Тұңғыш "Әліппенің" терең сыры

Тұңғыш "Әліппенің" терең сыры

Тұңғыш "Әліппенің" терең сыры
ашық дереккөзі
245
  Рухани жаңғыру жаппай қолға алынған қазіргі таңда бұдан 105 жыл ілгеріде,  1912 жылы, ұлтымыздың ар-ожданы, ұлы ғалым және ұстаз Ахмет Байтұрсыновтың «Оқу құралымен» бір уақытта жарыққа шыққан «Әліппені» де айрықша еске түсіріп қойған абзал. Ол патшалық дәуірдегі ағарту жұмыстары ауқымында мұқият қарастырылып, жан-жақты талдануға  тиіс. Әліппе мұқабасында  орысша:  «Букварь для киргизских школ в Туркестанском крае. Составил заведующий русско-туземным училищем Конгр Ходжа Ходжиков» («Түркістан өлкесіндегі қазақ мектептері үшін әліппе. Құрастырған Қарнақ орыс-тузем училищесінің меңгерушісі Қоңырқожа Қожықов») деп жазылып, «бірінші басылым» екені, «Түркістан оқу басшылығының рұқсатымен басылып отырғаны» атап көрсетілген. «Әліппе» («Әліфбә») Орынборда «Каримов, Хусаинов және баспа»  серіктестігінің типо-литографиясынан басылып шыққан. Осы кітап Түркістан өлкесіндегі оқу ісінде қалай пайдаланылды, оның жұртты сауаттандырудағы рөлі, жалпы, сол шақтағы жәдидтік қозғалыста алған орны қандай болды, міне, бұлардың бәрі әлі де зерттеушісін тосып тұр. Аталмыш алғашқы «Әліппе» кітабын Түркістан мұғалімдер семинариясының түлегі, ұстаз әрі қоғам қайраткері, Алаш қозғалысына белсене қатысушы, Қоқанда жарияланған  Түркістан автономиясы Халық Кеңесінің жауапты хатшысы Қоңырқожа Қожықов ХХ ғасыр басында ұстаздық құрып жүргенінде рухани саладағы мұқтаждықты терең түйсінгендіктен жазған. Ол  оқулыққа берген кіріспе сөзінде құран мен оның ұғымдарын оқытатын молдалардың (мұғалімдердің) назарын балалардың, мектепте екі-үш жыл оқыса да, хат тануларының нашарлығына аударады. Мұның себебі қазақ тілінде сауат ашу кітабының жоқтығында жатқанын айтады. Сөйтіп, өзінің «Әліппесінде» қазақы бір дыбысты араби бір әріппен белгілеу әдістерін жүйелеп көрсетеді. Мұғалімдер әжетіне  ұсынып отырған осы  «қазақ әліппесінен соң Құран әліппесін» оқыса, балалардың «басылымдар жазуын тану» мүмкіндігі артатынын айтады. «Әліппенің» хрестоматиялық бөліміне әркім білуге тиіс мағлұматтарды топтап, оларға шағын әңгіме, өлеңдерді қосып береді. Өзінің жазған әліппесін «тәжірибе-дүр» деп атап, сол себепті, мұғалімдердің оқулықты «жатсынатын жерлері» болса, сол жайындағы ескертпелерін тыңдауға әзір екенін ескертеді. Уақыт талабына орай: «...алашқа ұсынған жәдидіміздің не артық, не жетпеген жерлері болса, ой-пікірлерін тікелей, не хат арқылы білдіргендерге көптен көп алғыс айтамыз», – дейді. Жәдидтік қозғалысқа тұсау сала отырып, орыс-түзем мектептерін көптеп ашып жатқан заманда Түркістан өлкесі оқу басқармасының қазақ әліппесін жасауға һәм қолдануға ресми пұрсат беруі, империя идеологтарының «бұратаналарды кәдімгі орыс мұжығына айналдыру» саясаты тұрғысынан қарағанда,  таңғалдырады. Сондықтан да бұл алғашқы «Әліппенің» өлкедегі ағартушылық тағдырын тереңірек зерттеу жөн болмақ. Суреттерде: Қоңырқожа Қожықов «Әліппесінің» орысша және қазақша мұқаба беттері.  

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ

Серіктес жаңалықтары