875
Сауд Арабиясы Иранды соғыс қимылдары үшін айыптады
Сауд Арабиясы Иранды соғыс қимылдары үшін айыптады
Сауд Арабиясы Йемендегі Хаути басқыншылар тобы тарапынан Эр-Риядқа қарсы атылған баллистикалық зымыранның артында Иран тұрғанына сенімді. Ол Тегеранның бұл әрекетін "соғыс қимылдарының көрінісі" деп тауып, Иран БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Йемендегі топтарға қару тасымалдауға тыйым салатын №2216 резолюциясын бұзды деп хабарлады. Бұл туралы Әл-Жазира ақпараттық агенттігіне сілтемемен qazaqtimes жазды.
Бүгін Сауд Арабиясының мемлекеттік SPA ақпараттық агенттігі арқылы жарияланған хабарламада" зымыран қалдықтарына жүргізілген зерттеулер оның Иранда дайындалғанын растағаны" айтылған.
Сондай-ақ, онда: "Иран Хаути басқыншыларына Сауд Арабиясының халқы мен ұлттық мүдделеріне қарсы қолдану мақсатында қару жеткізген", - делінген. Сауд Арабиясы бұл жағдайды бүкіл өңірге және әлемге қауіп төндіретін акт деп санап, Иран өзіне астыртын соғыс жариялап отырғанын мәлімдеді. Сауд Арабиясы Йемендегі Хаути белсенділері туралы ақпарат үшін ондаған миллион сыйақы тағайындап, топтың 40-қа жуық мүшелерін қолға түсірді. Баллистикалық зымыран ұшырылғаннан кейін бірнеше сағат өткен соң, Сауд Арабиясы күштері Сана өңірін бомбылады. Йеменде 2015 жылы басталған азаматтық соғысты сарапшылар Сауд Арабиясы мен Иран арасындағы "прокси-соғыс" деп атайды. Өйткені олардың әрқайсысы өңірдегі билігін күшейту үшін Йемендегі бір-біріне қарама-қайшы топтарды қолдап отыр. Жергілікті қақтығыстар нәтижесінен мұнда 10 мыңға жуық адам қаза тапқан.