16 Қараша 2017, 10:21 299 0 Тұлға Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ

Балет падишасы

Әлемге аты мәшһүр балет бишісі Майя Плисецкаяның отыз жылға созылған өнер жолы мен тағдыр талайы біте қайнасқан. Ол туралы аңыз әңгімелер де аз емес. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында «Мен, Плисецкая» атты кітап жазып, өзі туралы бар шындықты оқырмандарына жайып салды. Кітап бірқатар шетел тілдеріне аударылған. Әйгілі балет бишісінің жазғандары «Түркістан» газетінің  оқырмандары  үшін де  қызықты  боларына  сенімдіміз.

Мен бұл кітапты өзім жаздым. Өйткені сахнадағы өмірім туралы шындықпен мүлдем жанаспайтын жайлар көп айтылып жүрді. Бірақ қалай бастау керек? Неден?

Магнитофонның таспасына естелік айтудан бастадым. Барлығы он бір таспа болды. Хронологиядан тыс, бәрін айтсам да жинақы шықпады. Таныс журналист сол айтқандарымнан кітабымды жазып шығуға әрекеттенді. Алайда журналистің маған түк қатысы жоқ, ойдан қосқандары аз емес. Сондықтан маған ұнамады. Жоқ, бұл менің кітабым емес. Одан бас тарттым. Кейіндеу Парижге жолым түсіп, сонда тұрып жатқан сырлас  досым Галина Вишневскаяның үйінде қонақта болдым. Сонда одан «Галина» атты кітабын жазуға кім көмектескенін сұрадым. Галина:

− Маған ешкім де көмектескен жоқ. Өзім жаздым. Сен де өзің жаз. Алғашқыда мен де сен секілді жазуға көмектесетін адам іздеген болатынмын. Бірақ одан шатасудан басқа ештеңе шықпады, − деді даусын көтере сөйлеп.

− Дегенмен неден және қалай бастау керек?

− Сен күнделік жазып жүрмеп пе едің?

− Өмір бойы жазып келемін. Қазір де жазып жүрмін.

− Содан басқа саған не керек? Отыр да жаз. Баста және кейінге қалдырма. Өзіңнің ұзақ жазуыңа тура келеді. Мен кітабымды төрт жыл жаздым.

Бұл жақсы кеңес болды. Жазуға құштарлығымды оятты. Лондоннан баспагерлердің бірі Широи Маклейн телефон шалды. Оған менің мекен-жайымды Галя беріпті. Ол орыс тілін бұрмалай сөйлеп, мемуарыма қызығушылығы бар екенін айтты. Енді шегінерге жер қалмады. Өзім жазуға кірістім. Үш жылға үш ай жетпей кітабымды аяқтадым.

***

Мені театрға алғаш рет бес жасымда алып барды. Әлі күнге есімде. Пьеса «Любовью не шутят» деп аталған. Авторы есімде жоқ. Театр қойылымы драмалық көріністерге ғана негізделген. Сондықтан музыка ойналмайтын. Би де болған жоқ. Бірақ маған қатты әсер етті. Сахнадағы кең етек қара көйлек киген әдемі әйел көп уақытқа дейін түсіме кіріп жүрді. Бір апта бойы театрдан көрген көріністерді, артистердің сөздерін, іс-қимылдарын қайталап, үй ішінің мазасын алдым. Аптаның соңында үй ішіндегілердің шыдамы таусылды. Папам өзін ұстай алмай, құйрығымнан салып-салып жіберді. Қатты өкпеледім. Келесі күні таңғы аста көңілсіз күйде  үндемей отырғанмын. Әкем ыңғайсызданып қалды. «Мая, сен өкпелеп қалғансың ба? Кешір. Мен сені жақсы көремін», − деді. Мен театрдағы әлгі қара көйлек киген әйелдің үнімен: «Любовью не шутят», − деп жауап бердім.

