Мектептің түйткілі тарау-тарау

Мектептің түйткілі тарау-тарау

Мектептің түйткілі  тарау-тарау
ашық дереккөзі
332
Қыркүйекте жаңа оқу жылы бастау алып, шәкірттер алтын ұяларына қайта оралады. Оқу жылының алғашқы қоңырауы соғылар күн әсіресе, мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндер үшін айрықша мереке. Ата-аналар балаларының қажетін түгендеп, оқушыларды сабаққа сайлап қойғаны анық. Ал білім беру мекемелері жаңа оқу жылына қаншалықты дайын. Білім және ғылым министрлігі биылғы оқу жылына әзір екендіктерін мәлімдегенімен, мектептерде шешімін таппаған мәселе шаш етектен секілді.

Оқу жылына дайынбыз ба?

Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары тамыз айының ортасында Үкімет отырысында талқыланған болатын. Осы жиында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бірқатар сандық деректермен таныстырды. Министрдің дерегінше, биылғы оқу жылында 380 мың бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10,5 мыңға артық. Нақтырақ айтсақ, 2016 жылы 369 мың, 2015 жылы 336 мың бала мектеп табалдырығын аттаған. Сонымен қатар, жаңа оқу жылы қарсаңында 35 жаңа мектеп пайдалануға берілуі тиіс. Ал 300 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, 410 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Үкімет отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарына баға берді. «Дайындық жаман емес. Бірақ күрделі, ағымдағы жөндеу жұмыстарының аяқталмағанын көріп отырмыз. Кей өңірлерде балаларды тасымалдау, оқулықпен және ыстық тамақпен қамту мәселесі толық шешілмеген. Сондықтан құрметті әкімдер, аталған мәселелерді 1 қыркүйекке дейін шешуді сұраймын», – деп атап өтті Үкімет басшысы. Еліміздің бас ұстазы алқалы жиында білім беру жүйесінің оқу жылының басталуына әзір екендігін мәлімдеп, биыл жаңа реформалардың болмайтындығын айтты. Яғни, 2017-2018 оқу жылында өткен жылы қабылданған тұжырымдамалық шешімдер бойынша басталған шараларды соңына дейін жеткізу міндеті қойылады. Айта кетейік, 2017 жылы 2,5 және 7-сыныптар жаңартылған оқу мазмұнына көшеді. Сонымен қатар, жаңа оқу жылында мектептегі бағалау жүйесі де өзгеріске ұшырамақ. Білім және ғылым министрлігі биылдан бастап оқушылардың білімін критериалды бағалау тәртібін бекітті. Жаңа бағалау жүйесі бойынша, оқушылар пән бойынша оқып бітірген тақырыбына бір баға, ал тоқсан аяғында жалпы пәнді игеруіне байланысты екінші баға алады. Бұл ретте оқушының білімі балл және дәстүрлі баға түрінде бағаланбақ. Ал жарты жылдық пен жыл соңында оқушыдан сынақ алынады. Осылайша, бір бөлімді игеруіне және тоқсандағы біліміне қарап оқушыға қорытынды жылдық баға қойылады.

Мектеп тапшылығы жойылар күн жақын ба?

