ҰБТ таяған сайын түлектердің үрейі үдей түседі

ҰБТ таяған сайын түлектердің үрейі үдей түседі

ҰБТ таяған сайын түлектердің үрейі үдей түседі
ашық дереккөзі
589

Мамыражай мамыр айы да соңына таяп қалды. Бірнеше күннен кейін оқушылар тағы бір оқу жылын артқа қалдырып, жазғы демалысқа кетеді. Ал мектеп бітіруші түлектер соңғы қоңырау мерекесінен кейін білім сынағынан өтуге әзірленеді. Түлектер ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындықты әлдеқашан бастап-ақ кеткен. Тек сынақ уақыты жақындаған сайын жүректері дүрсілдеген түлектердің көңілдеріндегі үміт пен күдік арпалыса бастайды. Жыл сайын жаңалық енгізуден жалықпайтын Білім және ғылым министрлігі биыл да ҰБТ-ға тың өзгерістер енгізген көрінеді.

Он бір жыл ойландырған ҰБТ

 Мектеп бітірушілердің білімін сынау жүйесінің отандық білім саласында қолданылып жүргеніне 11 жылдың жүзі болды. 2004 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мектеп түлектерінің білімін бағалау үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу атты жаңа ерекше жүйені енгізген болатын. Алғашқы жылдары түсініксіз болған ұлттық бірыңғай тестілеудің жыл сайын күшейтілген талаптары қазір мұғалімдердің, оқушылар мен ата-аналардың уайымын арттыра түсуде.

Тестілеуден өту үшін түлектер мектеп бағдарламасындағы 5 пән бойын­ша 125 сұраққа жауап беруі тиіс, әрбір пәнге 25 сұрақтан белгіленген. Оның төртеуі міндетті пәндер, ал бесіншісі бейінді пән. ҰБТ сұрақтарын Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығы жыл са-йын жалпы білім беру пәндерінің бағдарламалары негізінде құрастырып отырады. Бірыңғай тестілеу білім беру ұйымдарын объективті бағалауға, олардың нақты рейтингісін көрсетуге, оқушылар мен мұғалімдердің білім алудағы жоғары нәтижелеріне талпынысын ынталандыруға септігін тигізеді екен. Ал көптің үрейін ұшырып жүрген ҰБТ-ның мақсаты – жоғары білім алуға барлық бітірушілердің тең дәрежеде қол жеткізуі, білім берудің сыртқы тәуелсіз бағалау жүйесін құру. Жалпы, бұл сынақтың екі кезеңдік жобасы бар. Бірінші жоба бойынша тестілеуді еліміздің мектеп бітіруші түлектері тапсырады. Ал екінші жоба бойынша жоғары оқу орнына мемлекеттік білім грантын алғысы келетіндер, колледж түлектері, өткен жылғы мектеп бітірушілер, тесттен өту балын жинай алмағандар, шетелдіктер кешенді тестілеу тапсыруға міндеттеледі. Кешенді тестілеу де ҰБТ тәртібімен жүргізіледі. Ұлттық бірыңғай тестілеу мен кешенді тестілеудің айырмашылығы тілдік тесттің тапсырылмайтындығында. Кешенді тестілеу барысында қазақ мектептерінің оқушылары орыс тілінен, ал орыс мектебінің оқушылары қазақ тілінен тест тапсырмайды.

Жалпы орта білім беру ұйымда­рында оқушылардың қорытынды аттестауының бір түрі саналатын тестілеу жүйесі техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім беретін білім беру ұйымдарына түсу емтихандарын біріктіруді көздейді. Яғни, мектептегі бітіру емтиханы мен жоғары оқу орнына түсу емтиханы бірге өткізіледі. Осы жүйе енгізілгелі оқушылар бұрынғыдай билеттермен емтиханға дайындалып, шығарма жазуға әзірленуді ұмытты. Аттестат алу үшін бір рет, жоғары оқу орнына түсу үшін екінші рет емтихан тапсырудың қажеттілігі жоқ болғандықтан, бұл жүйе оқушылар үшін де, ата-аналар үшін де, мұғалімдер үшін де өте ыңғайлы деген болатын әуелде. Алғашқы жылы ҰБТ ең әділ сынақ жүйесі деп барлығы сенім білдірген.

