ХХІ ғасырдың тілі: Жаңа істің жұмбағы көп

ХХІ ғасырдың тілі: Жаңа істің жұмбағы көп

ХХІ ғасырдың тілі: Жаңа істің жұмбағы көп
ашық дереккөзі
ХХІ ғасыр – білімдінің ғасыры. Білім стандарты да бәсекеге қабілетті маман дайындауға негізделген. Сондықтан бүгінгі ұрпақты кешегімен салыстыру мүлдем қисынсыз. Қазір заман да, талап та басқа. Соның бірі – ағылшын тілін еркін меңгеру. Елбасы өз сөзінде: «Ағылшын тілі – ХХІ ғасырдың тілі. Бұл тіл қазақты дүниеге танытатын, әлемдік деңгейге шығаратын тіл» деген-ді. Рас, бүгінгі жастар бар жағынан қабілетті. Бірнеше тілде сөйлейтін ұрпақтың заманы туды. Жаһандану дәуірінде көштен қалмай келе жатқан еліміз білім ұяларында ағылшын тілі пәнінің өрісін кеңейтуге кіріскені де сондықтан. Осы тұрғыда тағы да Елбасы Н.Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі – Жаңа Қазақстан» атты жолдауында айтылған «Қазақстандықтардың жаңа ұрпағы кем дегенде үш тілді меңгеруі керек – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлеуі шарт. Көптілділік біз үшін қалыпты жағдайға айналуы керек. Еліміз бүкіл әлемге үш тілді еркін пайдаланатын, жоғары білімді ел ретінде танылуы тиіс» деген пікірі ойға оралады. Алайда ағылшын тілін білім ошақтарында үйретуге байланысты бір кілтипан бар. Соңғы жылдары еліміз үштілділік саясатын балабақшалардан бастап жүргізе бастағаны белгілі. Өкініштісі сол, ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалімдерге сұраныстың артқаны сол еді, білім мекемелері де абдырап қалды. Нағыз тапшылық сол кезде туындады. Себебі бүгін шет тілі мамандарына жүктелген міндет ауыр. Бұрынғыдай босаңсуға жол жоқ. Тіпті, ауылды жерлерде басқа саланың мұғалімі ағылшын тілінен сабақ берген жағдайлардың кездесетіні жасырын емес. Мұғалімнің айлығы жүріп жатқанмен, есесіне тіл үйреніп жатқан оқушының білімі мардымсыз. Мәселен, таяуда біліксіз мұғалімдердің ағылшын тілінен сабақ беріп жүргендігі анықталды. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ Ақтөбе филиалында білім жетілдіру курстарынан өткен 18 мұғалім кәсіби жарамдылығын дәлелдей алмаған. Олардың дені аудандарда ағылшын тілінен сабақ беріп келіпті. Білім беру саласындағы Ақтөбе облысындағы бақылау департаментінің басшысы Жанна Қайшығұлованың мәлімдеуіне қарағанда, облыста мұғалімдер жетіспейді. Соңғы жылдары мектеп бітірушілер арасында ұстаздық мамандықты қалайтын түлектер өте аз. Дәл қазіргі күні облыс аудандарында ең бірінші кезекте орыс тілі пәнінің мұғалімдері жетіспейтіні белгілі болып отыр. Соның бір салдары шығар, тіпті Байғанин мен Ырғыз аудандарында қазақ тілі пәнінің мүғалімдері орыс тілінен де сабақ бергені жөніндегі деректер тіркелген. Мұндай дәлел еліміздің кез келген өңірінен табылады. Кәсіпке деген адалдық жоқ жерде, абыройдың да болмайтыны ақиқат. Себебі осындай біліксіз мұғалімдердің іс-әрекетінің салдарынан оқушылардың да білім сапасы төмендей береді. Бүгінде орта білім ошақтарында ағылшын тілінің оқытылу көрсеткіші мәз емес. Өйткені мектепте он бір жыл оқыған оқушы жоғары оқу орнына, магистратураға түсерде ағылшын тілінен сүрініп жатады. Осыдан-ақ тілді оқытудағы нәтиженің мардымсыз екендігін байқайсыз. Шынтуайтында, мектепте ағылшын тілін оқытуға қаншама сағат, қаншама қаражат бөлініп келеді. Демек, оқушы тілді мектеп қабырғасында-ақ толықтай меңгеріп шығуына мүмкіндік бар. Бірақ неге 11 сыныпты бітірген мектеп түлегі ағылшын тілінде емін-еркін сөйлей алмайды? Егер білім ұялары балаға тілді аса ыждаһаттылықпен оқытса, ата-ана ай сайын ақшасын шашып, тіл курстарына жаздырмас еді. Айналаңызға қарасаңыз, мектеп жасындағы оқушылардың көбі сабақтан тыс уақытта арнайы тіл курсына қатысады. Бұл мектептегі білім деңгейіне көңілі толмаған ата-ананың соңғы амал-әрекеті. Ал сонда кейбір ағылшын тілінің мұғалімдері не үшін жалақы алып отыр? Бұл заңды сұрақтың қойылатын уақыты да жеткен сияқты. Сөйте тұра, әр жерден жалақыны көтеру мәселесі қылаң беретіні тағы бар.