Анамның аты Рахиль. Орта бойлы, дөңгелек жүзді жан. Қара шашын артқа қарай тарап, арқасына жалғыз өрімін тастай салушы еді. Аяқтары түп-түзу болса да, қаз табан болғандықтан балет биіне келмейтін. Оның бет-жүзінде шығыстық нышандар да бар. Сондықтан болар анамды кинода өзбек әйелі рөліне шақыратын. Ол дауысы жоқ мылқау киноларға төрт-бес жылдай түсіп, онға жуық рөлдерде ойнады. Фильмдердің титрлік жазбаларында аты-жөнін Ра Мессерер деп көрсететін. Балалардың ең үлкені мен. Екі інім бар. Тағдыр тауқыметі анамды әбден шаршатты. Отыз сегізінші жылы оны тұтқындап, күйеуің Отанын сатқан шпион, Сталинге қарсы бүлік ұйымдастырушы деген және басқа да жалалы айыптар тағылып, қағазға қол қоюды талап еткенде анам үзілді-кесілді қарсы болған. Айтқандарына көндіре алмаған соң сегіз жылға бас бостандығынан айырды.

1934 жылдың маусым айының жауынды күндерінің бірінде Митя ағатайым балет сынағына алып барды. Қабылдау комиссиясын бұрынғы биші, мектеп директоры Виктор Александрович Семенов басқарды. Ол менің аздаған қимылымнан кейін: «Біз мына қызды қабылдаймыз», − деді. Солай менің тағдырым шешіліп, балет өнерін оқи бастадым. Мені Евгения Ивановна Долинскаяның класына бекітті.

***

Ол кезде орден таққандар бүгінгідей емес, өте аз еді. Сондықтан Ресейде оларға құрметпен қарайтын. Ұлы Октябрьдің 20 жылдық мерекесінде шығармашылықтағы жетістіктері үшін Асаф пен Митя да орденмен марапатталды. Екеуі ордендерін кеуделеріне тағып алып, қарындасын түрме азабынан құтқаруға ұмтылды. Әйтеуір әзер дегенде мақсаттарына жетті-ау. «АЛЖИР» лагеріндегі ауыр жұмыстардан анам әбден азып-тозыпты. Онда күйеулері «халық жауы» атанған алты мыңға жуық әйел тікенекті сым қоршаудың арғы жағында азап шегуде. Анамды лагерьден босатып, Шымкентке ауыстырған. Онда сәл де болса еркіндікке шыққан. 1939 жылдың жазында мен демалысқа шықтым. Тиісті орындар мамаммен кездесуге рұқсат берді.

Анам мені Шымкенттің вокзалынан қарсы алды. Қатты жүдеген, қоңыр қызғыш түсті шашы ағарып, мүлдем қартайып кетіпті. Сағынғаным соншалық мойнына асылған қолдарымды көпке дейін жаза алмадым. Екеуміз де көз жасымызға ерік бердік. Қала көшелері шаңға көмілген. Негізгі транспорт есек арба екен. Бізбен бірге арбаға тағы екі мәскеулік егде тартқан ерлі-зайыптылар жайғасты. Мұртты күйеуі жол бойындағы жүргіншілерге қарап: «Тым жұпыны екен», − деді мүсіркегендей үнмен.

Анам оған мойнын бұрып: «Қазақтар өте аңғал, адал, қайырымды жандар», − деді ақырын ғана. Анам Исаак деген бұхарлық еврейдің тауық кепесін жалдап тұрады екен. Жұмысынан бөлек балаларға би сабағын жүргізіп, азын-аулақ табыс табады. Пәтер ақысын да содан шығарады. Лагерьде өмірге келген кішкентай інім өңі қошқыл тартып, өздігінен жүретін халге жетіпті. Басындағы дөңгелек айналма шеті оюмен әдіптелген көне тақиясына қарап, оны қазақ баласы ма деп қаласың. Анам айына екі рет милиция бөлімшесіне барып, белгіленіп тұрады. Мұнда анам секілді инженер, дәрігер, жазушы, оқытушы және т.б. жер аударылған интеллигенция өкілдері көп. Сол кезде жастықтың салдарынан көп жайды түсіне алмадым. «Анам мұнда неге жүр?», «Мәскеуге неге оралмайды?», «Әкем қашан келеді?». Сол жылғы күннің ми қайнатқан ыстығын айтсайшы. Күндіз көшеге шығу мүмкін емес. Милиция бөлімшесіне тіркеуге барған сайын бастығы анама көз салып: «Өкінішке қарай, сіздің күйеуіңіз тірілер санатында жоқ. Сіздің еркіндікте жүріп түскен киноларыңыздың бәрін көріп, сізді қатты ұнатып қалдым. Балаларыңызға әке керек. Маған ерге шығыңыз», − дейді. Анам оның ұсынысынан бірден бас тартқан. Әкемді өлді дегенге сенген жоқ. Оны Шымкентте де, Мәскеуде де өмірінің соңына дейін күтті. Анам айдаудан 1941 жылдың сәуір айында босады.                                        ***

