907
Әміренің әндерін кім орындады?
Әміренің әндерін кім орындады?
Қарағандылық Сержан Мұсайын Әміре Қашаубаев туралы фильмде танымал тенордың әндерін орындады, деп хабарлайды өңір басшысының ресми сайты.
Саундтрек қазір АҚШ-та жазылып жатыр. Фильмде 1925-ші жылы Әміре Қашаубаев Париж көрермендерінің жүрегін жаулап алған композициялар болады. Сержан Мұсайын - Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің жетекші солисі, қазақ халық әндерін орындаушы әнші. Танымал қазақ тенорының Париждегі айрықша жетістігі мен оның қайғылы өмір жолы туралы фильмнің екі жұмыс атауы бар: «Әміре» және «Париждегі ән». Ол «Қазақфильм» тапсырысы бойынша "Moving" американдық киностудиямен түсірілді. Түсірілімге голливудтық, ресейлік, латвиялық және қазақ киноиндустрия мамандары қатысты. Фильмнің қоюшы режиссері - Джефф Веспа, оператор - Максим Осадчий ("9 рота", "Сталинград"). Басты рөлді қазақстандық актер Санжар Мәдиев орындайды, Мұстафа Шоқайдың бейнесін Еркебұлан Дайыров сомдайды. Сонымен қатар түсірілімге британдық актер Бен Алдридж және «Область тьмы» фильмі бойынша танымал болған америкалық актриса Эбби Корниш жұмылдырылды.
Продюсерлер: Алидар Өтемұратов, Кери Гранат және Эд Джонсон.
Картина қазақтың асыл дауысы Әміре Қашаубаев ЭКСПО шеңберінде Парижде өткен Дүниежүзілік музыкалық байқауда еуропалық көрермендердің жүрегін жаулағаны туралы баяндайды. Драмалық тенор әлем бойынша бірінші болып батыста қазақтың вокалды-орындаушылық өнерін және домбыра ұлттық аспабын таныстырды. Әнші күшті әсер қалдырып, күміс медаль жеңіп алды.
Фильмнің түсірілімі Ригада және Алматы қаласының маңында өтті. Түсірілім өткен жылы аяқталды, қазір қорытынды кезең - әндерді жазу жүргізіліп жатыр. Республикалық кастингтің қорытындысы бойынша Әміренің композицияларын орындау құрметі қарағандылық әнші, педагог, республикалық байқаулар мен фестивальдерде жүлдері орындар мен Гран-при иегері атанған Сержан Мұсайынға бұйырды. Оған «Балқадиша», «Үш дос», «Бес қарагер» және «Дудар-ай» секілді әндерді орындау керек болады. Сонымен қатар Сержан Мұсайынның дауысы картинаның кейбір эпизодтарында, бас кейіпкер ән айтқанда естіледі.
- Мен үшін фильмде дәл менің дауысым шығатыны үлкен маңызға ие, - деп бөлісті Сержан Мұсайын.
- Қазір біз «таза» дауысты кадрлардың үстіне жазып жатырмыз. Қиындықтар туындайды, әсіресе домбырамен ән айтқанымда актердің артикуляциясына дәл түсу керек кезде. Қолдың жылжуын салу өте қиын болып шықты. Себебі ондай жағдайда әннің әуені өзгереді. Қолдың ірі пландары көп емес, бірақ соның өзі менің жұмысымды күрделі етеді. Актердің артикуляциясымен тамаша болды - мұнда еш проблема туындаған жоқ.
Сержан Мұсайын бәрінен бұрын қиын болғаны домбырамен ойнауды және ән айтуды жазу дейді. Себебі орындаушылар домбырамен ән айту барысында импровизациялайды.
- Мен оның барлығын қиын болса да, дұрыс жасай алдым деп ойлаймын. Дыбыс режиссерлері алғаш рет фильмді дыбыстаған адам үшін атқарылған жұмыс тамаша деді. Дегенмен американдықтар мақтауда алдарына жан салмайды деп ойлаймын. Жұмыс әлі аяқталған жоқ. Нәтижесіне көрермендер баға береді деп ойлаймын». Фильмді түсірушілер оны үлкен экрандарға осы жылы шығаруды жоспарлап отыр.