399
Қазақстан ең үздік 20 елдің қатарында
Қазақстан ең үздік 20 елдің қатарында
Еліміз егемендік алған жылдардан бастап инвестиция тарту мәселесіне басымдық беріп келеді. Соңғы жылдары қол қойылған келісімдер мен екіжақты меморандумдардың саны өсе түскен. Соңғы 25 жыл ішінде Қазақстанға тартылған 265 млрд доллар шетелдік инвестиция соның жемісі.
Қазақстанның 7 ғаламат белесті бағындырғанын атап өткен Елбасы төртінші белеске тікелей шетелдік инвестицияны қойып, «төртіншіден, 265 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция халқымыздың игілігіне жұмыс істеп жатыр. Теңге айналымға енгізілген 1993 жылдан бергі 23 жыл бойы тікелей шетелдік инвестицияның тұрақты тартылғаны байқалып отыр. Бұл – әлемдік бизнестің жаһандық сенімі. Ең қиын жылдары бізге British Petroleum, Shell, ExxonMobil, Chevron, Agip, General Motors, Mittal, Toyota, Samsung сияқты басқа да көптеген инвестор келді...», – деген болатын.
Ал былтыр шетелден 14,4 млрд доллар инвестиция құйылған. Бұл Қазақстан тарихындағы ең жоғары көрсеткіш ретінде саналды. Себебі бұған дейін шетелдік инвестиция бойынша ең жоғарғы көрсеткіш 2008 жылы тіркеліп, 13,1 млрд долларға жеткен болатын. 2017 жылдың бірінші тоқсанында елімізге шетелден 5,4 млрд доллар инвестиция құйылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 18,9 пайызға көп.
Тікелей шетелдік инвестиция алғандардың қатарында тау-кен өндірушілері, геологиялық барлау жүргізуші мекемелер мен өңдеу өнеркәсібі бар. Осылайша, Қазақстан сырттан инвестиция тарту бойынша әлемдегі ең үздік 20 елдің қатарына енді.
Әлемде қай ел инвестор ретінде көш бастап тұр? Елге сырттан қаржы тарту үшін не істеу керек? Қазақстанның инвестициялық тартымды һәм тартымсыз салалары қайсы? Бұл сауалдарға жауап берген «KazNex Invest» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттiгі» АҚ басқарма төрағасы Борисбий Жанғұразовтың пікірінше, тікелей шетел инвестициясы кез келген елдің ұлттық экономикасына серпін беріп, экспорттық әлеуетін арттырады. Cонымен қатар бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, тәуелсiз дамуға дағдыландырады. «Қазақстанда шетел инвестициясын тарту үдерісін жеделдету үшін тиісті экономикалық орта мен кепіл жүйесі қалыптасқан. Азаматтық, Кеден, Салық кодекстері қабылданып, «Шетел инвестициясы туралы» заң қабылданған. Оған қоса сыртқы экономикалық іс-әрекет халықаралық талаптарға сәйкестендірілді», – дейді ол. Бір айта кетерлігі, 2015 жылы дүниежүзінде жиналған инвестиция 25 трлн АҚШ долларын құрап, бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Мұнда әдеттегідей АҚШ тікелей шетел инвестициясын ең көп тартатын ел мәртебесін сақтап қалды. Одан кейінгі сатыға Гонконг пен Қытай орналасты. Осы көрсеткіш бойынша Жапония мен Қытай екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. АҚШ – 5 588 млрд, Гонконг – 1 573 млрд, Қытай – 1 221 млрд, доллар тікелей шетел инвестициясын иеленді. Ірі инвестор ретінде АҚШ – 2 694 млрд, Жапония – 1 227 млрд, Қытай – 1 010 млрд доллар ақша айналдырған.
