294
Барша қазақ қастерлейтін бурабай
Барша қазақ қастерлейтін бурабай
Еліміздің туристік кластерін дамыту мақсатында кешендік демалыс орындарын қалпына келтіру, кеңейту мен жаңарту жұмыстары жүргізілуде . Атап айтқанда, Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту қолға алынды. Аталмыш кешенге 61,3 миллиард теңге жұмсалады. Бұл туралы таяуда Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында Астана қаласы мен Щучье – Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспарын таныстырған ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы хабарлады.
«Астана қаласының туристік кластерін, оның ішінде медициналық, мәдени білім беру және іскерлік туризмді, Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту бойынша жол картасы әзірленді. Астана қаласында денсаулық сақтау, жоғары білім беру, мәдениет пен спорт нысандарын пайдалану тиімділігін және өзін өзі өтеуін арттыру шараларын әзірлеу жөніндегі Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында біз Қазақстан Үкіметінің тиісті шешімдерін дайындадық», – деді министр.
Оның дерегінше, Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған жоспары 4 бөлім және 33 іс-шарадан тұрады. Оның ішінде инфрақұрылымдық және экологиялық мәселелерді шешу бойынша 17, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту бойынша 5, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша 6, аймақтық туристік әлеуетін дамыту бойынша 5 шара көзделген.
«Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту шараларын іске асыруға 61,3 млрд теңге көлемінде қаржыландыру көзделген. Оның ішінде республикалық бюджеттен 58,2 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 3,1 млрд теңге қарастырылған», – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.