«Бәйтерек» мәселесін шешу Ресейдің ұстанымына тіреліп тұр

«Бәйтерек» мәселесін шешу Ресейдің ұстанымына тіреліп тұр

«Бәйтерек»  мәселесін шешу Ресейдің ұстанымына тіреліп тұр
ашық дереккөзі
277

Сейсенбі күні ҚР Парламенті Сенатының коми­тет отырысында 2004 жылы Қазақстан мен Ресей үкіметі қол қойған «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы» рати­фи­ка­циялайтын заң жоба­сы тал­қыланды. Осының нәти­жесінде, «Бәйтерек» ғарыш ке­ше­нінің мәселесі жақын арада шешімін табуы бек мүмкін.

2004 жылғы екі елдің Үкіметі арасындағы келісім бойынша Ресей қауіпсіз «Ангара» зымыранын жасауды, ал Қазақстан зымырандарды ұшыруға әзірлейтін техникалық кешенді және зымыранды ұшыратын старт кешенін салуға міндеттенген. «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешені жобасын құрарда, Қазақстан техникалық тәуелсіздікке, экологиялық таза зымыран тасығыш «Ангараға» қол жеткізуді көздеген еді. Алайда Сенаттағы комитет отырысында Аэроғарыш комитеті төрағасының міндетін атқарушы Мейірбек Молдабеков әзірге «Бәйтерек» зымыран кешенін құрудың кешеуілдеп жатқандығын мәлімдеді. Аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін Қазақстан тарапынан 19 жылдық мерзімге 223 миллион АҚШ доллары көлемінде бюджетті несие берілген. «Келісімнің шарттары бойынша Ресей тарапы «Ангара» ғарыштық зымыранының ұшыру сынауларын «Плесецк» ғарыш айлағында қамтамасыз етуді міндетке алған болатын. Осы сынаулар 2014 жылғы желтоқсан айында ғана ойдағыдай жүргізілді. Осының салдарынан жобаны іске асыру созылып, «Бәйтерек» кешені құрылмады. Ал несиені қайтарудың мерзімдері басталды», – деді Мейірбек Молдабеков. Несие шарты бойынша, 5 жыл ішінде бұл сыйақы қайтарылуы тиіс. Ал биыл аталған мерзім аяқталғанымен, кәсіпорын бөлінген қаржыны қайтара алмай отыр. Сол себепті, Аэроғарыш комитеті сенаторлардан несие мерзімін ұзартуды сұрады. «Бәйтерек» ғарыш кешенінің маңыздылығын ескере отырып, несиені қайтару мерзімін 2019 жылға дейін ұзарту қажеттігі айтылды. Ақшаны қайтару мерзімін ұзартуға байланысты ұсыныс халықаралық қатынастар және қорғаныс пен қауіпсіздік комитетінен қолдау тауып, Сенат отырысына қарауға жіберілді. – Егер бұл заң қабылданбаса, ол қазір барлық қаржысын қайтарып, өзі банкрот болып жабылу керек. Кәсіпорын жабылып қалмауы үшін, оған әрі қарай жұмыс істеуге, сол арқылы жобаны жалғастыруға мүмкіндік беру үшін несие беру уақытын ұзартсақ. Онда жұмыстар бұрынғы қарқынмен ары қарай жалғаса береді, – деді Аэроғарыш комитеті төрағасының міндетін атқарушы Мейірбек Молдабеков.

Қазақстан мен Ресей бірлесіп ашқан «Бәйтерек» кәсіпорнын іске қосу үшін негізгі екі мәселенің шешімін табу қажет. Әуелі, аталмыш зымыран кешенін құруға 780 миллион теңге керек. Аэроғарыш комитеті өкілінің айтуынша, бастапқыда бөлінген 223 миллион долларға Қазақстан «Байқоңыр» ғарыш айлағында «зымырандарды ұшуға дайындайтын жаңа техникалық кешен» мен «жаңа зымыран ұшыратын кешенді» салмақ болған. Бірақ кейін бұл қаражаттың жеткіліксіз болатыны анықталыпты.

