2123
«Қаз дауысты Қазыбек би жолымен: бабаларға тағзым!»
«Қаз дауысты Қазыбек би жолымен: бабаларға тағзым!»
Таяуда Қарағанды облысында қазақтың қабырғалы биі – Қаз дауысты Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шара өтті. Қарқаралы ауданы, Егіндібұлақ ауылында ұйымдастырылған шараға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова қатысты.
Салтанатты іс-шара қазақтың ұлы биінің туған жері – Қарқаралы ауданы, Егіндібұлақ ауылында өтті. Оған Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар жетекшілері, қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты. Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Президентінің салтанатты іс-шараға қатысушыларға арналған құттықтауын оқып берді. Онда Қаз дауысты Қазыбек би бабамыз ұлтымыздың тарихында есімі алтын әріппен жазылған қайраткер тұлға екені атап өтілді. «Бүгінгі тәуелсіз, бейбіт әрі өркендеген Қазақстан – ата-бабаларымыз арманының орындалғанының белгісі. Осының бәрі халқымыздың бірлігі мен ынтымағының арқасы. Біз – өткенімізді қастерлеп, бүгінімізді қадірлей отырып, болашаққа зор үмітпен қол созамыз» делінген.
Іс-шараға қатысушылар Қазыбек би ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. «Бұл тойдың өтуі – елдіктің нышаны, ажырамас береке-бірліктің арқасы. Тарих жылнамасына үңілсек, Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің ұлы асқақ арманы қазақтың тұтастығы еді. Сондықтан үш би қиянатқа жол бермес парасаттылықтың символына айналды. Ең алдымен Елбасы айтқан біртұтас ұлттың перзенттерін тәрбиелеу үшін біз Қазыбек бидің бейнесін мемлекеттік деңгейде қарастыруымыз қажет. Осыны біз келешек ұрпақтың санасына сіңіруді мақсат тұтқанымыз абзал», – деді өңір басшысы Ерлан Қошанов.
Сонымен қатар, Қарағанды облысының шығармашылық ұжымдары әзірлеген «Қаз дауысты Қазыбек би» атты театрландырылған қойылым көрсетілді. Балқантаудың бөктеріне жүзден астам киіз үй тігілді. Қазыбек биге арналған халықаралық айтысқа қатысушы ақындар арнауын төгіп, еліміздің танымал әртістерінің қатысуымен мерекелік концерт өтті. Шара қазақ күресі және аламан бәйге сияқты спорт жарыстарымен жалғасты.
Жалпы, Қазыбек бидің 350 жылдығын тойлау үш айға созылмақ. 30 тамызға дейін Қарағанды облысы аумағынан Қызылорда, Түркістан, Тараз, Шымкент қалалары арқылы жүріп, Өзбекстанның Ташкент, Науаи қалаларына дейін баратын «Қаз дауысты Қазыбек би жолымен: бабаларға тағзым!» атты халықаралық автокеруен жолға шықты. Алдағы уақытта бірнеше мәдени шаралар ұйымдастырылады.