1943 жылдың наурыз айы. Біз училишенің үлкен класында «Дон Кихот» балетіне дайындалудамыз. Маған биші әйелдің рөлі берілген. Бізден сынақ алатын уақыт та жетті. Комиссия сынақты училищенің алтыншы үлкен залында қабылдайтын болды. Сынақ алушылар маған «5» қойды. Біз училищені бітірдік. Үлкен театрдың артисі атандық.  Ал соғыс жүріп жатты. Бірақ алда өз соғысым барын қайдан білейін. Өнердегі орным үшін күресуге тура келді. Қырық төртінші жылы Мәскеу балетіне жаңа жетекші келді. Ленинградтан келген Леонид Михайлович Лавровский балетті ширек ғасыр басқарды. Сол кезде Алматыға уақытша көшірілген «Моссовет» театры құрамында айтулы балет бишісі Галина Уланова да Мәскеуге оралды. Соғыс аяқталып келе жатты. Бір жолы кезекті балет спектаклінде күзет адамдары қаптап кетті. Спектакль барысында үкімет адамдары отыратын брондалған ложадан Сталиннің қияқ мұртын көріп қалдым.

***

1947 жылы Прагада демократияшыл жастардың фестивалі болды. Мен үшін алғашқы шетел сапары болмақ. Төрт беттен тұратын анкетаны толтыру қажет. Елуге таяу сұрақтар жазылған. «Тұтқында болдыңыз ба? Немістер басып алған аймақта тұрдыңыз ба? Анаңыздың қыз күніндегі фамилиясы кім?» Әке туралы толық мәлімет беру талап етілген. Әкем туралы жасырып қалу мүмкін емес, ал бар шындықты жазсам, Прагаға жібермейтіні анық. Сонда да көмектесіп қалар ма деген үмітпен түсініксіз қолтаңбамен бар шындықты жаздым. Күдігім айнымай келді. Іріктелгендердің бәрі кетті де, жалғыз мен Мәскеуде қалдым. Арада бір күн өткен соң комсомолдың ОК-не шақырды. Ондағылардың менен сұрамағаны жоқ. Мені ас табаққа салғандай әбден қуырды. Артық ауыз сөз айтпауға тырыстым. Ертеңіне Прагаға ұштым. Жол бойында комсомол өкілі: «Сіз Лепешинскаямен көптен бері жауығып жүрсіз бе?», − деді. Мен езу тарттым да қойдым. Прагада ешқандай да балет конкурсы болған жоқ. Мәскеуліктерден басқа «халықтар достығы» деп көрсетілген Ленинград, Киев, Тбилиси, Ташкенттің бишілері болды. Басқа шетелдіктер болған жоқ. Кіммен бәсекеге түсеміз? Сол жылы Прага дүкендерінде тұрмысқа қажетті тауарлардың бәрі бар еді. Өкінішке қарай, көзіміз қанша қызықса да оларды сатып алатын ақшамыз болмады. Бәрімізді табын малы секілді бір жерден тамақтандырып, көшеге жеке жарым шығуға рұқсат етпеді. Фабрика мен зауыттарда көптеген кездесулер болды. Концерттен соң бәріміз қол ұстасып: «Сталин! Бейбітшілік! Достық!» деп шабыттана аулаларды жаңғыртып, дауыстаймыз.

