Қиял әлемінің қызықты құпиялары

Қиял әлемінің қызықты құпиялары

Қиял әлемінің қызықты құпиялары
ашық дереккөзі
1707
1985 жылдың жазында «Қазақстан» телеарнасы қазақ ғылыми жанры жөнінде телехабар  ұйымдастырды. Телестудияда  алғаш рет өзім сырттай кітаптарын оқып, суретін көріп, іштей тәнті болып жүрген Ақжан Жақсыбекұлы Машанимен  жүздестім. Ақжан аға қазақ ғылыми жанры жайлы өзі бастап сөйлеп болғаннан кейін бәріміздің сөздерімізді зейін қоя мұқият тыңдаса керек. Мен сөйлеп болғаннан кейін ол  кісі: – Қарағым, бері келші, сөзің ширақ бала екенсің. Менімен хабарласып тұршы, – деді. –  Жарайды,  аға, – дедім мен. Бірақ  себеп болмаған соң, ол кісімен көпке дейін хабарласа алмадым.  Арада жыл өткенде, 1986 жылдың көктемінде «Қазақстан» телеарнасы тағы да басымызды қосты. Ол күні Мәскеуге, бір жарым айлық кәсібилік деңгейін көтеру оқуына  жүрмек едім. Соны естіген Ақжан аға: – Қарағым, қайда жүрсең де аман болғайсың! Мәскеу кетіп барады екенсің, саған  бір өтініш бар. 1983 жылы осы Алматыға Кубейтте шығып тұратын «Әл-Ғараб» журналының тілшісі келіп, сұхбат алған болатын. Сол сұхбат журналда жарияланыпты деп естідім. Соған қолым жетер емес, мүмкіндігің болса ала келерсің, – деді жұмсақ үнмен. – Түсіндім, ала келемін,  – дедім қуанышты кейіпте. Сөзіміз қысқа  болды. Әрбір минуты есептегі телестудияда кідірудің жөні жоқ еді. Ақжан аға бір жапырақ ақ қағазға журналдың атын жазып, соңына қолын қойып берді. Ол журналды Мәскеудегі Шығыс әдебиеттері кітапханасынан таптым. Университетте араб тілін оқығандықтан оқу қиынға соқпады. Сұхбат данышпан энциклопедист ғалым Әбу Нәсір әл-Фараби хақында болған екен.  Журнал тілшісі Ақжан ағаның тегін  «Машани» деп жазыпты.  Ақжан аға ол жөнінде Қазақ Ғылым академиясының үлкен жиынында арнайы айтып, тегін «Машани» деп өзгертті. Содан кейін Ақжан аға: «Ұстаз шәкіртін тапсырма беру арқылы сынайды. Сен менің сенімді шәкіртімсің» деген сөздерін жиі айтып жүрді. Арамыздағы шығармашылық, ғылыми қарым-қатынас нығая түсті. Сол 1986 жылы Ақжан аға сексен жасқа толды. Соған байланысты ол кісінің ғылыми еңбектері жайлы, қазақ ғылыми жанры  жөнінде сұхбат жүргіздім. Ақжан ағаның еңбектері  ғылымның сан-саласын  қамтиды.  Данышпан энциклопедист ғалым Әбу Нәсір  әл-Фарабидің есімі мен еңбектерін тек өзіміз  емес, әлем  халқына паш етті. Геологияның жаңа Геомеханика саласын ашты. Ақжан Жақсыбекұлы Машани 1957 жылы  тек өткен шақта баяндалатын қазақ ертегілері мен аңыздарынан жанрлық табиғаты мүлдем бөлек қазақ ғылыми жанрының іргесін қалаған «Жер астына саяхат» ғылыми-фантастикалық кітабын жарыққа шығарды. Ал сол жылдың 4 қазанында «Жер кіндігі» атанған Байқоңыр ғарыш айлағынан Жердің бірінші жасанды серігі  ғарыш  кеңістігіне ұшып шығып, ғарыш дәуірін ашты. Осылайша, қазақ  ғылыми  жанры  мен  Ғарыш  дәуірі  бірге  бастау  алды. «Жер астына саяхат»  шығармасының  «Алғашқы әңгімелер», «Ұлы