Ағылшын пәні мұғалімінің жалақысы өсе ме?

Жақында министрлік ағылшын тілін білетін мұғалімдердің жалақысын 200 пайызға өсіру туралы мәселеге қатысты пікір білдірді. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова: «Cәйкесінше белгілі бір ереже бар. Яғни, мұғалім дайындықтан өтіп, ағылшын тілінің белгілі бір деңгейін меңгеріп, мектептерде жоғары сынып оқушыларына химия, физика, биология пәндерінен сабақ береді. Бұл дегеніміз мұғалім біліктілігін арттырып, ағылшын тілінің белгілі бір деңгейін жетік меңгеріп, ағылшын тілінде ғана сабақ береді деген сөз. Сәйкесінше оның жалақысы да өседі», – деп түсіндірді Бибігүл Асылова. Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстанда үш тілді білім беру жүйесін кезең-кезеңмен енгізу процесі жүріп жатыр. Осыған дейін мектептер мен лицейлерде ағылшын тілінен сабақ беріп жүрген мұғалімдердің жалақысы да көтеріледі. «Бұл 200 пайыз лауазымдық қызметақыдан есептелінеді. Яғни, жалақының үстінен шамамен тағы 35 мың теңге қосылады», – деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі. Айтпақшы, министрліктің ағылшын тілінде сабақ беруге дайын мұғалімдердің санына қатысты мәліметтерді жинастырып жатқан жайы бар. «Қыркүйек те келіп қалды, тізім дайындалып жатыр. Кейінірек ағылшын тілін білетін нақты қанша мұғалім бар екенін айтамыз. Қаражат жағын былтыр қарастырып қойғанбыз. Биыл енді нормативті-құқықтық базаны дайындадық. Барлығы нақты болуы керек», – деді министрлік өкілі. Министр Сағадиевтің былтыр ғана Қазақстанда ағылшын тілінде сабақ беретін 30 мың оқытушы керек деп дабыл қаққаны есте. Білім жүйесі үштілділікке көшсе, жоғары сыныптарға ағылшын тілінен тәлім беретін 30 мың педагог қажет болатыны да айтылды. Керісінше, үштілділік жүйесіне көшу процесі кезінде қазақ және орыс тілі мұғалімдерінен еш қиыншылық болмайтын көрінеді. «Бізде қазір 365 мың оқытушы бар. Ал барлық мектептерді қамту үшін әлі 32 мың ұстаз керек. Егер әрбір 20-шы мұғалім 3-3,5 жыл ішінде дайын болатын болса, таза ағылшын тілінде сабақ өту үдерісін жеңіл игере аламыз. Оның үстіне әр жыл сайын бізде жоғары оқу орнын тәмамдаған 13-14 мың түлектер де бар. Алдағы уақытта бізде оқытушылар құрамы жеткілікті бола алады деп ойлаймын», – дейді министр. Тіпті, Сағадиев мектеп мұғалімдерін 9 айдың ішінде ағылшын тіліне үйретіп шығатынын айтып, айды аспанға бір-ақ шығарған еді. «Шынымды айтсам, уақыт қысып жатыр. Біз аталған бастаманың іске асуына қатты алаңдап, жүйкеміз жұқарып жүр. Алайда біздің балаларымыз еш алаңдап жатқан жоқ. Себебі олар дайын екендерін біледі. Ал, біздің зерттеуімізге сәйкес, ата-аналар мен балалардың басым бөлігі үш тілді оқытуды қолдап отыр», – дейді Е.Сағадиев. Оның айтуынша, бүгінде осы саладағы негізгі мәселелердің бірі – мұғалімдердің дайындығы. 2019 жылға дейін ағылшын тілінде сабақ беретін 16 000 мұғалім қажет болады. «Әрине, көп нәрсе әрбір мұғалімнің тіл білу деңгейіне байланысты болмақ. Біздіңше, 9 айдан кейін ұстаздар шет тілде сабақ оқытуға дайын болады. Сөз жоқ, жаңа жүйеге көшкеннен кейін білім берудің сапасын жоғалтып алмауымыз қажет. Сол себепті тілді үйрену мәселесі ғана емес, сол тілде оқытылатын пәнді жетік меңгеру жұмысына да баса назар аударған жөн. Ол үшін тиісті сараптамалар жүргізіледі», – деп атап көрсетті министр. Алайда жоғары білім және жоғары оқудан кейінгі білім