***

«Лебединое озеро»  балетінде ойнау –әрбір артистің арманы. Ал оған жету үшін маған оңай болды ма? Міне, менің қырық алты, қырық жетінші жылғы күнделік жазбаларым. «1946 жыл, 6 қыркүйек. «Лебединое озерода» билегім-ақ келеді. Бірақ Лавровский: «Балеттегі Одиллияны орындау сенің қолыңнан келмейді. Ол үшін саған әлі де шығармашылық жағынан шыңдалуың керек», − деді. «Қазан айы. Сонда да өзімше дайындықты бастадым». «Қараша. Лавровский бәрібір келіспей қойды». «1947 жыл, 20 қаңтар. Сахнаға шығуымды наурызға дейін шегеріп тастады». «Ақыры күткен күн келді. 13 сәуірде екінші залда дайындығымды байқаудан өткізді-ау, әйтеуір». «1947 жыл, 27 сәуір. «Лебединое озеродағы» алғашқы биімді көрсеттім. Спектакль күндіз жүрді. Армандаған рөлімді орындап жатқаныма өзіме-өзім сене алсамшы. Спектакльге қатысқандардың бәрі сахнадағы әр бөлімнен кейін қошеметпен қол соқты. Лавровскийге де билегенім қатты ұнады. Сол кезден бастап көпшілік көрермендер алдына шығаратын болды. Мерекелік күндері немесе аса маңызды қонақтар келгенде сахнаға қарай сүйрейді. Әсіресе, олар үшін шетелдік қонақтардың алдына шығуым аса маңызды. «Лебединое озероның» арқасында кімдермен дастарқандас болмадым. Маршал Тито, Джавахарлал Неру, Индира Ганди, Иран шахы  Пехлеви, Америка генералы Джордж Маршалл, египеттік Насер, Ауғанстан әмірі Мұхаммед Дауд, Эфиопия императоры Селассие, сириялық Куатли, Камбоджа ханзадасы Сианку... Солай кете береді. Алайда тағы бір жоғары мәртебелі қонақ жөнінде тоқтала кетейін. Мәскеуге Мао Цзэдун келді. Оған қандай құрмет көрсету керек. Басшылар Маоға революциялық тақырыптағы «Красный макты» көрсетуді ұйғарған. Сол күні Уланова биледі. Бірақ Мао спектакльді көруге келмеген. Бәлкім Уланованың ойнағанын ұнатпайтын шығар деп, екінші күні Лепешинская сахнаға шыққан. Мао тағы келмепті. Кенеттен маған Лавровский телефон шалып: «Ертеңгі демалысың өзгертіледі. Сен Мао үшін «Лебединое озерода» ойнайсың. Ұятқа қалдырушы болма», − деді. Бұл 1950 жылдың 13 ақпаны болатын. Балет ғимараты күзетшілерге толып кетті. Біздің басшылар оны Сталиннің өзі бастап келеді деп ойлаған. Қауіпсіздік қызметкерлері қадағалауды барынша күшейтті. Спектакль болатын күннен бұрын  түн ішінде кіруге рұқсат берілетін ерекше белгі баспаханада басылған. Бақылаушылар балет ғимаратының кіре берісінен бастап, лифтіге енер алдында кеудеңдегі сол рұқсат белгісін көріп жібереді. Балетке Сталин келмеді. Ал екі бетінде қан ойнаған Мао көсемдер лоджиясында отырды. Мен сахнаға шығар алдында да қауіпсіздік қызметкерлері тұла бойымды тінтіп шықты. Әлгі асынған белгіммен сахнада «Лебединое озероны» билеумен болдым. Ойым сан-саққа жүгіруде. «Кенеттен би қимылдарын жасап жүргенімде мойнымдағы белгі түсіп қалса, қапталдағы лоджияда отырған «ворошилов атқыштары» оны жарылғыш затқа балап, маған оқ жаудырса ше?..». Спектакль соңында ерекше әсерге бөленген Мао маған себет толы ақ гүлді сыйға жіберді. Ал оның алдыңғы спектакльдерге неге бармағанын кейін білдік. «Красный мак» қытайлар үшін нашақорлық символы екен. Соған қарағанда алаулаған қызылдың бәрі революциялық болмаса керек.

