Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Президенті: Жұмыспен қамту – мемлекеттің басты міндеті

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Президенті: Жұмыспен қамту – мемлекеттің басты міндеті

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Президенті:  Жұмыспен қамту – мемлекеттің басты міндеті
ашық дереккөзі
240

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевты қабылдады. Берілген  тапсырмалардың орындалуы, әлеуметтік саладағы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы барысы туралы вице-премьердің есебін тыңдаған Елбасы алдағы кезеңде Үкіметке жүктелер мақсат-міндеттерді  айқындап берді.

ҚР Президенті, ең алдымен, азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселесіне тоқталды. Еңбек етуге қабілеті бар ел тұрғындарын жұмыспен толық қамту үшін мемлекет барлық күш-жігерін жұмсап отырғанын айтты:

– Бизнес пен «Жұмыспен қамтудың жол картасын» және «Нұрлы жолды» қоса алғанда, барлық бағдарламалар тұрғын­дарды жұмыспен қам­тамасыз етуге бағытталған, бұл мемлекеттің алдында тұрған басты міндеттің бірі болып саналады. Бұл орайда, өңірдегі халық жергілікті биліктің осы бағытта қабылдап жатқан шаралары туралы хабардар болуы керек. Әкімдіктер кәсіпорындардың кадрға деген қажеттілігін қадағалап, кәсіпкерлік субьектілерінің ашылуына, қосымша өндірістердің іске қосылуына ықпал еткені жөн. Ірі кәсіпорындар жаңа технологияларды, инновацияларды енгізу есебінен жұмыс орындарын қысқартуда. Мұндай жағдайда қызмет көрсету саласы, шағын және орта бизнес жұмыс беруші рөлін атқаруы тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы еліміздегі білім беру саласында туындап отырған түйткілдерді еңсеру туралы ойларын да ортаға салды. Нұрсұлтан Назарбаев, әсіресе, бүлдіршіндерді балабақшамен қамтуға бағытталған шараларға айрық­ша назар аударды. Бердібек Сапарбаевқа нақты нұсқаулар беріп, 2020 жылға дейін балаларды мектепке дейінгі мекемелермен толық қамтуды, апаттық жағдайдағы және үш ауысымдық мектептерді жоюды, кадр даярлауды отандық экономика мен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруды ескере отырып, келісім негізінде жүргізуді тапсырды.

Ғылымның мемлекет дамуындағы рөлі жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан Қазақстан Президенті жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттары мен өндірістік кәсіпорындардың негізінде ғылыми-өндірістік кешендер құрудың маңыздылығын атап өтті.

Басқосу барысында Нұрсұлтан Назарбаев бес институционалдық реформаның мән-маңызына тоқта­лып, оны жүзеге асырудың «100 қадамы» көрсетілген «Ұлт жоспарын» сапалы орындау қажеттігін айтты.

Премьер-министрдің орынбасары Үкіметтің жұмыспен қамтуға белсенді жәрдем ету шаралары 2015 жылы 320 мың адамды немесе жұмыссыздар мен өнімсіз жұмыспен қам­тылғандардың 25 пайызын қамтитынын атап өтті. Еңбекпен қамту саласындағы ахуалдың өзгеруіне дер кезінде ықпал ету үшін былтырдан бері жағдайы мүшкіл 199 кәсіпорынды күн са­йын мониторингілеу жүргізіліп отыр. Сонымен қатар, ақпан айында бүкіл республика бойынша өңір әкімдері мен жұмыс берушілер арасында жұмысшыларды жұмыстан босату жайттарын болдырмау мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар жасала бастады. Бүгінгі күнге дейін 46 мыңнан астам меморандумға қол қойылды, соның ішінде 1,6 мыңы – ірі кәсіпорындармен, 44,8 мыңы – жұмысшыларының жалпы саны 2,1 миллион адам болатын орта және шағын кәсіпорындармен меморандум жасалған. Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, аталған шаралар еліміздегі жұмыссыздық деңгейін 5,2 пайыз шамасында ұстап тұруға мүмкіндік бермек.

Вице-премьер денсаулық сақтау жүйесін ілгерілетуге бағытталған шаралардың жай-жапсарына да тоқталды. Алдағы бес жылда медицинаны дамытудың басты бағыттары осы саланың қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету, бастапқы медициналық-санитарлық жәрдемді жетілдіру, аурулар түрлерімен жұмыс жүргізу бағдарламасын енгізу және ұзақмерзімді жоспарлау негізінде саланың кадрлық әлеуетін нығайту болмақ.

Басқосу қорытындысы бойынша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бердібек Сапарбаевқа бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Серіктес жаңалықтары