Көші-қон туралы заң қашан қабылданады?

Көші-қон туралы заң қашан қабылданады?

Көші-қон туралы заң қашан қабылданады?
ашық дереккөзі
846

«Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасының Мәжілісте қаралып жатқанына біраз уақыт болды. Былтыр жаз айында оралмандардың азаматтық алуы жеңілдейтін болды деп қуанған едік. Сондағы күмпілдеткен жиындар, депутаттар мен атқамінерлердің жалынды сөздері құжатсыз қиналған талай қандастарымыздың көңілін көкке көтеріп тастаған болатын.

Алайда 2015 жылдың басында-ақ қабылдап тастаймыз деп екпіндеткен заң жобасы Парламент Мәжілісінде жасақталған жұмыс тобының елегінен әлі өткен жоқ. Енді бір жарым айдан соң Парламент демалысқа кетеді. Демек, биылғы Парламент маусымында бұл заң жобасы мақұлданады деген сенім мүлде қалмай барады. Үкімет өзіне қажетті заңдарды асығыс-үсігіс болса да, екі айдың ішінде қабылдап үлгеретін. Мәселен, оралмандардың азаматтық алу процесін бірден төрт жылға созған «Еңбек мигранттары туралы» Заң мен оралмандардың келген елінің азаматтығынан шыққанын дәлелдейтін анықтама әкелуді талап ететін «Азаматтық туралы» Заңды Үкімет бір-екі айдың ішінде қабылдап үлгерген. Ал қандастарымызды сергелдеңге салып қойған «Халықтың көші-қоны туралы» Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуге асық­пай-ақ қойды. Талайлар үшін өмірлік маңызы бар заңның қашан қабылданатынын болжаудың өзі қиын боп барады. Заң шыққанша, жан шығып болатын күйге түстік. Заң қабылданғанша, не тұрақты тіркеле алмай, не азаматтық ала алмай екі ортада сенделген талай қазақ төзімі сарқылмаса не қылсын! Қазір кейбір бейресми ақпарат көздері азаматтық ала алмай екі ортада сенделген қазақтардың саны – он мыңнан асқандығын айтады.

Бұған дейін қандаста­рымыз­дың сенделген күйіне анда-санда телеарналар да үн қатып қалушы еді. Қазір бәрі үнсіз. Тек азаматтығын ала алмағаннан, тұрақ­ты тіркеле алмағаннан сандалбай күй кешкен кейбір қазақтардың өздері немесе туыстары әлеуметтік желілерде анда-санда дабылдатып қояды. Мәселен, журналист Мұрат Алмасбекұлы өзінің фейсбуктегі жеке парақшасында «Біраз бұрын Қазақстанға Алтайдан екі ауылдасым көшіп келді. Біреуі Шығыс Қазақстанның Зайсан ауданына, екіншісі Талдықорғанның Көксу ауданына қоныстанды. Екеуі де екпінді жас жігіттер, бала-шағасы бар. Олармен хабарласа қалсам көші-қон туралы заң не болып жатыр деп сұрайды. Себебі тұрақты тіркеуге тұра алмай жүр, ықтияр хат, азаматтық алып орнығайын десе, жергілікті әкімдік «заң шықпай жатыр» деп кері қайтарады. Жұмыс істей берейін десе құжаты жоқ, біреуі баласының паспортының уақыты бітіп бара жатқанын айтады. Келгелі жылға жуықтады. Бастары шарадай болып мәңгіріп отыр.

Ал Парламент көші-қон заңын «шалдың аузындағы сағыздай» созып, әлі мыжғылап жатыр. Азаматтық алуды бір жылға қысқартамыз деп өтірік емексіткелі де екі жылға жуықтады. Ара-тұра, Дүйсенова, Қаржаубаев тағы басқалар «бөйткелі жатырмыз, сөйткелі жатырмыз» деп алдаусыратып қояды. Олар «өйтіп-бөйтіп» болғанша қолында құжаты жоқ ағайын омалып отыра ма? Ана сылтау, мына сылтаумен келген қазақтың жүйкесін, шыдамын тауысып, келмеген қазақтың бетін қайтарып, әйтеуір ұлттың берекесін қашырудың жымысқы тәсілін істеп-ақ жатыр. (Жағдайға қарай осылай ойлауға мәжбүр боласың)», – деп жазады.

Демек, заң жобасы қабылданып болғанша, қарапайым жұрттың жүйкесі тозып бітетін түрі бар. Заң жобасын талқылағалы бері арнайы құрылған жұмыс тобының мүшесі Ауыт Мұқибекұлы мамырдың 14-і күні жұмыс тобының алтыншы отырысы өткендігі жайында «Қамшы» сайтында жазды. Оның айтуынша, заңның біршама баптарына өзгерістер енгізіліп, көпшіліктің сұрауына сай дайындалып жатқан көрінеді. Алайда бұл уақытқа дейін Қытайдан келген қазақтардың тіркелуіне кедергі болып келген екі анықтаманың шешілуі әлі де заң жобасында көрініс таппаған көрінеді. «Мәжілісте «Халықтың көші-қоны туралы» Заң жобасына өзгертулер мен толықтырулар енгізуге арналған алтыншы отырыс өтті. Осыған дейін жалпы жобада тұрақты тіркеуге тұру мен азаматтық алуға, жеңілдіктерден игіліктенуге арналған тамаша баптар бар. Олар бір ауыз­дан қабылданып та қойды.Ендігі мәселе – екі анықтама. 2011 жылғы 22 шілдеден бері қандастарымыздың тұрақты тіркеуге тұруына кедергі боп келе жатқан Қазақстан Респуб­ликасының №477-IV «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 49-бабындағы 2 және 9 тарма­қ­тары алынып тасталмаса, мына Заңның да құны төмен болатынын, Қытай жағының сотты адамды шетелге шығармайтынын қадап айттық. Отырысқа қатысқан заңгер Мақсат Нұрыпбай ең дамыған алты елдің репатриант­тарды қабылдайтын заңын таныстыра келіп, бұл елдердің бірде біреуі келушілердің бұрын соттылығының бар-жоғына қара­­майтынын атап өтті» деген Ауыт Мұқибекұлы заң жобасында қан­дастарымыздың Қазақстанға келіп орнығып кетуіне арналған тамаша баптардың барлығын айта келіп, бұрын оқу визасымен келген студенттер виза уақыты аяқталысымен, Қазақстанды артқа тастауға мәжбүр болса, бүгінгі заң жобасында олардың оқу орнының жатақханасында тұрақты тіркелуіне мүмкіндік беретін баптардың еніп отырғанын айтады. Дәл осындай тәжірибе бұған дейін «Азаматтық» және «Халықтың көші-қоны туралы» заңдарда болған еді. Сөйтіп, 20 жылдың ішінде бір миллион қазақтың атажұртына оралуына жағдай жасалған. Сондықтан оралмандар 2010 жылға дейінгі құқықтық-нормативтік актілердің қайтарылуын ғана талап етіп отыр.

Серіктес жаңалықтары