271
Сенімді серіктестіктің ширек ғасыры
Сенімді серіктестіктің ширек ғасыры
Қазақстан егемендігін жариялағаннан бері барлық мемлекеттермен тығыз байланыс орнатып, достық қарым-қатынас қалыптастырды. Тәуелсіз ел атанғанына ширек ғасыр толған Қазақстанның дипломатиялық байланыс орнатқан елдерінің бірі – көршілес Ресей. Бүгінде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толып отыр.
Екі ел арасындағы достық һәм дипломатиялық байланыстың орнағанына 25 жыл толуына орай Мәскеу Мемлекеттік Халықаралық қатынастар институтында «Қазақстан-Ресей: дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Шараны Қазақстанның Ресейдегі елшілігі ұйымдастырды. Конференция жұмысына Ресей Президенті әкімшілігінің өкілдері, екі елдің дипломаттары, сарапшылары мен журналистері қатысты. Қатысушылар Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастыққа жол ашатын сан түрлі факторлар бар екенін атап айтты. Сондай-ақ, конференцияда екі елдің халықаралық мәселелерге көзқарастарының ұқсас екендігі де сөз болды. Ширек ғасыр ішінде Қазақстан мен Ресей арасында 300-ге жуық екіжақты келісім жасалды, олардың арасында екі ел арасындағы стратегиялық ықпалдастықты нығайта түсуге негіз салған құжаттар да жетерлік.
Екі мемлекет әрқашан сенімді серіктес, стратегиялық одақтас, халықаралық аренада да ресми Астана мен Мәскеу үнемі бір-біріне қолдау білдіріп, көп мәселеде ортақ ұстанымда келеді. Қазақстан мен Ресейдің ширек ғасырдағы қарым-қатынасына баға берген мамандар қос тараптың байланыстарын екіжақты әріптестіктің озық үлгісіне балады.
Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыс жөнінде бірқатар ресейлік танымал сарапшылардың пікірлерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Аркадий Дубнов, саясаттанушы, Орталық Азия бойынша сарапшы:
– Кәсіби сарапшылар және дипломаттармен бірге конференцияға қатысуға мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Өзім сарапшы маман болғандықтан, мерейлі датамен құттықтағаннан гөрі екі ел арасындағы өзара байланысты түсіну үшін маңызды саналатын проблемалық сәттерге тоқталғанды жөн көріп отырмын.
Орталық Азия мәселелерімен 90-жылдардың басында айналыса бастадым. Бұған түрткі болған – Тәжікстандағы азаматтық соғыс және Ауғанстандағы моджахед пен талибтер арасындағы қантөгіс.
Содан бері 25 жыл өтті. Бірақ аталған елдерде бұрынғы оқиғалар қайта орын алды: Тәжікстанның тағы да тынышы кетті, ал Ауғанстанда моджахедтер мен талибтердің екінші ұрпағы бір-бірімен қырылысуда.
Ал 25 жыл бұрын КСРО құлаған сәтте Одақтың қауіпсіздік құрылымына байланған бүкіл аумақтың тыныштығы бұзылған. Оның үстіне, ол кезде серіктестік болмады. Ал бүгін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Еуразиялық Экономикалық Одақ, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы бар. Аталған ұйымдардың негізі Ресей мен Қазақстан арасындағы байланыс екеніне күмән жоқ. Бұл ретте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарған рөлі ерекше. Нұрсұлтан Назарбаев ширек ғасыр бұрын тәжіктер арасындағы соғыстың аймақтық дүрбелеңге айналмауына септігін тигізген тұлға екенін атап айтқан жөн. Осыдан кейін 1992 жылы Ташкентте ТМД елдерінің ұжымдық қауіпсіздік шартына қол қойылды.
Еуразиялық кеңістікте одақтасу Мәскеу мен Астана арасындағы байланысқа тікелей байланысты. Бұл фактор қазіргі таңда толық іске қосылды ма? Егер қосылмаса, мұның себебі неде?
