеліс болмауы үшін жолақыны алдын ала төлеу мүмкіндігі де қарастырылған.
«Бірінші жолақ арқылы алдын ала төлем жасап өткен жолаушылар, көлік құралдары өтеді. Олар Касса 24, КИВИ сервистері арқылы алдын ала төлем жасайды. Алдын ала төлем көлік құралдарының нөміріне тиісті ақша салынады, көлік құралы арнайы жолаққа келген кезде біздің камераларымыз олардың нөмірін оқиды, содан кейін шлагбаум ашылады», - деді «ҚазАвтоЖол» ҰК бөлім басшысы Жандос Жүнісов.
Қазір күре жолдарды қысқы маусымға әзірлеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысындағы республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы - 1468 шақырым. Биыл мұнда тас жолдағы қауіпсіздік пен тазалықты 204 адам қадағалайды.