ЭКСПО көрмесіне – көкөніс керуені

ЭКСПО көрмесіне – көкөніс керуені

ЭКСПО көрмесіне – көкөніс керуені
ашық дереккөзі
Астана қаласында 22-23 шілде күндері «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне арналған Оңтүстік Қазақстан облысы ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілді.  Бұл оңтүстік шаруаларының ЭКСПО  аясындағы 4-ші жәрмеңкесі. Оңтүстік диқандары бұл жолы қала қонақтары мен тұрғындарына құны 171 млн теңге болатын 420 тонна өнім жеткізді. ЭКСПО көрмесінде отандық өнімдер қала тұрғындары мен қонақтарына жәрмеңке түрінде ұсынылған. Жалпы Оңтүстік Қазақстан облысы халықаралық  көрме аясында  6 рет  жәрмеңке өткізуді жоспарлап отыр. Аталған жәрмеңкеге дихандар негізінен көкөніс, жеміс-жидек пен бақша дақылдарын көптеп жіберуде. Өйткені шілденің шіліңгір ыстығында  осы өнімдерге сұраныс өте жоғары. ЭКСПО қонақтары дәмі тіл үйірер Шардараның қауын-қарбызы, Түлкібастың алмасы мен Сарыағаштың қызанағынан дәм татты.  Ал жәрмеңкеге барған шаруалар өнімдерін сатып қана қоймай, халықаралық шараны тамашалауға мүмкіндік алды. Айта кетейік, биыл облыста егіс көлемі 11,4 мың гектарға артып,  800,2 мың гектарды құрап отыр.  Оның ішінде көкөніс 35,3 мың гектар,  картоп – 13,3 мың гектар, бақша дақылдары 57 мың гектарға  егілген. Табиғаттың қолайлығына байланысты биыл өңір шаруалары мол өнім алуда. Мәселен,  бүгінгі күнде облыс бойынша 576,7 мың  тонна көкөніс, 325,2 мың тонна бақша дақылдары мен 105,5 мың тонна картоп жиналған.  Жиналған өнімдер еліміздің өзге облыстарымен қатар алыс-жақын шет елдерге экспортталуда.   Жадыра  Жақсытай