беру департаментінің директоры Дарxан Аxмед-Заки, оқытушылардың ағылшын тілінде сабақ беруге әлі дайын емес екеніне екпін түсірген болатын. Министрдің «мектеп мұғалімдерін 9 айдың ішінде ағылшын тіліне үйретіп шығарамыз» деуінің астарында не жатыр? Азғантай уақытта тілді жетік меңгеру мүмкін бе? Білуімізше, ағылшын тілін оқу процесі өзіндік баспалдақтар арқылы жүзеге асады. Ал бұл тұрғыдан жаратылыстану пәндерін ағылшынша оқытатын мұғалімдерге жүк екі есе артылады. Себебі жоғары сынып оқушыларына химия, физика, биология пәндерінен ағылшынша сабақ беру оңайға соға қоймас. Еске сала кетсек, былтыр Алматыға ағылшын тілін үйренуге келген мыңдаған ұстаздың айдалада қалғанын ақпарат құралдары жарыса хабарлады. Еліміздің әр өңірінен келген мыңнан астам оқытушы тиісті ақысын ала алмай, сенделіп қалған соң шу шығарған. Тек қалтасындағы бар ақшасын пәтерақыға жұмсап, басқа қалада да қиналған педагогтар шу шығарған соң ғана сең қозғалды. Осылайша, бір айда тіл меңгерем деген ұстаз қауымының бар арман-тілегі – ағылшын тілін оқу емес, шәкіртақы алу болғанын да аңғару қиын емес. Ал мың ұстазды бір айда ағылшынша сайратамыз деген министрліктің әрекеті ақылға қонымды ма? Министрлік «ағылшын тілін кезең-кезеңімен енгізу қарастырылуда» деген сәтте бұл реформаны іліп әкететін мамандардың әуселесін ойладық. Бұл сауалдың мазалағаны сол екен, министр «Осы мақсатта мұғалімдерді қосымша даярлау көзделіп отыр» деп салды. «Индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасында бізге ағылшын тілін білетін мамандар қажет. Сондықтан инженерлік-техникалық, жаратылыстану ғылымдары бойынша оқытушылар даярлайтын арнайы бөлімдер ашылады. Бір әттеген-айы, білім ордаларының ағылшын тілді оқулықтар мен әдістемелік құралдармен қамтылуы 6 пайыздан әрі аспай отыр. Өзекті мәселенің бірі осы. Қалай болған күнде де Елбасы тапсырмасына сәйкес, көптілділікті дамыту межелі мерзімінде жүзеге асырылуы тиіс» деген пікірін естігенде ағылшын тілі мамандарына жарымай отырғанымызды тағы бір мойындағандай болдық. Сонда ағылшын пәнін оқытатын мамандарды оқушылармен қатар дайындаймыз ба? Бір айта кетерлігі, биыл елімізде 1 қыркүйектен бастап 500 сынып тәжірибе ретінде ағылшыншаға көшеді. Министрдің айтуынша, бұл эксперимент оқушылар мен ата-аналардың келісімімен жүреді. «Жыл бойы ағылшын тілінде оқитын сыныптарды бақылауда ұстаймыз. Осы эксперимент нәтижесінде келесі жылы үш тілде оқыту процесін қоғамда талқылаймыз», – деді ол. Министрліктің дерегінше, қазір 12 мың мұғалім ағылшын тілі курсына жазылған. Қазір төрт мың мұғалім тіл курсын бастаған. Қалғандары тіл оқуды қыркүйекте бастайды. Курс үш айдан тоғыз айға созылады. Тіл курсын оқыған мұғалімдердің жалақысы өсіп, ағылшын тілінде сабақ бере бастайды. Сонымен қатар пәндерді ағылшын тілінде оқыту бойынша жүзеге асатын ауқымды пилоттық тіл курстарын бітірген немесе енді бітіретін 1500-ден астам мұғалім атсалысады. Ағылшынша білгені үшін олардың жалақылары көтеріледі. Әрине, қоғам ағылшын тілінің пән ретінде мектеп бағдарламасына енгізілуіне қарсы емес. Бірақ біз аттап өте алмайтын бір ақиқат бар. Ол – мемлекеттік тіліміздің қолданылу аясын қажетті деңгейге көтеру. Ананың тілі мен ананың сүті – егіз ұғым. Ана тілінің сүтін қанып ішкен баланың дүниетанымы, ұғым-түсінігі, мінез-құлқы, бір сөзбен айтқанда, ұлттық ділі жоғары қалыптасады. Ал өз туған тілінің сүтінен толықтай нәр ала алмаған бала қанша дарынды болса да, ұлттық діңі босаңдау келеді. Қазақта «уызына жарымаған» деген сөз бар. Сондықтан балабақшаларымызды 100 пайыз қазақ тіліне көшіру деген сөз келешек ұрпағымызды уызына қандыру дегенді білдіреді. P.S. