324
Қоңсыға қолғабыс - қазақы қасиет
Қоңсыға қолғабыс - қазақы қасиет
«Көршісі аш отырған – мұсылман емес» деген сөз бар. Мұны қазақ «Көрші хақысы – Тәңір ақысы» деп астарлап жеткізген. Әрі бағзы заманнан бері осы қағидамен өмір сүреді. Обалы нешік, тәуелсіз мемлекет болғалы Қазақстан құдайы көршісі Қырғыз елінің мұң-мұқтажына қарайласып, ұдайы қол ұшын созып келеді. Мұның кейінгі кездегі мысалы 110 миллион доллар қаржылай көмек беруге уәде еткені. Оның 41 миллионы тамыз айында беріліп те қойды.
Тамыз айының екінші жартысында Қазақстан Премьер-министрінің баспасөз хатшылығы Қырғызстанға арналған қаржылай көмектің алғашқы бөлігі, яғни 41 миллион доллардың төленгені жайлы ақпарат таратты. Өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасында Еуразиялық экономикалық интеграция аясындағы әріптестікті дамыту мақсатында Қырғызстанға 100 миллион доллар қаржылай көмек беру туралы келісімге қол қойылған болатын. Бұл қаражат Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық келісім-шартқа қосылуына бағытталған жол картасын іске асыруға жұмсалуы тиіс. Келісім құжатынан үзінді келтірсек, «Бұл көмек Қырғыз Республикасының өз экономикасын Еуразиялық экономикалық одақ талаптарына неғұрлым қысқа мерзімде бейімдеуіне қызмет етеді» делінген.
Дәл осы 100 миллион долларлық көмек туралы алғашқы мәлімдеме сонау 2014 жылы айтылғаны есімізде. Сол жылы қараша айында Астанаға ресми сапармен келген қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев мол сый-құрметтің астында қалып еді. Оны Қазақстан президенті «Достық» орденімен марапаттап, Қырғызстандағы электр тапшылығы мәселесін шешіп берген болатын. Бұған қоса, егер Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болса, оған 100 миллион доллар көмек беруге уәде еткен. Атамбаевтың риза болғаны соншалық, сол кезде оның қазақ президентіне қарасты айтқан екі сөзінің бірі «бауыр» және «ағай» болатын.
Бірақ 100 миллион долларлық келісімге қол қойылғаннан кейін, нақты айтқанда, биыл 17 ақпан күні Алмазбек Атамбаев «Euronews» телеарнасына сұхбат беріп, құдайы көршісінің үстінен шағымданғандай болды. Брюссельге ресми сапармен барған Атамбаев сол сұхбатында былай деген: «2010 жылы Қазақстан бізге 1,5 ай бойы блокада жасады, сол кезде бізде адам шығыны болды. Солай болды, себебі блокада – жаман нәрсе. Егер бізге кіруге болатын басқа балама берсе. Мысалы не, Ауғанстан ба? Біз қазір-ақ Еуропалық одаққа кіруге дайынбыз. Мен бұл туралы ұсыныс жасағанмын, бірақ олар маған бізде ортақ шекара жоқ екенін алға тартты. Енді бізге неғыл дейсіздер? Бізде 6 миллион адам бар. Бұйығы түрде джунглиде тұрғандай өмір сүрейік пе? Біз өркендеуіміз керек, бізге нарық керек» деді ол.
Әйтсе де, Атамбаев Еуразиялық экономикалық одақтың Қырғызстанға өте тиімді екенін жақсы түсінеді. Мұның себебі көп, біріншіден, Ресейде шамамен бес жүз мыңдай қырғыз азаматтары жұмыс істейді. Олардың басым көпшілігі Ресейге ұзақ мерзімге келгендер, кейбірі тіпті 20-30 жылдан бері туған үйден жырақ жүр. Қазақстанда да қырғыз еңбек мигранттары мыңдап саналады. Еуразиялық экономикалық одақ дәл осы еңбек мигранттарының құқықтары сақталуын қадағалайды. Екіншіден, қырғыз өнімдері Одақ аясындағы көрші елдерге еркін тасымалданады, бұл қырғыз экспортының қарқыны одан әрі артуына сеп. Үшіншіден, Одаққа мүше болуы үшін Қырғызстанның кеден, ветеринарлық, фитосанитарлық және карантин қызметтерінің сапасын жақсартуға Қазақстан арнайы қаржылай көмек беріп отыр. Өткен айда ғана төленген 41 миллион доллар ең әуелі осы мақсатқа жұмсалуы тиіс.
Ал 2010 жылғы сәуір айындағы оқиғалар кезінде Қазақстан гуманитарлық көмек жіберіп, халықаралық тасымалды ұйымдастырып, студенттер мен мектеп оқушыларының жол жүруіне жағдай жасап, барынша қолдау көрсетті. Сол көктемде егіс алқабына жанар-жағармай мен тұқым жеткізген. Сол жылы тамыз айында Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігі Қырғызстанға вагон-вагон кесілген тақтай, шифер секілді құрылыс материалдары, күріш, қарақұмық, көмір жөнелтілгенін хабарлаған еді. Жалпы, Сыртқы істер министрлігінің дерегіне жүгінсек, сол жылы Қазақстан көрші елге 11,6 миллион долларға гуманитарлық көмек көрсеткен екен.
Дәл сол күндері экс-президент Құрманбек Бакиевті ел аумағынан алып шығып, Беларусь Республикасына жеткізіп салуға атсалысқан Қазақстан басшылығы болатын. Бакиев президенттіктен кету туралы мәлімдемесін Тараз қаласында отырып жазған. Ал оны алып шыққан ұшақты басқарған қазақ ұшқыштары арнайы марапатқа ие болды.
