Әліпби ауыстыру – сананы өзгертуге талпыныс

Әліпби ауыстыру – сананы өзгертуге талпыныс

Әліпби ауыстыру –  сананы өзгертуге талпыныс
ашық дереккөзі
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында латын әліпбиіне көшу туралы бастамаға қозғау салған еді.  Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков пен Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Марат Тәжинді қабылдаған кездесуде латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің соңғы жобасы қызу талқыланып, қоғам тарапынан қолдау тапқанын атап өтті. – Латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің ұсынылған жобасын бекіту туралы Жарлық шығару қажет. Комиссия жұмысын аяқтады. Соңғы нұсқа жарияланды. Ғалымдар, тілтанушылар, саясаткерлер, жастар және Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері ортақ мәмілеге келді. Жалпы, қоғам қолдап отыр, – деді Қазақстан Президенті. Елбасы қазақ әліпбиін латын қарпіне кезең-кезеңімен және жүйелі түрде көшірудің маңыздылығына назар аударды. Сонымен қатар Елбасыға мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі жобаны іске асыру үшін құрылған жұмыс тобының атқарған қызметі туралы баяндалды. Осыған сәйкес, Үкімет қазақ тілінің латын графикасын енгізу бойынша жұмыс тобын құратынын мәлімдеді. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы:  «Ғалымдар бірнеше үлгідегі графиканы тиянақты талқыдан өткізді. Соның нәтижесінде көптеген ұсыныстар ескеріліп, апострофтар арқылы жасалған графикалық нұсқасы тиімді деп табылды. Ғалымдармен бас қосқан Президент латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің соңғы жобасы қызу талқыланып, қоғам тарапынан қолдау тапқанын атап өтіп, көп ұзамай қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Атап айтқанда, ел азаматтары, әсіресе, жастар күнделікті тәжірибеде латын графикасын белсенді түрде насихаттай бастады. Енді мемлекеттік тілдің жаңа әліпбиі кезең-кезеңмен енгізілетін болады. Бұл бағытта не жасалады? Бірінші кезекте, Үкімет тарапынан қазақ тілінің латын графикасын енгізу бойынша жұмыс тобы құрылады», – деді. Министрдің сөзіне қарағанда, орфографиялық-лингвистикалық комиссия да құрылады. Латын графикасы негізінде жаңа орфографиялық ережелер мен қазақ тілінің үлкен орфографиялық сөздігі жасалады. «Үшіншіден, нормативтік-құқықтық базаны сәйкестендіру қажет. Осыдан кейін оқу-әдістемелік, оқулық, көркем және басқа да қажетті әдебиеттерді әзірлеу мен басып шығаруға кірісе аламыз. Әрине, жаңа әліпбиді қоғамда әрі бұқаралық ақпарат құралдарында белсенді түрде алға жылжыту керек. Мұнымен қоса, жаңа қазақ әліпбиінің тілдік ортасын кеңейту үшін жаңа әліпбиді жарнама саласында қолдану жұмыстарын бастау қажет. Сонымен қатар арнайы оқытатын портал мен мәтіндерді автоматты түрде латын қарпіне аударудың конвертері құрылуы керек», – деп түсіндірді А.Мұхамедиұлы. Ал Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев латын графикасындағы қазақ тілі аралас және орыс тілді мектептерде пән ретінде ғана өтетінін айтты. Яғни, орыс мектептерінде қазақ тілі латын әліпбиімен оқытылады. «Қазіргі кезде министрлік нөлінші және бірінші сыныптарға үйретуді бастаймыз деп отыр. Содан кейін әр сынып кезең-кезеңімен көшеді. Оқушылар қазақ тілі пәнін латын әліпбиімен оқиды. Бұл орыс мектептеріне қатысты. Ал орыс тіліндегі пән болса, ол сол криллицада оқи береді. Бұл қазақ тілі пәні мен қазақ тілінде жүретін пәндерге қатысты», – деді министр. Демек, латын қарпіне көшу ісінде кері шегінерге жол жоқ. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов: «Әліпби – ол Тәуелсіздік алғалы бері көтерілген мәселе.Тамыздың аяғында әліпби турасында жұмыстар аяқталып, үш нұсқа қалды. Үш нұсқадан таңдалып, алдымен Парламентке диграфтық нұсқа ұсынылды. Ол нұсқаға байланысты көптеген сұрақтар болды. Одан кейінгі апостроф нұсқасы… Жалпы айтқанда, қоғамда «диграф нұсқасынан кейін іле-шала бір-екі айдан кейін әліпбидің апостроф нұсқасы дайын бола қалды. Әліпби соған байланысты шала болды» деген бір пікір бар. Ол пікір орынсыз», – дейді. Орталық директорының айтуынша, латын әліпбиін жасаудың үш әдісі бар. Біріншісі, диграфтық, екіншісі – апострофтық, үшіншісі – диалектикалық тұрғыда жасақтау. Бұл үшеуі – 2000 жылдардың басынан Қазақстанда айтылып келе жатқан нұсқалар. «Латын әліпбиінің қазіргі уақытта халықаралық деңгейде орныққан тәжірибелері бар. Біз бірінші болып қолға алып отырған жоқпыз. Әлемде 4 млрд 200 млн адам осы латын әліпбиін қолданады. Бүл әлем халқының 60 пайызға жуығы. Осыған келгенде әліпбидің үш үлгісі де жұмыс тобының ерекше назарында болды», – дейді ол. Әліпби ауыстыру – таңба ауыстыру емес. Бұл – түптеп келгенде сананы өзгертуге талпыныс. Сондықтан ұлттық жазуымызды өз еркімізге сай, бүгінгі графикалық қажеттіліктеріміз бен болашақтағы мүмкіндіктерімізді ескере отырып жасақтап алу – үлкен тарихи мүмкіндік.