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса, сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында...» деуі бекер емес. Бұл бүгінгі ұрпақты ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы. Алайда бұл істе де шалағайлық орын алып, жастардың білім деңгейін құлдыратып алмасақ болғаны.   Айгүл Бердібайқызы, ағылшын пәнінің мұғалімі: – 1 сыныптан бастап ағылшын тілін енгізуге байланысты Елбасының тапсырмасы бар. Елімізде ЭКСПО-2017 шарасын өткізуді, дамыған 30 елдің қатарына енуді алға қойып отырғанда ағылшын тілін меңгеру маңызды. Бастауыш сынып мұғалімі ретінде бізге біраз ауыр тиюі мүмкін. Бұрын төртінші сыныпқа дейін шет тілін оқымайтын едік. Негізі ағылшын, орыс тілін бесінші сыныптан бастап оқыса, меңгеріп кетеді. Өз тілін біліп тұрған бала еш қиналмас еді. Қазіргі қаланың балалары қазақ тілін терең білмейді. Шындығында да, балалар қазақ тілінің 42 әрпін жетік білмей жатып, ағылшын тілін қосамжарланып қалай үйреніп шығады? Тіпті, ағылшын мен орыс тілін екінші сыныптан үйренсе де жарар еді. Бүгінде латын әліпбиіне көшу мәселесі де көтеріліп жатыр. Онда қазақ әріптері қалай таңбаланады? Бұл да бүгін бола қалатын дүние емес. Оны зерттеп, эксперимент ретінде қолданып көру керек. Дұрыс оқулық, дұрыс ұйымдастырған база, білікті мұғалім тобы қалыптасса, түк те қиындығы жоқ. Бізде мұндай мәселе болған емес. Бір жағынан, біз неге әлемдік өркениеттен көш қалуымыз керек? Ал алдыңдағы 25 баланың бәрі ағылшын тілін меңгеріп шығады деу қисынсыз. Оның ішінде де әртүрлі балалар бар. Бірі алғыр, екіншісі жалқау дегендей. Мұның бәрі тіл үйрену қабілетіне байланысты. Сондықтан сабақтан тыс уақытта тіл курсына апарғысы келсе, ата-ананың өз еркі.   Айнұр Дүйсенбиева, ата-ана: Мектепте үш балам оқиды. Үшеуі де ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектепте. Алайда аптасына төрт сағат оқытса да, ағылшын тілінен әріп танудан аса алмады. Сосын амал жоқ, сабақтан кейін курсқа апарамын. Себебі мына деңгеймен мектеп бітіргенше тілді игеріп шығуы күмәнді. Жалғыз біз ғана емес, мектептегі қаншама ата-ана баласын курсқа беріп жүр. Неге мұғалім баланы сөйлете алмайды? Білуімше, қазір бір сыныптың өзінде ағылшын тілі екі топқа бөлініп оқытылады. Бір топта әрі кетсе он екі, он бес бала болуы мүмкін. Жыл бойы сол балалардың білім деңгейін арттыруға болмай ма?   Әділбек Аралбаев, ата-ана: – Ағылшын тілін 1 сыныптан бастап енгізуді қолға алдық. Болашақта мына түрімізбен балаларымызды ағылшын тілін білмеді деп мектептерге алмаймыз демесе болды. Қазақстанның бүкіл тұрғындарына ағылшын не болмаса басқа шетелдің тілін білу қажет пе? Еліміздің 95 пайыз тұрғындары шетелге шықпаса және ағылшын не болмаса басқа шет тілін күнделікті өмірінде қолданбаса, неге 1 сыныптан оқыту қажеттілігі туды екен? Осы сағаттарды ана тілін оқытуға жұмсаған дұрыс болар еді. Жапонияда 12 жасқа дейін балаларды тек қана ана тілінде оқытады, сосын қалаған тілді 1 жыл оқытып, сабақ алуларына рұқсат береді екен. Осылай дұрыс сияқты біз үшін. Әрине, бұл жеке пікірім.