Екіншіден, Ресейдің бұл жобаға деген көзқарасын өзгерту қажет екен. Өйткені Ресей тарапы өз ұстанымдарын әлі нақты айтпаған және бұл кешенді іске қосуға асығар емес. Оның үстіне, Ресей қазір «Байқоңырды» ауыстыру үшін Қиыр Шығыста «Восточный» ғарыш айлағын тұрғызып, «Ангараны» сонда пайдаланбақ. Осыған орай, Сенат депутаттары Ресей тарапы «Бәйтерекке» «Ангара» ғарыштық зымыранын беруден бас тартса, жағдайдың қалай боларын анықтап сұрады. Сенаторлардың бұл сауалына Аэроғарыш комитеті төрағасының міндетін атқарушы М.Молдабеков былай деп жауап берді: «Ресей ғарышқа тәуелсіз шығуға қол жеткізгісі келеді. Себебі «Байқоңыр» ғарыш айлағын пайдалану кезінде алдан кедергілер шығады: экологиялық түйткілдер туындайды, зымыран ұшыру уақыты бойынша Қазақстанның келісімін алуға тура келеді. Алайда экономикалық тұрғыдан келгенде, «Восточныйдан» гөрі, «Байқоңырдың» өзінде жаңа ұшыру кешенін салу әлдеқайда тиімді. Біріншіден, «Байқоңыр» – жаһандық бренд. Екіншіден, оның дамыған инфрақұрылымы бар». Егер Ресей алдағы бес жыл ішінде «Восточный» ғарыш айлағын салып бітірсе, барлық федералдық-үкіметтік ұшыруларын жаңа космодромдарына көшіреді. Бірақ коммерциялық ұшыруларға олардың еш қа­тысы жоқ. «Байқоңыр» ғарыш айлағымен ұзақ жылдардан бері жұмыс жасап келген тапсырыс берушілер бар. Ал олар үшін бұл ынтымақтастықты жалғастыру маңызды. Сондықтан, елімізде «Протонның» орнына «Ангара» ұшыратын кешенді салып үлгерген жөн. Мейірбек Молдабековтің келтірген деректеріне сүйенсек, «Байқоңырдан» ұшырылатын 20 зымыранның жартысы федералдық, қалғаны коммерциялық. Яғни, «Бәйтерек» ғарыш кешенінің үлесінде 10 зымыран ұшыруды қалдыруға мүмкіндік бар.

2004 жылдан бері бөлінген 223 миллион доллардың 83 миллион доллары техникалық-экономикалық жобалауға, өзге де техникалық негіздеме материалдарына жұмсалған. «Егер ол жоба жабылып қалатын болса, 82 миллион доллар игерілмей қалады деген сөз. Басында Үкіметаралық келісім жасалған кезде, кемшіліктер жіберілген. Келісімде Ресей тарапы егер өзінің міндетін толық атқармаған жағдайда оған қарсы белгілі бір санкциялық шаралар да қарастырылмаған. Осы қателік келісімшарттың ең әлсіз тұсы», – деді Мейірбек Молдабеков мырза. Яғни, «Бәйтерек» жобасына жұмсалған қаржыны Қазақстанға ешкім де қайтармайды. Тіпті, жоба жүзеге аспаса, оған да ешкім жауап бермейді деген сөз.

Десек те, Ресей бұл жобаны жүзеге асырудан бас тартатын болса, Қазақстан ұзақ уақыт бойы аталмыш жобаға қызығушылық танытып жүрген Украина немесе Франция тарапымен жұмысты бастауға әзір. «Бәйтерек» жобасы қолға алынса, «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Протон» зымыран тасығышын ұшыру тоқтатылып, экологиялық тұрғыдан зияндылығы аз «Ангара» зымыран тасығышы қолданылуы тиіс. Ал өзге әріптестермен жұмыс істейтін болса, «Бәйтеректен» «Ангарадан» өзге зымыран тасығышын ұшыру мәселесі талқыланады. Қалай айтсақ та, «Бәйтерек» ғарыш кешенінің іске қосылуы Ресей тарапына байланысты болып тұр. Қазір Мәскеуде қазақстандық сарапшылар «Бәйтерек» кешені бойынша келіссөздер өткізуде. Оның нәтижесін де күтуге тура келеді. Себебі «Бәйтерек» кешенінің болашағы бойынша Қазақстан мен Ресей Үкіметінің өкілдері «Байқоңырда» бас қосады. Дәл осы күні «Байқоңыр» ғарыш айлағының 60 жылдығы аталып өтілмек.

Серіктес жаңалықтары