Мен бұл ретте трендтер арасындағы тағы бір қарама-қайшылықты көріп тұрмын. Еуразиялық экономикалық одаққа Қырғызстан мен Арменияны қосып, одақты соншалықты жылдам кеңейту кімге қажет болды? Бұл істің қозғаушысы Ресей болғанына ешкім де таласа алмайды. Ресей Януковичтің Еуропалық одақпен келісім ассоциациясына қол қоюына Украинаның қаншалықты дайын екендігіне жауап бергенде, өзінің Еуропадағы геосаяси және экономикалық мүддесін ойлады. Сөйтіп, Армения да осындай қадамға бармауы үшін ұстап қалуға тырысты.
Армения елінің Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуы Астана үшін таңданыс тудырған жоқ. Оның үстіне, бұл мәселеде Мәскеу Астанамен ақылдаспаған сыңайлы. Ал Қырғызстанның одаққа қосылуы басқаша орын алғанымен, бұл да Астана үшін жағымды жаңалық болмады.
Бұл процестті жылдамдатудың мақсаты бүкіл Еуразиялық кеңістіктің Қытаймен шекарасын белгілеу болғандығы ақылға қонымды.
Бірақ бұл қадамға Қазақстан дайын ба еді? Астананың көршісін қабылдауды күте тұрудан қашпайтыны рас емес пе? Қазақстан мен Қырғызстанның қарым-қатынасындағы қазіргі қалыптасқан түсініспеушіліктер жайбарақаттықтың орын алғандығын дәлелдей ме?
Тәуелсіз сарапшы ретінде мен қазіргі ахуалды саралай отырып, біздің елдер арасындағы өзара құрмет пен сенім, адами жақындық, ортақ тарих болашақта пайда болатын мәселелердің шешімін табуға мүмкіндік беретінін айтқым келеді.
Андрей Казанцев, саяси ғылымдардың докторы:
- Ресей мен Қазақстан – бұрыннан бері келе жатқан сенімді серіктестер. Бұл серіктестіктің өлшемі көп. Екіжақты қарым-қатынаспен қатар олар түрлі ұйымдар арқылы байланысады. Қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасының түйіндесуі үлкен әлеуетті мүмкіндік туындатып отыр.
- Қазақстан әлеуметтік-экономикалық табыстарға қол жеткізді. Ішкі жалпы өнім көлемі бойынша Беларусь пен Украинаны қуып жетті. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемі бойынша Ресеймен теңесті (кейде асып түсті). Қазақстандағы табысты реформаның басты көрсеткіші посткеңестік елдер арасында шетелдік инвестиция тарту бойынша көш басында тұрғандығы деп айтуға әбден болады. Астанадағы халықаралық қаржы орталығының қалыптасуына да ерекше назар салу қажет. Астана қаржы орталығы кейбір халықаралық рейтингтер бойынша Мәскеудің алдына шығып кетті. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше өзге елдер үшін «реформа полигонына» айналды. Сондықтан одаққа мүше өзге мемлекеттер Қазақстанның реформа жасау тәжірибесінен үйренері көп.
- Ресей-Қазақстан байланысындағы адами өлшемдерді АҚШ пен Канада арасындағы қатынаспен салыстыруға болады. Айтарлықтай ортақ шекара бар. Өзара үлкен миграциялық ағын бар. Студенттер алмасу бар.
- Көпвекторлық ішкі саясат шеңберінде Қазақстан Ресей-Түркия арасындағы жанжалда, Астана процесінде сәтті қадам жасады. Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік ұйымына тұрақты емес мүше болуына байланысты террорлық қауіппен, әсіресе Ауғанстан мен Орталық Азиядағы лаңкестік әрекеттермен күрес жүргізуде өзара байланыс орнатудың жаңа көкжиегі ашылды.
- Ғылыми және эксперттік диалогтың қарқындылығын арттыру қажет. Бұл Қазақстан Президентінің рухани жаңғыру бастамасына сай келеді. Мұндай диалог еуразиялану идеясы мен рухани жаңғыруға мүмкіндік береді.