283
Апайтөс балуандардың әлемдік аламан
Апайтөс балуандардың әлемдік аламан
Ертең Астанадағы «Барыс Аренада» қазақ күресінен «Әлем барысы» түйе балуандар арасындағы әлем чемпионаты өтеді. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өткелі отырған беделді бәсекеге 40 елдің балуаны қатысады.
Қазақстан атынан төрт балуан күш сынаспақ. Жиын қорытындысы бойынша бас жаттықтырушы Ерлан Естек бастаған бапкерлік кеңес «Әлем барысында» ел намысын қорғайтын балуандарды іріктеді. Олар: төрт дүркін әлем чемпионы және Қазақстан Барысы жеңімпазы Айбек Нұғымаров, әлем чемпионы және Қазақстан Барысы турнирінің жеңімпазы Мұхит Тұрсынов, Айбат Сейтен және Дәурен Нұралинов. Сонымен қатар, биылғы Қазақстан Барысы жеңімпазы Еламан Ерғалиев, танымал түйе балуан Ержан Шынкеевтің қатысуы да мүмкін.
«Әлем барысы» осымен екінші рет өткелі тұр. 2014 жылы алғашқы турнирге 35 елдің апайтөс балуандары қатысқан. Үш жыл бұрын xалықаралық турнир ретінде тұсауы кесілген «Әлем барысы» бүгінде қазақ күресінен әлемнің абсолюттік чемпионаты деңгейіне дейін өсті. Біріншіліктің жалпы жүлде қоры – 30 миллион теңге. Оның 15 миллионы жеңімпазға тиесілі. Дәстүр бойынша, алтын, күміс және қола белбеулер де қарастырылған.
Жанкүйерлер де жүлдесіз қалмайды. Көрермендер арасында Renault Logan автокөлігі ойнатылады. Бүгінде Австралия, Жаңа Зеландия, Қытай және Гана балуандары Елордаға келіп үлгерді. Жарыс шарты бойынша, барлық қатысушыларға қазақ күресінен арналған спорттық күртеше мен аяқ киім берілуде. Балуандарға фотосессия ұйымдастырылып, шетелдік төрешілерге қазақ күресінің ережелері бойынша семинар өткізіледі.