Биылғы оқу жылында мектеп табалдырығын аттайтын балалардың қатары жылдағыдан әлдеқайда көп. Бұл – қуанышты жағдай. Балалар санының артқаны ел демографиясының ілгерілеп жатқанын дәлелдейді. Бір өкініштісі, білім саласының басшылары осы балаларды мектептерге сыйдыра алмай әуреге түсуде. Бұл мәселе әсіресе, республикалық маңызы бар Астана мен Алматы қаласының тұрғындарын алаңдатып отырған жайы бар. Алып шаһарларда бір сыныпқа 40-50 балаға дейін қабылдап жатқан мектептер де бар екен. Олай етпеске шара да жоқ. Өйткені қаладағы мектептердің басым көпшілігінде осындай жағдай көрініс тауып отыр. Астаналық мұғалімдер тамыз кеңесінде қала әкіміне мұңдарын шағып, аталған мәселені тезірек шешіп беруін өтінді. Астана қаласында әр оқу жылында мектепке барар балалар саны 10-15 мыңға көбейіп отырады екен. Қала басшысы Әсет Исекешевтің дерегіне сүйенсек, 2010-2011 жылдары Астана мектептерінде 74 мың бала оқыса, биылғы оқу жылында елорда мектептерінде 145 мың оқушы білім алмақ. Бұған бала туу көрсеткішінің артуы мен Астанаға көшіп келетін отбасылар қатарының көбеюі әсер етіп отыр. Мұғалімдердің тамыз конференциясында белгілі болғандай, биыл Астана қаласының әкімдігі 2600 орынға арналған 5 мектеп салады. Бірақ мектеп салу да оңай іс емес. Әсет Исекешевтің түсіндіруінше, Астанада халық тығыз орналасқан аудандарда мектеп салу үшін жер табылғанымен, сол жерді сатып алуға, ғимарат тұрса, оны бұзуға қыруар қаражат қажет. «Қазір біз халықаралық тәжірибеге сүйеніп, қаланы дамытудың мастер-жобасын әзірлеп жатырмыз. 2 млн адамды қамтитын сол жоба аясында есігінің алды  таза, баратын жолы жайлы мектептер саламыз. Қазір инфрақұрылымы  ыңғайлы деген 47 мектептің орнын дайындадық. Жалпы, 2020 жылға дейін  осы мәселені толық шешеміз», – дейді әкім. Елорда басшысы мектептегі орын жетіспеушілігін жою үшін әлі де 3 жыл уақыт қажеттігін айтады. Ал оған дейін ұстаздар бір сыныпта 40-50 баланы оқытуға мәжбүр болатын түрі бар. Сондықтан, мұғалімдер бір мұғалім мұнша баламен жұмыс істейтін болса, білім сапасының мүлдем төмендеп кетуі мүмкін екендігін айтуда. Расында да, 45 минут ішінде 45 баланың білімін тексеріп, оларға жаңа сабақты ұғындыру қиынның-қиыны болмақ. Мұндай жағдайда сапалы білім туралы сөз қозғап та қажеті жоқ секілді. Бір сыныпқа 40-50 баланы кірігізіп алып, сабақ өтетін ұстаздан қандай біліктілік, баладан қандай білім талап ете аламыз? Мектептегі орын жетіспеушілігі тек Астана қаласында ғана тіркеліп отырған жоқ. Еліміздің оңтүстік астанасындағы жағдай да осыған ұқсас. Алып шаһарда орналасқан кей мектептерде оннан астам бірінші сынып бар. Олардың әрқайсысында 35-45 оқушыдан топтастырылған. Тұрғындар саны көп Оңтүстік Қазақстан облысындағы ахуал да оң емес. Облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов өңірге 205 жаңа мектептің қажет екендігін мәлімдеді. «Бүгінде 205 мектептің 39-ының құрылысы басталды. Өкінішке қарай, республикалық және облыстық бюджеттен салынатын мектептердің жобалық сметалық құжаттарын дайындау, мемлекеттік сараптамадан өткізу облыста баяу», – деп атап өтті Исатай Сағындықов. Облыстық білім басқармасы ұсынған дерекке иек артсақ, биылғы қыркүйекте 73 мыңнан аса бала бірінші сыныпқа барады. Жыл сайын мектеп табалдырығын аттайтын балалар санының артуы мектеп тапшылығы мәселесін одан әрі күрделендіруде. Сондықтан облыстық білім басқармасы жаңа мектептерді алдағы 4 жыл ішінде салып бітіру қажет деп отыр.

Жастар ұстаз болудан неге қашады?

