Кореядан үйренеріміз көп

Кореядан үйренеріміз көп

Кореядан үйренеріміз көп
ашық дереккөзі
Қоқысты кәдеге жарату елімізде кейінгі жылдары қолға алынды. Ал дамыған мемлекеттер қоқысты қайта өңдеуді бұрыннан кәсіпке айналдырып, зиянды қалдықтардан құтылып қана қоймай, одан жаңа өнім жасауды үйренді. Өкінішке қарай, елімізде тұрмыстық қалдықтардың басым бөлігін ескі әдіспен қала сыртына төгілуде. Миллиондаған тұрғыны бар мегаполистерде қоқысты игеру мүмкін емес. Сондықтан қайта өңдеу зауыттары іске қосылып, қалдықтардан пайдалы заттар жасау жолға қойылған. Мысалы, Кореяда тұрмыстық қалдықтардан керамика, ванна мен шұңғыл ыдыстарды пластик қалдықтардан жасайды. Кореядағы қоқыс өңдеуші зауыттың директоры Ли Тхэк Чунның айтуынша, қаптама материал мен пластиктен шикізаттың 200 түрі жасалады екен. Сөйтіп тәулігіне 7-10 тонна қоқыс қайта өңделеді. Ал тағам қалдықтары арнайы контейнерлерге салынады. Бұл қалдықтардан тыңайтқыш немесе малға жем жасалады. Сеул тұрғындары күніне 9 мың 400 тонна қоқыс шығарса, оның 63 пайызы қайта өңделеді, қалғаны өртеуге немесе көмуге жіберіледі. Сеулдың төңірегінде он шақты шағын қоқыс өңдеуші зауыт бар. Олар түрлі мекемелерден және тұрғындардан ескі пластик пен пластмасса заттарын сатып алады. Сосын қайта өңдеп, басқа химиялық зауыттарға сатады. Осындай іскерліктің арқасында соңғы жиырма жылдың ішінде тұрмыстық қоқыстың көлемі 40 пайызға азайған. Жалпы, Кореяда қоқыстың 63 пайызы қайта өңделеді. Швецияда тұтыну қалдықтарының 25 пайызы қайта өңделіп, пайдалануға жіберіледі, Жапонияда – 30 пайыз, Германияда – 35 пайызды құрайды. Ал, Қазақстанда коммуналдық тұрмыстық қалдықтардың 2,5 пайызы ғана кәдеге жаратылып, қалған 97,5 пайызы компоненттерге бөлінбестен тасымалданып полигондарға немесе табиғат қорғау және санитарлық заңнама талаптарына онша сай емес арнаулы орындарда жинақталып, ашық қоқыстарда қордаланады. Қоқысты қайта өңдеуде Франция тәжірибесі де үлгі аларлық. Париж түбіндегі Иври-Сюр-Сен зауытында жылына 600 мың тонна қоқыс өртеледі. Осылайша ауаға бөлінетін зиянды қалдықтар толықтай жойылады. Жарамсыз қалдықтарды өртемес бұрын сұрыптау әдісі арқылы іріктелген заттардан 30 пайыз алюминий, 50 пайыз әйнек, 50 пайыз газет қағаздарын өндіреді. Ал Қытайда қоқыс жинаушыларға төлемақы күнбе-күн берілгендіктен, көпшілік қоқыс жинауға үйір. Мысалы, Шанхайда 2,5 миллион адам қоқыс жинайтын орындарда жұмыс істейді. Әлемнің дамыған елдерінде қоқысты түрлі мақсатта тиімді пайдалану жолға қойылған. Керексіз қалдықтардан қағаз, пластик, тұрмыстық заттар өндіріледі. Сонымен қатар, жапондар қоқысты өртеп, күлінен құрылыс материалдарын жасауда. Осы заттардан жасанды арал да тұрғызған. Әлем тәжірибесін елімізде пайдалану тетіктері бірнеше жылдан бері қарастырылып келеді. Алматы мен Астана қаласы маңынан қоқыс өңдейтін зауыттар тұрғызылды. Биылдан бастап Қазақстанда қоқысты сұрыптап жинау қолға алынбақ. 2019 жылдан бастап сұрыпталмаған қоқысты көмуге тыйым салынады. Қоқысты сұрыптау арқылы қалдықтарды анағұрлым азайтуға болады. Өйткені қаладағы қоқыстың дені – азық-түлік пен пластик қалдықтары. Мұның қай-қайсысы да қайта өңдеуге жарамды. Өкініштісі сол, қаладағы қоқыс жәшіктері ортақ. Тұрғындар қоқыстың барлық түрін бір жәшікке лақтыруға мәжбүр. Негізі, тағам қалдықтары, пластик, полиэтилен, қағаз бөлек-бөлек салынуы тиіс. Дамыған елдерде қоқысты сұрыптамағандар 200 доллар шамасында айыппұл төлейді, елімізде мұндай айыппұлды енгізу үшін алдымен қоқыс жәшіктерін көбейту қажет. Сарапшылардың дерегі бойынша, жыл сайын елімізде 700 миллион тонна өнеркәсіптік қоқыс пен қалдықтар жиналатын болса, оның 250 миллионы денсаулыққа қауіпті улы заттар көрінеді. Қазір республикамызда 6325 елді мекеннің 4525-інде ғана күл-қоқыс төгетін арнаулы полигондар бар. Оның тек қана 6,8 пайызы немесе 307-сі ғана заңдастырылған. Қалған күл-қоқыс полигондары кез келген жерде, қалай болса солай қалыптасқан. Республикамыздағы елді мекеннің 25 пайызында күл-қоқысты арнаулы полигондарға таситын кәсіпорындар бар. Ал қалған 75 пайызы үй іргесіне немесе елді мекен маңайына тастайды. Соңғы жылдары қоқысты қайта өңдеу мәселесі күн тәртібіне өткір қойылды. Десе де қоқысты сұрыптау мен қалдықтарды қайта өңдеу әлі де баяулап тұр. Ал қоқыстың үйіндісі күннен күнге көбеюде. Қоқысты сұрыптау тиімді әдіс десек те, қалалардағы бірен-саран орындар болмаса, қоқыстың басым бөлігі бір жәшікке тасталады. Ең сорақысы да осы...