Әлемдегі таңдаулы 100 оқулық

Әлемдегі таңдаулы 100 оқулық

Әлемдегі таңдаулы 100 оқулық
ашық дереккөзі
331
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау қажеттігін айтқан болатын. Бүгінде Ұлттық аударма бюросы құрылып, жоғары оқу орындарына арналған гуманитарлық бағыттағы жаңа оқулықтар жобасын әзірлеуге кірісіп кетті. «Bilim Media Group» ЖШС  компаниясының негізін қалаушы және басшысы Рауан Кенжеханұлы Мемлекет басшысының тапсырмасына орай  әзірше 20-ға жуық оқулық аударылып жатқанын атап өтті. «Аударма – күрделі әрі жауапты жұмыс. Жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқулықтар қазақ тіліне сапалы әрі түсінікті аударылуы керек. Сондықтан осы іске қызығушылық танытқан аудармашыларды, ұстаздарды, әдеби редакторлар мен ғылыми сарапшыларды арнайы жобаға белсене қатысуға шақырамыз», – дейді Р.Кенжеханұлы. Алғашқы оқулықтарды жазуға өз саласын жетік меңгерген 90-ға жуық маман тартылды. Олардың дені – университет оқытушылары.  Елбасы атап өткендей, кітаптар негізінен тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бағытында жарық көрмек. Бұл оқулықтардың басым көпшілігі бұрын-соңды қазақ тіліне, тіпті орысшаға аударылмаған жаңа басылымдар. Атап айтқанда, Грегори Мэнкьюдің «Экономикс», Джордж Ритцердің «Қазіргі әлеуметтану теориясы», Эллиот Аронсонның «Әлеуметтік психологияға кіріспе», Реми Хестің философияға арналған кітаптары, т.б. бар. Аударма – қиын мәселе. Аудармаға қойылатын талап пен талғам да зор. Л.Н. Толстой: «Аударма – кілемнің астарлы беті болып қала береді» демекші, қазақ тілінде сөйлейтін кітаптардың мазмұны мен тілдік нормасының сақталуы маңызды. Сондықтан да әрбір кітапқа жеке жұмыс комиссиясы құрылған. Ал оқулықтар өміршеңдігін дәлелдеген, қазіргі күні әлемнің беделді оқу орындарының педагогикалық тәжірибесінде кеңінен пайдаланылып келе жатқан, әбден сүзгіден өтіп, бірнеше мәрте баспадан шыққан болуы тиіс.  Сондай-ақ, белгілі бір пәннің мазмұны мен мәнін ашатын, сол ғылымның идеялары мен тұжырымдамаларын дәл сипаттайтын мазмұнды әрі сапалы оқулықтың қажеттігі айтпаса да түсінікті. Рухани жаңғыру аясындағы «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық. Жаңа гуманитарлық білім» жобасындағы оқулықтардың алғашқы легі 2018-2019 оқу жылында студенттердің қолына тиіп, университеттер осы кітаптармен маман даярлауға кіріседі.    

Серіктес жаңалықтары