тартыс», «Туған жер қазынасы»,  «Қайтуда»,  «Жаңа саяхаттар»  аталған  бес бөлімінде автордың оқырманға  Жер шарының  бүкіл  жұлдызды әлеммен бір жүйеде байланысты екенін түсіндіруге ден қойғаны айқын аңғарылады. Күрделі шығарманың тууына негіз болған қазақ жері мен жалпы Жер шарының қыртысы астында жасырын жатқан, сыры әлі толық ашыла қоймаған мың-сан жұмбақтары мен еліміздің тарихы еді. Кейіпкерлері Жабай мен Қабайдың туған еліміздің тарихи аймақтарына сапар шеге жүріп,  жер қыртысына, оның тауы мен тасына, жалпы тылсым-тірішілігіне, жер асты қазына байлығына, жер асты әлеміне ауған зор ынта-ықыластары мен батыл әрекеттері шығарма идеясын аша түседі. Осы екі кейіпкерінің ғылыми іс-әрекеттері қай оқырманына да болашақ жайлы ой салады. Шығармада Күн жүйесінің пайда болу тарихы, Жер шарындағы тірішіліктің өріс алу  кезеңі  ғылыми негізде тартымды суреттеледі. Ғылыми негізді деректермен  қатар әдеби сарын да орын алған. Бұл оқушыны болашақ заман әлеміне елітіп, жетелеп отырады. Ақжан Жақсыбекұлы Машани қазақ ғылыми жанры хақында «Аспан ертегілері», «Ғылыми жанр – әдебиеттің жанры», «Қисынды болжам да – әдеби жанр», «Фантазия және шындық», «Ғылыми ойдың әдеби жолы», «Әңгіме ғылыми жанр туралы», «Аспан баспалдағы», «Үшкіл шал», «Сиқырлы жеті әрліп» және  басқа да көптеген мақалаларын жариялап, зейіні зерек оқырмандарға бұл жанрдың табиғатын түсіндіре келе, оның келешегіне болжамдар жасады. «Әңгіме ғылыми жанр туралы» мақаласында Ақжан Жақсыбекұлы Машани: «Біздің қазақ әдебиеті үшін дәл қазіргі кезде ғылыми жанрды өркендетуге жағдай туып отыр. Олар мыналар: талай-талай ғалымдар мен жазушыларымыз бар, жалпы мәдениет пен әдебиеттің өркендеуі арқасында ғылымға бойұрғандық талап бар: ғылыми жанрдың қазақша үлгілері үрдіс ала бастады. Осылардың барлығы – қажетті болып отырған ғылыми жанрдың негізгі фундаменті» деп жазып, бұдан жетпіс жыл бұрын-ақ қазақ ғылыми жанрының нақты орнын белгілеп берді. Оқырманын ғылымның қызықты қиырына жетелейтін «Ғажайып от ошағында», «Табу» ғылыми-болашақтық, терең философиялық кітаптары, өзі бастап жазған «От-тас» повесть-буриме кітаптары  ғылыми жанрдың негізін қалады. Ақжан Жақсыбекұлы Машани бастамасын Медеу Сәрсеке «Ғажайып сәуле», «Көрінбестің көлеңкесі», «Жетінші толқын», Талап Сұлтанбеков «Көшпелі алтын», «Лұқпан һәкім», Шоқан Әлімбаев «Данышпадық алфасы», «Данышпандық субстанциясы», «Данышпандық формуласы»,  Шәмшиден Әбдіраман «Көрінбес қорған», «Әл-Фараби көпірі», «Әлмисақ», Төлеу Шаханов «Көгілдір мұнаралар», Төлеш Сүлейменов «Жұлдыз адамы», «Алианна – жұмбақ нысан», «Қиял әлеміне саяхат» кітаптарымен жалғастырды. Сол кезде жаңадан жарық көрген республикалық ғылыми-көпшілік «Білім және еңбек» журналының беттерінде көптеген авторлардың ғылыми-болашақтық әңгімелері, повестері мен романдарының журналдық нұсқалары жарияланды. Кейінгі  жылдарда Абдул-Хамид Мархабаев «Ғарыштағы