626
Түрік журналы Шерағаңа арналды
Түрік журналы Шерағаңа арналды
Қазақстан Республикасының «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасы және Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы аясында Түркияда ай сайын шығатын «Кардеш Калемлер» (Бауырлас қаламдар) атты әдеби журналдың жаңа саны Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның шығармашылығына арналды.
Шерағаң – ұлттық тұлға. Қазақ елінің қамын ойлап, қарақан басын отқа да, суға да салған көзсіз ер. Ол ел мен жердің қасіретін саяси биік мінбелерден қасқайып тұрып айтып қана қойған жоқ, бүгінгі және ертеңгі ұрпақ ойлансын, ұмытпасын деп қолына қалам алды.
Батыр Бауыржан Момышұлының тәрбиесін көрген ағамыз өзі де бар қазаққа ұстаз бола білді. Оның редакторлық өмірі бір сала. Халық қалаулысы болып, елге де ерен еңбек сіңірді. Сондықтан адуынды қаламгердің шығармашылығына журналдың тұтас санын арнау – халық жазушысы Шерхан Мұртазаға, тіпті, жалпы қазаққа деген құрмет болса керек.
Журналға Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлының «Классик жазушы», Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуб Омароғлының «Анасына ескерткіш тұрғызған жазушы», жазушы Мархабат Байғұттың «Шыңдағы Шерағаң», жазушы Нұрғали Ораздың «Қазақтың ұлттық манифесті», журналист Талғат Сүйінбайдың «Шерағаңа сыр ақтарып қайтқанда...», түрік қаламгері Емруллах Өздемирдің «Түркіге ортақ туынды» атты мақалалары, Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» романы және «Қызыл Жебе» роман-эпопеясының үзінділері енді. Материалдарды түрік тіліне аударып, баспаға дайындаған жазушы Мәлік Отарбаев.
Айта кетейік, мемлекеттік және қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза биылғы жылы «Түркі әлемі әдебиетіне қосқан үлесі үшін» арнайы сыйлығымен марапатталған еді.
Сонымен қатар, қазақтың белгілі әдебиет сыншысы, көрнекті қаламгері Сағат Әшімбаевтың 70 жасқа толуына орай журналдың арнайы санына жазушы Ғаббас Қабышұлының «Асықпай жүрген емес» атты мақаласы түрік тілінде жарық көрді.
Динара Дүрмән