Қазақстанның инвестициялық ахуалына келсек, 1992-2015 жылдар аралығында елімізге 129,6 млрд тікелей шетел инвестициясы құйылған. 2011-2015 жылдар аралығында Қазақстанға бағытталған тікелей шетел инвестициясы 50,1 млрд долларға жетті. Бұл орташа есеппен алғанда, Қазақстан жылына 10 млрд АҚШ долларын тартты деген сөз. Ал инвестиция құю бойынша әлемде – АҚШ көш бастаса, Қазақстан бойынша – Нидерландтар алдыңғы қатардан орын алған. Бүгінге дейін Нидерландтар Қазақстанға 65 млрд-тан астам АҚШ долларын құйса, екінші орынға 23 млрд инвестиция тартқан АҚШ орналасты. Үшінші орынға 15 млрд доллармен Франция жайғасты. Ресей, Жапония, Швейцария, Ұлыбритания, Қытай, Гонконг мемлекеттері де Қазақстанның ірі инвесторлары саналады.
Демек, жылдан жылға еліміздің инвестициялық климаты қолайлы болып келеді. Әлі де болса Doing Business рейтінгіндегі және «Инвесторды қорғау» индикаторы бойынша бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексіндегі көрсеткіштерді нақты нәтижелермен бекітіп отыру керек. 2015-2016 жылдары Қазақстан «бизнес жүргізу» көрсеткіші бойынша әлем елдерінің ондығына енді. Зерттеу қорытындысында еліміз жергілікті жерлердегі кәсіпкерлерге бизнеспен айналысуға қолайлы жағдай жасауда алға шықты.
36 елдің инвесторына басымдық беріледі
Бұдан былай Қазақстанда инвесторларды тарту ұзақмерзімді стратегиялық негізде жүреді. Себебі инвестиция үшін перспективті салаға тек үш сектор кірді. Осы мақсатта Үкіметте 2018-2022 жылдарға арналған «Ұлттық инвестициялық стратегия» бекітілді. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек атап өткендей, стратегияның негізгі мақсаты тиімділікті арттыруға бағытталған қолайлы инвестициялық климат құру және инвестиция тарту болмақ. «Стратегия табысты іске асатын болса, бес жылдың ішінде тікелей шетелдік инвестицияның экономикаға жалпы ағыны 2016 жылмен салыстырғанда, кезең-кезеңімен 26 пайызға дейін артады. Ал экспортқа бағытталған инвестициялар 50 пайызға дейін өседі деген болжам бар. Сонымен қатар, отандық кәсіпкерлер салатын ішкі инвестициялардың ұлғаюы да болжанып отыр. Шикізаттық емес сектордың негізгі капиталына құйылатын инвестициялар көлемі 46 пайызға дейін өспекші», – деді Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек. Бүгінде министрлік Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, тиімділікті арттыруға бағытталған жаңа инвестицияларды тартуға барынша ұтымды болатын басым салаларды белгіледі. Бұл салалар екі топқа бөлінеді. «Бірінші тобы – «әлеуеті қажетке жаратылушы салалар». Яғни, бұл қатарға азық-түлік өнеркәсібі, мұнай-газ және пайдалы қазбаларды терең өңдеу, яғни металлургия, химия және мұнай-химия, сондай-ақ, машина жасау салалары жатады. Осылайша, аталған топ қысқа мерзімді немесе орта мерзімді келешекте тиімділікті арттыруға бағытталған тікелей шетелдік инвестицияны ілгерілету мүмкіндігі жоғары салалардан тұрады. Екінші топ – «перспективті салалар», яғни ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, туризм және қаржы. Бұл топ ұзақ мерзімді келешекте инвесторларды қызықтыруы мүмкін салалардан тұрады», – деді Инвестициялар және даму министрі. Жалпы, үкімет қабылдаған стратегияны іске асыру инвестиция саласын түбегейлі реформалауға, инвестиция ағынының өсіміне қол жеткізуге және ел экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Стратегияға сәйкес, ел