Әр жыл сайын мектеп табалдырығын аттайтын оқушылардың көбейгені көңілімізді қуантқанымен, орта мектептердегі орынның тапшылығы алаңдаушылық тудыратыны рас. Ал мұғалімдердің жетіспеуі тіпті, күрделі мәселеге айналып отыр. Ресми деректерге жүгінсек, бүгінде Қазақстан мектептерінде 4480 мұғалім жетіспейтін көрінеді. Әсіресе, бастауыш сыныптар, математика, орыс, ағылшын тілі, физика, химия пәндерінің мұғалімдері тапшы. Мектептерге 691 бастауыш сынып, 599 математика, 587 орыс тілі, 445 ағылшын тілі, 299 физика, 259 химия, 217 информатика, 270 ән-күй пәнінің мұғалімі қажет. Тамыз кеңесінде астаналық педагогтар бала оқытатын ұстаздың жетіспей жатқандығын атап айтқан болатын. Биылғы жаңа оқу жылында төменгі сыныптарға сабақ беретін 150 мұғалім жетпейді екен. Алдағы үш жылда Астанаға әлі тағы үш мың ұстаз бен мың балабақша тәрбиешісі қажет болады. Сондықтан тамыз кеңесіне жиналған мектеп директорлары қала әкімі Әсет Исекешевтен маман тапшылығын шешіп беруді сұрады. Бұл сұраққа қала басшысының да жауабы әзір екен. Әкімнің айтуынша, елордадағы жоғары оқу орындары төменгі сыныпты оқытатын мамандар даярламайды. Егер университеттер бас қалаға қажетті мамандарды дайындауды қолға алса, әкімдік қала бюджетінен жылына 200 грант бөліп, қолдау көрсетуге дайын көрінеді. Ұстаз тапшылығы Атырау облысы үшін де өзекті болып отыр. Мұнда биыл жаңа оқу жылына 102 жас маман жұмысқа қабылданды. Бірақ бұл – өте аз. Тапшылықты жою мақсатында биыл облыстық әкімдіктен қаралған 222 білім грантының 178-і осы педагогика саласына бөлінді. Алайда олардың алғашқы легі енді 4 жылдан соң ғана мамандық иесі атанады. Жалпы, Атырау облысына бүгінгі таңда 341 педагогикалық мамандық иелері жетіспейді. Атап айтатын болсақ, орыс тіліндегі сабақ беретін, физика, математика, бастауыш сынып мұғалімдері және дене шынықтыру, алғашқы әскери дайындық мамандықтары бойынша сабақ беретін ұстаздар тапшы. Негізінен, Қазақстанда оқушы саны жыл сайын өсіп жатқанымен, мұғалім мамандығында оқитын студенттер саны соңғы бес жылда өзгермеген. 2011 жылы Қазақстан университеттерінде 118 мың адам мұғалім  мамандығында оқыса, 2016 жылы бұл көрсеткіш екі-ақ мыңға өскен.  2000 жылдары мұғалім мамандығына бөлінген грант саны аз болды. Кейінірек Білім және ғылым министрлігі мұғалім тапшылығын шешу үшін осы мамандыққа бөлінген гранттар санын арттыра бастады. 2016 жылы  педагогикалық мамандықтарға бес мың грант бөлсе, биыл 6385 грант қарастырылған. Бірақ педагогтарды дайындауға бөлінген гранттар санын арттыру мектептегі мұғалім тапшылығын толықтай жоя ала ма? Бұл жағы әзірге күмәнді мәселе болып тұр. Жалпы, мектепке қызметке келетін жас мамандардың жоқтығынан балаларды әлі күнге дейін зейнет жасындағы педагогтар оқытып келеді. Бір жылдары Мемлекет басшысы мұғалімдердің «жиырма бес жылдық еңбек өтілімен зейнетке шығуы» туралы мәселе көтерген болатын. Сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова Қазақстанда зейнет жасының қысқартылмайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, «еңбекке жарамды жас» қысқарған сайын болашақ зейнеткерлердің зейнетақысы да азая түседі екен. Жасыратыны жоқ, Қазақстандағы мұғалімдердің көпшілігі – бұрыннан дәріс беретін ұстаздар, олардың зейнет жасына таяғандары да көп. Әсіресе, ауылдық жерлерде орыс тілі, ағылшын тілі, информатика, химия, физика сынды пәндердің оқытушылары жетіспейді. Ал қолында дипломы бар жас маман лажы болса, ұстаздық қызметке жақындамауға тырысады. Неге жастар мұғалім болудан қашады? Мұның себебін ең алдымен жалақының аздығымен байланыстырып жатады. Бірақ жастардың ұстаздық міндеттен қашуының себебі тек жалақының аздығында ғана болмаса керек. Әу бастан мұғалім болғысы келмей, оқуға ата-ананың айтуымен, туыстардың мәжбүрлеуімен түсетіндердің көптігін сіз бен біз жақсы білеміз. Тіпті, әйтеуір бір дипломға қол жеткізу үшін оқитындар да жоқ емес. Ал оқу орнын үздік тәмамдаған соң басқа мамандықтың тізгінін ұстап кететіндігі тағы бар. Өйткені мектепте қызмет ете жүріп мансаптық өсу түгілі, жақсы жалақыны армандаудың өзі мүмкін еместігін жастар жақсы біледі.

Серіктес жаңалықтары