Таңдайдан дәмі кетпес түйе еті

Таңдайдан дәмі кетпес түйе еті

Таңдайдан дәмі  кетпес түйе еті
ашық дереккөзі
3168
Бейресми ақпарат көздерінің дерегінше, әлемдегi 190 миллион бас ойсылқара тұқымының 190 мың басы Қазақстанға тиесілі. Десе де елімізде түйе етіне сұраныс аз. Көбіне-көп республиканың оңтүстік және батыс аймақтарының халқы ғана тұтынады. Түйе еті жеуге жарамды, сүті – шұбат, терісі мен өркеш майының денсаулыққа пайдасы ұшан-теңіз. Сондай-ақ, түйе етінен жасалған бұқтырылған ет консервісі мен шұжық дәмі таңдай қақтырарлық. Олай болса, түйе етінің өндірісін жандандырып, жаппай саудаға шығаруға не кедергі? Ет пен сүт өнімдеріне сұраныс күн санап артып келеді. 2015 жылдың қорытындысы бойынша республикада 903 мың тонна ет өндірілген. Бұл көрсеткіш ішкі қажеттіліктердің 85 пайызын өтейді, ал қалған ет өнімдері – бұқтырылған ет консервілері мен шұжықтар сырттан импортталады. Ауылшаруашылық министрлігінің статистикасына сүйенсек, Қазақстанда 417 мың тонна сиыр еті, 144 мың тонна қой еті, 102 мың тонна жылқы еті, 146 мың тонна құс еті, 95 мың тонна шошқа еті өндіріледі. Бұл көрсеткіштердің бірде-бірінде түйе еті есепке алынбаған. Республикалық ет одағының мәліметі бойынша, етті өте көп тұтынатын елдер бар. Мысалы Люксембург, АҚШ, Австралия, Жаңа Зеландия, Испания елдерінің әр тұрғыны жылына 120-130 келі еті жейді. Ал Қазақстанның әрбір тұрғыны жылына 63 келі ет пайдаланады. Осы еттің өзі толығымен елімізде өндірілмейді, Қазақстан импорттық өнімге мұқтаж. Осы орайда Аграрлық ұлттық университет ғалымдары түйе етінің еленбейтінін ылғи айтып жүр. Университетте жүргізілген ғылыми жұмыстардың нәтижесінде, түйе етінен бұқтырылған ет консервісін өндіру жобасы қолға алынған. Нақтырақ айтсақ, 2018 жылдан бастап елімізде тұңғыш рет түйе етінің консервілері жасалмақ. Қазақ ұлттық аграрлық университеті «Азық-түлік тауарларының технологиясы және қауіпсіздігі» кафедрасының оқытушысы Жұлдыз Сүлейменова түйе етінің сапасы және химиялық қоспалардың әсері тұрғысынан екі докторлық диссертация қорғалғанын айтты. «Осы ғылыми жұмыстардың нәтижесіне сүйене отырып, ет және ет консервілері өндірісіндегі түйе етінің өңдеу құрамын сақтау технологиясын енгізуді қолға алдық. Бұл жоба ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ғылым қоры» АҚ ұйымдастырған ғылыми және ғылыми-техникалық жұмыстың нәтижесінде коммерциялау байқауына қатысты. Университет жіберген жоба мақұлданып, «Күн-Нұры» ЖШС серіктес ретінде таңдалды. «Ғылым қоры» арқылы бюджеттен 151,3 миллион теңге, жеке серіктес – 7,5 миллион теңге бөлді», – дейді оқытушы. Екіжылдық жоба өнімінің дәмін келесі жылы татып көруге болады.  Жоба негізінде үш өнім дайындалмақ: түйе еті, түйе еті қосылған қарақұмық және күріш қосылған түрі. Өндірістің алғашқы жылы 600 мың дана консерві сатылымға шығарылмақ. Түйе консервісінің бағасы сиыр етінен бір жарым есе арзан болады. Ал құрамы мен құндылығы сиыр етімен парапар. «Түйе далада жайылатын мал. Еті таза, 2-3 жасар түйенің еті сапалы, амин қышқылдары мен ақуыз құрамы бойынша сиыр етімен бірдей. Сиыр етімен салыстырғанда түйе етінің бағасы екі есе арзан», – дейді Жұлдыз Сүлейменова. Ал өндіріске қажетті ет Алматы қаласы маңындағы «Дәулет-Бекет» фермерлік шаруашылығынан алынбақшы. Аталмыш шаруашылықта бес мыңнан астам түйе бар. Шаруа қожалығының басшылығы ерекше кәсіпорынға жылына 500 түйе беруге дайын. «Қазақстанда бұқтырылған түйе еті бірінші рет дайындалуда. Сауд Арабиясында мұндай кәсіпорын бар. Бірақ, біздің жаңалығымыз – етті тұтынушыларға арнайы қаптамалар мен консервілерде ұсыну. Өнімнің жарамдылық мерзімі – 24 ай», – деді жоба жетекшісі.

