306
Әлеуметтің әлеуеті
Әлеуметтің әлеуеті
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасын жария еткен кезде былай деген еді: «Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда әлеуметтік мемлекеттің берік іргетасы қаланды. Қазақстан объективті түрде орташа Еуропа елдерінің әлеуметтік даму сапасы деңгейіне нақты жақындады».
Одан бері де бірнеше жыл сырғып өте шықты. Тәуелсіз Қазақстан демократиялық даму жолымен өсіп-өркендеп келеді, елімізде саяси әлеуметтік жаңғырту жалғасып жатыр. Тәуелсіз мемлекетімізде азаматтық қоғамның іргетасы нық қаланып, қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі жоғарылап, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері оңтайлы шешіліп келеді. Бұл – Елбасы саясатының нақты нәтижесі. Өйткені, мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев әлеуметтік мәселелерді «кейінге» қалдыруға болмайтынын айтып, экономикалық қиындықтарға қарамастан бұл салаға айрықша назар аударып, елеулі істерді еңсерді. Оның нәтижесі мен игілігін Қазақстан халқы көріп отыр.
Сонымен, егемен елімізде әлеуметтік саясат нық орнықты. Енді бұл бағытта алға қойылған нақты міндеттер мен мақсаттарды жүзеге асыру қажет. Бұл айтуға оңай болғанымен, орындалуы қиын күрделі мәселе. Өйткені, оның түп-тамыры кешегі кеңестік кезеңге жалғасып жатыр. «Мемлекет өлтірмейді» деген масылдық пиғыл кейбіреулердің санасына сіңіп қалғаны соншалық, олар жанын қинап жұмыс істегісі келмейді. Бірақ, соған қарамастан жақсы да жайлы өмір сүруді қалайды.Арқаны кеңге салатын уақыт емес қазір. Нарықтық экономика жағдайында адам еңбегі бірінші кезекке шығуы тиіс. Мемлекетке алақан жаятын масылдық пиғылдан түбегейлі арылу қажет. Өйткені, бұл әлеуметтік жаңғыртуға кедергі келтіретін кесел-кесапат. Әлеуметтік масылдық жаппай белең алған жағдайда мемлекеттің экономикалық құлдырауы мен дағдарысына әкелуі әбден мүмкін. Керек десеңіз, дамыған елдердің өзін іштей іріп-шірітетін, кері тартатын осындай келеңсіздіктің алдында дәрменсіз болып қалуы әбден мүмкін. Оны жоюдың бір-ақ жолы бар: ол - жалпыға бірдей еңбек. Елбасының Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын ұсынғанының да түп-төркіні осында жатса керек. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев осы еңбегінде «Әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, барлық экономикалық және мәдени байлықтар виртуалды қаржы институттарымен емес, адамның еңбегімен жасалады» деген еді. Шынында да солай ғой. Масылдықты ысырып қойып, жұрттың бәрі жаппай жұмыла жұмыс істесе, алынбайтын асу жоқ екені айдан анық. «Мемлекет шетсіз-шексіз донор емес, азаматтар әл-ауқатының өсуі үшін жағдай туғызатын әріптес» деген болатын Елбасы. Тәуелсіз мемлекетіміз осы әріптестікті жоғары деңгейде орындап келеді. Ең бастысы, еңбек адамы үшін барлық жағдай жасалып отыр.
Павлодар облысында күре жолдың бойында, облыс орталығынан бар-жоғы 70 шақырым қашықтықта Қалқаман кенті бар. Кеншілер қаласы -Екібастұз да Қалқаманнан алыс емес, отыз шақырым. Бірақ, соған қарамастан, күнкөрістің қамымен жақын қалаларға Қалқаманнан үдере көшіп жатқан халық жоқ. Неге?