***

1948 жылдың 8 сәуірінде Үлкен театрда «Шопениана» жүріп жатты. Балетті Семенов қойды. Мен мазуркаға билеп жүрмін. Спектакльдің соңына таман күтпеген жерден Семенов маған қатты соқтықты. Еденге сұлап  түстім. Қатты аурудан тұра алсамшы. Бишілер мені шыр айналып билеуде. Оң аяғым ауырғанда жан шыдатар емес. Тобығым тайып кеткен секілді. Бір минуттан соң шымылдық жабылды. Сол бір минут таусылмайтын уақыттай көрінген. Мені Голубин мен Руденко дайындалатын бөлмеге көтеріп алып барды. Тіземнің көгеріп, ісіп кеткені соншалық, қарауға қорықтым. Ол кезде театрда дәрігер болмайтын. Үйге алып келді. Бұл тіземде хореографиялық училищеде оқып жүрген кезімде кінарат бар еді. Сол кезде атақты профессор Бом көріп, басын шайқап: «Қызым, саған кәсібіңді өзгертуге тура келеді. Енді сен балет бишісі бола алмайсың. Мына тізең түзетуге келмейді», − деді. Өмірімнің бар мәні балетте емес пе?! Бар жан-тәніммен сүйген балетті қалай тастай аламын? Сол азаптан массаж жасаушы Никита Григорьевич Шум құтқарды. Ол спортшыларды емдейді екен. Біреулердің кеңесімен соған бардым. Ол тіземді ұстап тұрып: «Маған екі апта бойына келіп, екі-үш сағат уақытыңды бөлесің. Содан соң тізең қалыпқа келіп, қайта билейтін боласың», − деді. Екі аптадан соң аурудан жазылдым. Жасаған емі үшін ақша ұсынып едім ол: «Ақша өзіңе керек болады. Маған футболшылардың бергені жетеді. Ал өз табысым өмір сүруіме, шылым шегуіме жетеді», − деді. Шум кейін Үлкен театрға ауысты. Артистер оны әулиедей көретін. Сахна сыртынан оның алып денесін көрсек болды, ештеңеден қорықпай сахнада барымызды салып билеуші едік. Тіземнен жарақат алған күні Шум Мәскеуде болған жоқ. Футбол командаларының бірі сөзі жерде қалмайтын партиялық қамқоршысының арқасында театр директорымен келісіп, оны өздерімен бірге өте маңызды кездесуге алып кетіпті. Шумнан басқаға сенбеймін. Жарақатым жанымды қанша қинаса да оны күтуіме тура келді.