Бауырлас елге гуманитарлық көмек көрсету үрдісі әлі де үзілген жоқ. Жақында ғана Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев табиғи апаттан зардап шеккен қырғызстандықтарға құрылыс материалдарын жіберу туралы шешім шығарылғанын мәлімдеді.
Ең бастысы, көршіге көрсетілген көмек қайтарымсыз түрде жүзеге асып жатыр. 100 миллион доллардың қайтарымы болады деп күтудің қажеті жоқ. Бұл тек екі ел арасындағы сауда-саттықтың артуына әсер етуі мүмкін. Екінші жағынан, Қырғызстанға қаржылық-инвестициялық қолдау білдіріп отырған бір Қазақстан ғана емес. Ресейдің өзі бұл елге 2016 жылы көлік, логистика, агроөнеркәсіп салаларына қомақты инвестиция құйғаны белгілі.
Әлбетте, Атамбаевтың «Қазақстан блокадасы» туралы мәлімдемесі екі мемлекеттің қарым-қатынасына немесе көршілес елге берілетін көмекті тоқтатып тастауға әсер етпейді. Бірақ бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жер-жиһанға тарап кеткен саяси мәлімдемеге үнсіз қалудың тағы реті жоқ. Сондықтан Сыртқы істер министрлігі Атамбаевтың мәлімдемесінен соң іле-шала Қырғыз Сыртқы істер министрлігіне нота жолдап, наразылық білдірді.
Ал Қазақстан Президенті журналистерге берген сұхбатында Атамбаевтың бұл мәлімдемесіне былай деп жауап берген: «Ұлы Абайдың мынандай сөзі бар: қазақ пен қырғыз бауыр деген. Біз көршіміз. Президенттер, мемлекет басшылары ауысады, ал халық қалады». Бір сөзбен айтқанда, Атамбаевтың мәлімдемесіне онша мән бермеуге меңзеді. Әйтсе де, көрші елде бей-берекетсіздік қайталанар болса, онда шекараны жабу мемлекет қауіпсіздігі үшін жасалатынын ескертті. «Төңкеріс, заңды президентті орнынан тайдырып, елден қуып шықты. Тұтқындарды түрмелерден босатып жіберді, ал олар бізге қарай ағыла бастады. Біз шекараны жаптық. Егер дәл осындай жағдай қайталанатын болса, онда біз шекараны тағы жабамыз», – деді Н.Назарбаев.
Дегенмен Қазақстан қоңсысын далада қалдырмасы анық. Бауырлас әрі көршілес жатқан екі мемлекеттің рухани-мәдени, саяси-экномикалық, басқа да байланыстары үзілмейді. Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіруіне Қазақстанның барынша қолдау көрсетіп, енді техникалық мәселелерді реттеу үшін 100 миллион долларды сұраусыз беріп отырғаны да сондықтан.
Жалпы, Қазақстан Қырғызстан экономикасына тікелей инвестиция құйып отырған елдердің ішінде екінші орында тұр екен. Көрші елдің экономикасын аяғынан тұрғызуға күш салып отырғанын былай қойғанда, қиын-қыстау күндерде ақшалай да, материалдық-техникалық көмек көрсетуден де ешқашан тартынған емес. Әйтсе де, қырғыз саясаткерлері мен мемлекеттік лауазымды тұлғаларының кейбір мәлімдемелеріне қарап, олардың ішінде жатқан бір қыжыл бар ма деп қаласың.
Әсіресе, қырғыз саясаткерлері өз елі мен қазақ елінің әлеуметтік, саяси, экономикалық, басқа да ахуалын өзара салыстырып, артық-кемін айшықтап отыруға бейіл. Мысалды алыстан іздемей-ақ, президент Алмазбек Атамбаевтың сәуір айында жасаған мәлімдемесін еске түсірсек жеткілікті. Ол Қырғызстанның тұрақты дамуына арналған ұлттық кеңестің отырысында «Қырғызстанның көптеген ауылдарындағы халықтың тұрмысы Қазақстандағы халықтан гөрі әлдеқайда жақсы» деп салды. Ол ТМД елдері бойынша ЖІӨ көрсеткіштерін салыстыра келіп, Қырғызстанның жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіші Қазақстанның көрсеткішінен шамамен тоғыз есе аз екенін, ал жан басына шаққанда бюджеттің кірісі көрші елмен салыстырғанда жеті есе аз екенін айта келіп, «Барлық есептерге қарағанда біздің азаматтардың тұрмысы қазақстандықтардан жеті-тоғыз есе нашар болуы тиіс еді. Бірақ іс жүзінде біз Қазақстан мен Қырғызстандағы қарапайым адамдардың тұрмысында соншалықты айырма жоқ екенін білеміз. Біздің адамдар Қазақстан халқынан әлдеқайда жақсы тұрады, тіпті біздің көптеген ауылдарымызда адамдар көршіміздікімен салыстырғанда әлдеқайда жақсы өмір сүреді» деді. Мұндай мәлімдемелер екі ел арасында жасырын бәсеке барын әйгілейді.
Көршіге қол ұшын созғанда көрсетілер көмек барынша риясыз болғаны жөн. Бұл орайда Қазақстанның бауырлас елге деген ықыласы ерек. Сол 2014 жылғы кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев Алмазбек Атамбаевқа былай деген еді: «Қырғызстан қашан да Қазақстандағы өзінің бауырлас, туысқан халықтың жанында болады деп сене алады, үміттене алады». Қазақстан осы уәдесінен айныған емес.