қымыз», «Арал әуендері», «Балалардың аман қалғанын айт», «Аспанға құлады да кетті», «Жарылқаушы...», «Тосын ғарышхат», «Шортан планетасы, сен күнәлісің!» кітаптары, «Қызық қиял», «Қолыңды әкел, келешек. Қазақ фантастикасы: кеше, бүгін және...», «Қазақ фантастикалық әдебиеті. Жылнамалау, қарастыру, топтастыру, даралау, қисындау, дәйектеу», «Қазақ фантастикасының поэтикасы» зерттеу еңбектері, «Ислам – Ғылым – Журналистика» оқулығымен жанр кеңістігін кеңейтті. Жазушылар Төлен Әбдіков «Айтылмаған ақиқат», Машһар Гумеров «Жұмбақ сәуле», Советхан Ғаббасов «Кәусар» кітаптарын қосты. «От-тас», «Жібек жел», «Қызыл сәуле», «Жерұйыққа саяхат» авторлар жинақтары шықты. Рысбек Баймаханов «Қаратауға қонған жұмбақ кеме», Нәрбин Кенжеғұлова «Қиын шешім», Раушанбек Бектібаев «Ионосферадағы қызыл алаң», «Қайта оралған Қорқыт ата», Сарманбай Исақов «Үрей жайлаған дала»  кітаптары арқылы жалғастырып әкетті. 2011 жылы 1-2 желтоқсанда Астанада қазақ ғылыми жанры тарихында тұңғыш рет жазушы-болашақгерлердің Бірінші Халықаралық конгресі болып өтті. Конгресс жұмысы барысында осы жолдардың авторы «Қазақ ғылыми жанрының даму қарқыны» тақырыбында баяндама жасады, арнайы залда қазақ жазушы-болашақгерлерінің «Байқоңырдан – Болашаққа» кітап көрмесі салтанатты түрде ашылып, жұмысын жүргізді. Конгресте  қазақ  тіліндегі ғылыми жанрды дамыта түсу, жастар арасында кең ауқымда насихаттау, шығарма сапасын арттыру мәселелері қозғалды. Қазақ ғылыми жанры бүгінде де қарқынды дамуда. Оған Қазақстан Жазушылар одағының тарапынан мол қолдау көрсетіліп келеді. Өткен, 2016 жылы Қазақстан Жазушылар одағының әдеби жылдық қорытындысында жасаған  баяндамасында  ғылыми жанр кеңесінің төрағасы, жазушы-болашақгер, педагогика ғылымының докторы, профессор Шәмшиден Әбдіраман әдебиетімізге «фантастика» терминінің қалай еніп кеткенін: «Өткен  жиырмасыншы ғасырдың  басында есімі мен шығармашылығы әлем оқырмандарына белгілі Жюль Верннің (дұрысы Julies Verne) ғылыми-саяхаттық, ғылыми –географиялық деп жазған романдарын орыс тіліне аударғанда ағылшынның  Shience Fiction – ғылыми-болашақтық терминін гректің фантазия сөзіне теліп жібергені белгілі. Сөйтіп, бұл термин Кеңес Одағы аясында, бізде кең тарап кетті», – деп түсіндіре келе, осы баяндамасында тегімізді орыс жұрнағынан арылтып, қазақшалайтын мезгілдің әлдеқашан жеткенін ашық айтты. Осы тектес баяндамалар арнайы жинақтар мен мерзімді басылымдарда жарық көріп келеді. Қазақ ғылыми жанры хақында Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде үш диплом, бір магистрлік диссертация қорғалып, «Жұлдызды жолдың сардары» монографиясы жарық көрді, Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде бір диплом қорғалды. Мерзімді басылымдарда ғылыми жанр жетістіктері мен болашағы хақында жазылған еңбектер жиі көрінуде.

                                           Жүніс Сақұрпағы,

жазушы-болашақгер

 

Серіктес жаңалықтары