***

1949 жыл. 21 желтоқсан Сталиннің туған күні. Көркемдік жетекші Шашкин өзінің кеңсесіне шұғыл шақыртты. «Саған үлкен сенім артқалы отырмыз. Коллегияның шешімімен 22 желтоқсан күні Кремль сарайында болатын концертке қатысу бақытына ие болдың. «Дон Кихоттан» әуеде қалықтай секіретін тұстарын орындайсың», − деді. Содан көп сағатқа созылған әуре-сарсаң басталсын. Таңертеңнен консерваторияға жиналдық. Комиссия, коллегия және НКВД-нің қызметкерлері осында. Артистердің жеке істерімен танысып, түр бастарына зер салуда. Сахнада орындайтын өнеріңді жүз рет қайталатып, дайындықтан өткізуде. Сахнадағы өнерім бар-жоғы қырық секундқа созылады. Комиссия мүшелері дайындығымды көріп, көңілі толғандарын айтты. Бірақ қандай түсті киіммен шығуым керек. Сол біраз уақыт таласқа түсті. Қызыл түс революция символы болған соң ақыры соған бәтуаласты. Шашымның сәндік түрінің өзін неше мәрте өзгертуге тура келді. Кремльдегі концерт кешкі сағат 7-де басталады. Бізді сағат түскі 12-де Үлкен театрға алып келіп, тағы да дайындықтан өткізді. Театрда бетімізге опа-далап жағып, түрімізді ретке келтірдік. Балеттік жеңіл  киім киюімізді талап етті. Біз күннің суықтығын айтып көріп едік, уәжімізді құлақтарына да ілген жоқ. Бір жақ шекеме қағаздан жасалған қызыл гүл тақты. Мұнда біздің театрдан басқа Моисеевтің ансамбль әншілері, Әзірбайжаннан Бюль-Бюльоглы, Өзбекстаннан Тамара ханум бар еді. Кремльдің кіреберісінде бізді тағы да ұзақ уақыт тексеруден өткізді. Үстіміздегі киімдерімізді тінтіп, сөмкелерімізді ақтарды. Ноталар жазылған қағаздардың өзін сапырылыстыра қарады. Қауіпті ештеңе таппаған соң ғана Кремльдің Георгиевск  залына кіргізді. Концертті Балакшеев жүргізді. Кезегім жақындаған сәтте балеттік аяқ киімімді сүртіп тазаладым. Ирина Михайловна Головина жаныма келіп: «Майя, барыңды салып биле», − деді. Сол кезде сахна есігі ашылып, ортаға жүгіре шықтым. Көз қарықтыратын жарық. Алтындалған залдың қабырғалары жарқырап тұр. Алдыңғы қатардағы орындықтарда үстіне ашық түсті киім киген Сталин мен мол денелі Мао отыр екен. Рояльдың музыкалық ырғағымен билей жөнелдім. Іштей қорқынышым бар. «Мына жылтыраған еденде ғайыптан аяғым тайып, құлап қалмасам игі еді». Оларға тағы бір рет көзім түсіп кеткенде Сталин Маоға жүзін бұрып, әлденелер айтып жатты. Бидің орта тұсында әуеде екі рет қалқи секіріп аяқтадым-ау, әйтеуір. Таңертеңнен нәр татпағандықтан ба, әбден шаршап-шалдыққанымды сонда ғана байқадым. Ертеңгі газеттерде ТАСС-тың Кремльдегі мерекелік концерт жөніндегі қысқа хабары жарияланды. Бірнеше артистердің аттары аталыныпты. Солардың арасында мен де бар екенмін. Бұл – үлкен жеңіс. Енді болашағым үшін батыл күресуге болады.

***

1978 жылы Аргентинаға гастрөлдік сапармен баратын болдым. Бұл елде жақын күндердің бірінде футболдан әлем чемпионаты басталмақ. Аргентинада бұрын  бір рет болғанмын. Чемпионатты ұйымдастырушылар алдын ала келісім бойынша  алғашқы матчта допты қақпаға символдық ретінде маған тепкізетіндерін айтқан. Қуана келіскен едім. Ұшуға үш күн қалғанда жолға жиналуға кірістім. Алайда түнде күтпеген жерден жан шыдатпас ауруға тап болдым. Тістерім еріксіз сақылдап, тұла бойым селкілдеп кетті. Өмірлік жолдасым Родион Щедрин «Жедел жәрдем» шақыртты. Дәрігер бірнеше рет ине шаншып, дәрі екті. Мұндайда жолға шығу туралы сөз қайдан болсын. Білікті маман дәрігер қажет. Щедрин жан-жаққа қоңырау шалуда. Жуырда ғана арқаның жүйке ауруынан жазылған Катя Максимова оған Владимир Иванович Пучковтың телефон номерін берді. Щедрин телефонмен келісіп, оны үйге алып келді. Ол: «Екі күннен соң жолға шығатын боласыз», − деп ем-домын жасады. Оның емінен кейін ауруым басылғандай болды да,  мен алыс сапарға аттандым. Парижге дейінгі төрт сағат ұшу барысында ауру қайта қозғандай  болып, күні бойына елшіміз Н.Афанасьевтің пәтерінде жаттым. Қас қарайған кезде әлі де әлсіз мені аэропортқа жеткізіп, Аргентина авиакомпаниясының ұшағына отырғызды. Буэнос-Айреске дейінгі жиырма сағатқа созылған әуе жолы мені әбден қажытты. Тістерім тағы да сақылдай бастады. Қарсы алушылар түрімді көріп шошып қалды. «Қандай чемпионат!.. Қандай би!.. − Импресарио Давид Цвелик өз шашын өзі жұлып, жан дауысы шықты − Бәрі де бітті!»  Өйткені сатылған коцерттік билеттері күйіп кетті ғой.