Сарбаздар түйе етінен дәм татады

Жаңа өнімге сұраныс та жоқ емес. Қазақстан қарулы күштері түйе консервілеріне қызығушылық танытып отыр. Өндірушілер әскерилер үшін қаптаманы арнайы жасыл түске бояпты. Қорғаныс министрлігінің ресми мәліметіне жүгінсек, күніне бір сарбазға 200 грамм сиыр еті мен 30 грамм тауық еті тиесілі. Еттің басқа түрі мәзірге енгізілмеген. Мәзірді тендерді жеңіп алған компания белгілейтінін ескерсек, мұндағы ет түрінің қайдан келетіні белгісіз. Кейбір отандық басылымдардың жазуынша, мұхиттың арғы бетінен әкелінген ет пайдаланылатын көрінеді. Кез келген елдің қарулы күштері қауіпсіздік үшін өз елінде жасалған, жергілікті мәзірдің асын тұтынуы тиіс. Ал әскери иттердің біркүндік мәзірінде 600 грамм жылқы еті немесе басқа да ет өнімдері бар. Ендеше сарбаздардың ас мәзіріне жылқы мен түйе етін неге енгізбеске? Негізі, түйе еті сиыр етінен екі есе арзан. Құндылығы еш кем емес. Түйе етінің кең қолданысқа енбеуінің бірнеше себебі бар: терісінің қаттылығы, жасына қарай еттің қаттылығы, ғылыми негізді зерттеулердің жоқтығы мен өңдеу режимінің жолға қойылмауы. Сонымен қатар, мал басының аздығы да аталған ет түрінің елеусіз қалуына ықпал етуде. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары түйе саны 1 миллион 125 мың басты құрап, қазіргі деңгейден 7 есе артық болған. Сол кездері Қазақстан бүкіл әлем бойынша алдыңғы қатарда еді. Тіпті 1986 жылы Қазақстанда бүкіл КСРО-ның 50 пайыздан астам түйесі шоғырланған екен. Жыл сайын 65 пайыздай түйе еті, дәл сондай түйе жүні мен шұбат өндірілген. Түйе шаруашылығының қазіргі жағдайына қарамастан еліміз бүгінде дүниежүзінде түйе өсіруден озық саналады.

Түйе – түлік төресі

Түйе еті Солтүстік Африка, Таяу Шығыс пен Орта Азия елдерінде күнделікті асқа пайдаланылады. Израильде түйе сүтінен қант қосылмаған йогурт пен балмұздақ жасалады. Астраханьда түйенің туралған еті – жеңсік ас. Ресейлік жәрмеңкелерде Астраханның ұлттық тағамы ретінде танылған. Ақпарат құралдарының жазуынша,  Ресейдегі өркешті жануардың 70 пайызы осы өңірде. Жергілікті дәстүрлі дәмге айналған өнімнен тұшпара, фрикаделька мен жартылай піскен өнімдер жасалып, өзге облыстарға жіберіледі екен. Түйе етінің өзге еттен өзгешелігі химиялық құрамында. Ойсылқара етінде ақуыз мөлшері көп, холестерин аз, ал май тіпті жоқ. Артық салмақтан арылғысы келетіндер дәл осы етті жеуі тиіс, өйткені оның құндылығы шошқа, жылқы, қой еттерінен анағұрлым төмен. Диетолог мамандардың айтуынша, диеталық маңызы жоғары. Қан құрамындағы қант пен холестеринді азайтып, жүрек қағысы мен қан қысымын реттейді. Жер бетінде тұрғындардың 60 пайызына ақуыз бен амин қышқылдары жетіспейді. Ал ақуыздың жетіспеушілігі физикалық және ақыл ес дамуына кедергі келтіреді, көптеген ауруға әкеп соқтырады. Химиялық құрамы мүйізді ірі қара мал етіне ұқсас және қуатты келеді. Түйе етінің қасиеті толық зерттеліп бола қойған жоқ. Дегенмен түйе етінің диеталық тағам, дертке дауа екені анық. Түйе етін өндіруге әдетте, 18-20 айлық тайлақ (енесінен айырылған бота), құнан атан пайдаланылады. Бұлардың етінен қазы айналдырылып, сапалы шұжықтар жасалынады. Таяуда «Оңтүстік Қазақстан» газеті аса өзекті мәселенің бірін көтерді. «Түйеқұс жеп жүрген қазақ түйенің етінен неге жерінеді?» атты мақалада автор қазақтардың түйе етінен жерініп бара жатқанын сынға алыпты. Газет тілшісі «Ем болады деп жылан жейді, иттің етін жейді, бірақ түйенің етіне жоламайды. Неге?» деп күйінеді. Республика аймақтарындағы түйенің біраз бөлігі оңтүстікте. Алайда оңтүстік халқы да түйе етін жеуден тартынады екен, ең сорақысы, мал шаруашылығын кәсіп еткендер сұраныстың жоқтығынан сиыр бағуға көшкен. «Келісі 1000 теңгеден аспайтын түйенің етін көбіне созақтықтар ғана жейді. Екіншіден, түйенің жүні де арзан. Үлек түйе 3-4 келі жүн берсе, ұрғашы қоспақ 7-8 келі, буралары 15 келіге дейін жүн береді. Бұдан үш-төрт жыл бұрын әжептәуір табыс әкелетін түйе жүні қазір күзеуге кеткен шығынды да өтемейді. Үшіншіден, түйе баяу көбейеді, екі жылда бір рет боталайды. Осындай ерекшеліктерінен болар, түйе шаруашылығында ілгерілеу жоқ», – деп жазады автор. Алматы қаласындағы «Арыстан» базарының ет павильонынан түйе етін сұрап көрдік. Ет сөрелерінен табылмады, есесіне алдын ала тапсырыс беру арқылы алдыруға болады. Халқымыз «Атаң жемеген асты, аузыңа алма» деген нақылды жиі айтады. Сөйте тұра жиі жарнамаланатын жеңсік асқа ұмтылғыш-ақ: саңырауқұлақ, түйеқұс еті мен жұмыртқасы, теңіз жәндіктерінің еті. Сол сияқты дәрігерлер жеуге кеңес беретін тропикалық елдерден жеткізілетін цитрус жемістерінің жергілікті халықтың денсаулығына пайдасы шамалы. Түптеп келгенде, академик Төрегелді Шарманов айтпақшы, әр адамға тұрғылықты жерінің асы ғана шипа болмақ.

Серіктес жаңалықтары