–Өйткені, жұмыс істеймін, табыс табамын деген адамға Қалқаманда да, айналасындағы ауылдарда да мүмкіндік мол. Қазір жер-жерде кооперативтерді құруға талпыныс жасалып жатыр ғой. Өте дұрыс қадам.Ұзақ жыл ауыл шаруашылығында қызмет жасағандықтан, бұл саланың жай-жапсарын бір кісідей білемін. Кооперативтер құрылса, ауыл шаруашщылық өнімдерін тиімді бағаға өткізумен бірге жаңа жұмыс орындары ашылады,- дейді Ақсу ауданының құрметті азаматы Жамбыл Түсіпбеков. – Тағы бір айтарым, Елбасының еңбекті бағалау, еңбек адамының беделін көтеру бағытындағы саясатын толық қолдаймын. Бұл әлеуметтік жаңғырту мақсатындағы жұмыстың нәтижесі. Жаңа өндірістер мен жұмыс орындары ашылып, орта тап қалыптасып, әлеуметтік кепілдемелер кеңейе түсті. Мұның бәрін халық көріп-біліп отыр, олардың санасына сілкініс жасайтыны сөзсіз.
Жамбыл Түсіпбеков әлі де болса ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, аз жұмыс істеп, көп «табыс» табуды ойлайтындар, ауадан ақша жасауды көксейтіндер бар екендігін бүгіп қала алмады. Мұны Елбасы әлеуметтік инфантилизм деген еді. Бұл да әлеуметтік жаңғыртуға кесірін тигізетін кесел.
– Әлеуметтік жаңғырудың нәтижелі болуы адамдардың белсенді іс-қимылына, ақ-адал еңбегі мен әлеуметтің шығармашылық әлеуетінің ашылуына тікелей байланысты. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік жаңғыруға бәріміз де белсенді үлесімізді қосуға тиістіміз. Өйткені, мұның бәрі қазақстандықтардың жақсы тұрмыс-тіршілігі үшін жасалып жатқан қадам. Көп ұзамай әлеуметтік жаңғыртудың нәтижесін толық байқайтын боламыз. Оған ешқандай күмән жоқ. Өйткені, әлеуметтік саладағы реформа бойынша Қазақстан басқа мемлекеттерге үлгі. Басқасын айтпағанда, зейнетақы жүйесі, денсаулық сақтау, білім беру салаларын алайықшы. Мақтанышпен айтуға болатын жұмыстар жүзеге асқан жоқ па? Әлемді экономикалық дағдарыс кезіп жүр, ал Қазақстандағы халықтың тұрмысы мен күнкөрісі басқа елдермен салыстырғанда көш ілгері,- дейді Жамбыл Түсіпбеков.
Иә, елімізде әлеуметтік жаңғырту жұмыстарын одан әрі тереңдету бағытында кешенді іс-шаралар жүзеге асып келеді. Бұл үшін, ең алдымен, әлеуметтік заң шығаруды жаңарту белсенді қолға алынды. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, азаматтық қоғам институттарының қызметі және тағы да басқа әлеуметтік маңызды салалар арнайы заңнамалық актілермен реттеле бастады. Бұл салаларда әлі де болса заңнамалық тұрғыда түйінді мәселелер бар. Мәселен, Ұлттық бірыңғай тестілеу. Бұл туралы Елбасы да айтқан болатын. Тиісті министрлік тапсырмаға сәйкес жұмыстарды жүргізіп, тестілеудің тәртібіне өзгерістер енгізілді. Міне, осындай өзекті мәселелерді заңдық тұрғыда реттеу арқылы әлеуметтік жаңғырту жалғасатын болады.
Әлеуметтік-еңбек қатынастарының тиімді моделін қалыптастыру, қазақстандықтардың тұрмыс-тіршілігін жақсартып, өмір жасын ұлғайту, әлеуметтік процестерді мемлекеттік басқарудың оңтайлы жүйесін қалыптастыру бағытында да ауқымды іс-шаралар жүзеге асып келеді. Бұл әлеуметтік жаңғырту мақсатындағы нақты қадам екені сөзсіз. Оның бәрі әлеуметтің әлеуеті арқылы жүзеге асады.
ҒАЛЫМ ОМАРХАНОВ, АСТАНА