Мен «Эсмеральдо» қонақүйінде жатып, теледидардан  чемпионаттың басталған сәтін көрдім. Ауру есімнен тандыра жаздады. Жергілікті дәрігер Душацкий жамбасыма ине шаншып, ащы дәрілерін екті. Аурудан қиналғаным соншалық, қонақүйді басыма көтере жан даусым шығуда. Щедрин Мельбурнға телефон шалды. Онда аты аңызға айналған хиропрактик Френк Фостер тұрады. Ол 1970 жылы Австралиядағы гастрөлдік сапарымда науқастанғанда аяғымнан тік тұрғызған еді. Ол Аргентинаға тез жетуге уәде беріп, өз қаражатына қымбат авиабилетін сатып алды. Жер бетінде осындай қайырымды  адамдар бар ғой. Френктың емі маған қонды, жоспарланған соңғы екі спектакльде биледім. Импресарио өзінің қаржылық жағдайын түзету үшін ақпарат құралдарына аурудан жазылғанымды хабарлай келіп, Колон театрында екі күн билейтінімді жеткізіпті. Кім билетін кассаға өткізбесе, кіруге жарайтынын да ескерткен. Сол күні-ақ журналистер дайындық залына келіп, жай-күйім туралы өздерінің ақпарат құралдарына хабар таратып жатты. Френк Фостер соңғы рет бассейнге алып барып, суда біраз жаттығулар жасатты да, асығыс Австралияға ұшып кетті. Спектакль қоятын күн де жетті. Науқасым әлі де сыр беріп, жайсызданып тұрсам да өзімді сабырлы ұстауға тырыстым. Келіскеніме іштей өкінішім де бар. Театрдың арнайы бөлмесінде бетіме опа-далап жағып, денемді қыздырдым. Әуелгіде бәрі де ойдағыдай көрінді. Кешті ашатын Айседораның хитонын кидім. Тап сахнаға шыға берісте кенеттен соққан аурудан есімнен танып, еденге құлап бара жатқанымды сездім. Лезде есімді жиып, тұруға әрекеттендім. Оң тізем ұйып, ештеңені сезбейтін секілді. Құдайым-ай, қандай азап еді! Театр директорының  қабағы түнерген бір қызметкері сахнаға шығып: «Спектакль кейінге шегеріледі. Плисецкаяны «Жедел жәрдем» госпитальға алып кетті», − деп хабарлады. Залдан өкініш білдірген дауыстарды құлағым шалып қалды. Әупіріммен Мәскеуге жеткен бойда Пучковтың ауруханасында бір ай бойына емделдім.

***

Мен балетке «Лебединое озеромен» келдім. Үлкен театрда оның үш нұсқасында да биледім. Балет бүкіл өмірімнің мәніне айналды. Мен отыз жылдық балет өнерімде оны сегіз жүзден астам рет биледім. «Лебединое озерамен» қай елде, қай қалада болмадым десеңші. КСРО республикаларының барлық астаналарынан басқа,  әлемнің Нью-Йорк,  Париж, Буэнос-Айрес, Ленинград, Харьков, Хельсинки, Лондон, Милан, Вашингтон, Рим, София, Токио, Ванкувер, Мюнхен, Монреаль, Кельн, Варшава, Лос-Анджелес, Сидней, Мельбурн, Филадельфия, Будапешт, Чикаго, Торонто, Осака, Бухарест, Лима, Пекин қалаларында өнер көрсеттім. Көптеген қалаларда менің мектебім қалыптасты.

 

                

Соңғы жаңалықтар