үкіметі 2022 жылға қарай келесідей мақсатты көрсеткіш-индикаторларға қол жеткізуге уәде береді. Біріншіден, тікелей шетелдік инвестицияның (ТШИ) жалпы ағыны 126 пайызға артады. Екіншіден, ТШИ-дің еліміздің жалпы ішкі өніміне шаққандағы жалпы көлемі 2022 жылы 19 пайызға артады. Үшіншіден, тиімділікті арттыруға бағытталған ТШИ-дің, соның ішінде өңдеу өнеркәсібіне құйылатын шетелдік инвестициялар ағыны 1,5 есеге артады. Төртіншіден, экономиканың шикізаттық емес секторының негізгі капиталына құйылатын инвестиция көлемі (мемлекеттік бюджетті қоспағанда) 1,46 есеге өседі. Бесіншіден, экономиканың шикізаттық емес секторының негізгі капиталына құйылатын сыртқы инвестиция көлемі 1,5 есеге ұлғаяды. Тағы бір айта кетерлік жайт, ұлттық стратегияда Қазақстан басымдық беретін инвестор-елдер анықталды. Құжатта олардың тізімі беріледі. «Экономикалық мүмкіндіктері ескеріле отырып, әлемнің 36 әлеуетті елі анықталды. Оның ішіндегі 11-і біз басымдық беретін елдері болып саналады. Бұлар – Америка Құрама Штаттары, Ресей Федерациясы, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Қытай Халық республикасы, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері», – деді Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек. Ал ведомство сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, осы елдермен жұмыс істеу бойынша жеке-жеке әрі нақты іс-қимыл жоспарын әзірлейтін болады. Стратегия аясында Қазақстанның инвестициялық климатын жақсарту мақсатында министрлік алдын-ала болжауға болатын инвестициялық саясаттың ашықтығын арттыруға ниетті. Бұдан бөлек, қолданыстағы инвестициялық преференциялардың тиімділігіне сараптама жасалады. «Визалық және көші-қон режимін, шетелдік жұмыс күшін тарту шарттарын, салық және кеден заңнамасын жетілдіру бойынша кешенді шаралар қарастырылады. Сондай-ақ, Қазақстанның «Doing Business» рейтингіндегі орынын көтерудің шараларын қабылдау жоспарланып отыр», – деді Жеңіс Махмұдұлы. Сонымен қатар, министрлік инвесторлардың құқығын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдірмек. «Инвесторлар қауымдастығымен бірлесіп, инвестициялық омбудсмен институтын реформалау, инвесторлардың құқығын сот арқылы қорғауды жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірленеді. Сондай-ақ, шетелдік инвесторлардың «Астана» халықаралық қаржы орталығының сот жүйесіне қол жетімділігін қамтамасыз ету мүмкіндігі қарастырылуда. Бас прокуратурамен бірлесіп, мемлекеттік органдардың инвесторлар қызметін тексеруді азайту жөнінде кешенді жоспар әзірленетін болады», – деп мәлімдеді Жеңіс Қасымбек. Тағы бір жаңалық бар: кез келген шетелдік инвестордың шағымы «дабылға» теңестіріледі. Осы орайда инвесторлардың шағымдарын және мәселелерін қадағалап, жүйелі түрде анықтайтын жаңа құрал іске қосылатын болады. «Егер инвесторларда қандай да бір түйткіл туындаса, аталған ақпараттық жүйе тиісті мемлекеттік органдар мен инвестициялар және даму министрлігіне дер кезінде хабар беретін болады», – деді Жеңіс Қасымбек. Соңғы жылдары еліміздің инвестициялық ахуалын жақсарту және инвесторларға қолайлы жағдай жасау бойынша кешенді жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Инвестициялар комитетіне мүше болып қабылданды. Бұл еліміздің инвестициялық ахуалының халықаралық стандарттар мен аталған ұйымның мүше елдерінің деңгейіне сәйкестігінің көрсеткіші.