Бірыңғай тестілеудің технологиясы елімізге дамыған шет мемлекеттердің білім салаларының тәжірибесінен іріктеліп алынды. Қазақстандық Білім және ғылым министрлігінің жауапты қызметкерлері бұл жүйені барынша сапалы өткізуге күш салып келеді. Әрине, ҰБТ-ның өзіндік артықшылықтарын жоққа шығаруға болмайды. Десек те, жаңа сынақ жүйесін жыл сайын өткізудің барысында түрлі заңбұзушылықтар анықтала бастағанын да жасырып-жаба алмаймыз. Тестілеу кезінде ұялы телефон, калькулятор, түрлі анықтамалар мен шпаргалкалар пайдалануға тыйым салынғанымен, ережеге қарсы әрекет жасайтын түлектер саны жыл сайын көбеюде. Әрбір жыл сайын құзырлы мемлекеттік органдар заңбұзушылықтардың қайталанбайтындығын айтса да, еш өзгеріс жоқ. Ұлттық бірыңғай тестілеудің жауаптары талапқа сәйкес мемлекеттік құпия болып саналады. Алайда белгісіз бір жолдармен сол жауап­тар тест тапсырушылардың қолынан табылатыны да талай мәрте сөз болды. Мұндай жағдайдың 2011 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында орын алғаны көптің есінде болар. 2011 жылдың 4 маусымында Жаңақорған ауданының орталығында орналасқан №163 мектепте аудандағы мектеп бітірушілердің алғашқы легі ҰБТ тапсырған. Сынаққа қатысқан 505 түлектің 90 пайызы өте жоғары нәтижеге қол жеткізген еді. Бұрын-соңды болмаған мұндай көрсеткіштен кейін оқушылардың қолына тест жауаптарының түскені белгілі болды. Былыққа жол бергендер Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері болып шықты. Нәтижесінде, мемлекеттік құпия саналатын тест сұрақтары мен жауаптарын тасымалдауда қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмады деген айыппен Шиелі аудандық ҰҚК бастығы 5 жылға, қарамағындағы қызметкері 4 жылға бас бостандығынан айрылған болатын. Бұл – бірыңғай тестілеудегі жария болған былықтың бірі ғана. Бұдан өзге де ҰБТ технологиясы мен оның ұйымдастырылуына қатысты айтылатын сын жетерлік.

21 мың 200 жаңа сұрақ енгізілді

Биылғы жылы да Білім және ғылым министрлігі ҰБТ тәртібінің қатаңдай түсетіндігін ескертті. 2014-2015 жылғы оқу жылын тәмамдаған мектеп бітірушілер ұлттық бірыңғай тестілеуді жаңа тәртіппен тапсыратын болады. Бұл туралы өткен аптада Астанада өткен брифингте белгілі болды. Әдеттегідей, бұл жылы да тест сұрақтары жаңартылмақ. Ұлттық бірыңғай тестілеу сұрақтары қатарына биыл 21 мың 200 жаңа сұрақ енгізіліп отыр. Биыл сұрақтардың ішінде логикалық және функционалдық тапсырмалар көбірек қосылған. Ал тест тапсыратын аудиторияны ІТ мамандар қадағалап, шпаргалкамен қолға түскен оқушылар биыл жоғары оқу орнына түсу құқығынан біржола айрылады. ІТ мамандар тест тапсыратын аудиторияда ұялы байланыстың болмауын, бейнебақылау камераларының дұрыс жұмыс істеуін, жауап парақтарындағы белгіленген нұсқалардың дұрыс есептелуін қадағалайды. Білім саласына жауапты мамандар осындай тәсіл арқылы ҰБТ кезіндегі тәртіпті күшейтпек. Ал тест тапсыру кезінде бітірушіден тыйым салынған заттар мен шпаргалка табылса, ол аудиториядан шығарылады. Сөйтіп бітіруші тест тапсыру құқығын жоғалтады. «Онда тест материалдары жойылып, мектеп бітіруші аудиториядан шығарылады. Ол биыл жоғарғы оқу орнына түсу құқығынан айырылады. Бірақ мектепте емтихан тапсырып, аттестат алуына толық мүмкіндігі болады», – деп мәлімдеген Алматы қаласы білім саласын бақылау департаментінің басшысы Қанай Батырбаев. Министрліктің тест талаптарын барынша қиындата түсуіне жыл сайын түрлі тыйым салынған заттар мен шпаргалка пайдаланушылардың қатарының артуы себеп болғаны жасырын емес. Қазір мектеп бітіруші түлектер ҰБТ-ға дайындық барысында шпаргалканы қалай пайдалану қажеттігін де меңгеретіні талай оқушылардың әңгімесіне арқау болып жүргені рас. Оқушылардың шын білімін айқындауға тиісті ұлттық бірыңғай тестілеудің балаларды қулыққа үйрете бастағанын әлі де аңғармай жүрміз-ау.

Астанадағы брифингте осыған дейін Қазақстан бойынша ҰБТ 155 пунктте тапсырылып келсе, биыл тест тапсыратын орын саны 165-ке жететіні айтылды. Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Саят Нүсіпов: «Бұрын бір күнде бір пунктте 800-ге дейін түлек тест тапсыратын. Бұл ҰБТ тапсыруды ұйымдастыру жұмыстарына қосымша жүктеме болатын. Биыл бұл жүктемені жеңілдету үшін бір күнде бір пунктте тест тапсыратын түлек санын 600-ге дейін азайтатын болдық», – деп отыр. Сондай-ақ, биыл түлектер тестілеу нәтижесін аты-жөні арқылы емес, өздеріне берілетін идентификациялық нөмірі арқылы ғана біле алады.

Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы – түлектердің тестілеу кезінде алған бағасы мен жылдық қорытындысы қосылып, орташа арифметикалық бағамен есептеледі. «Ұлттық бірыңғай тестіні тапсырған кездегі алынған баға мен қорытынды бағаның орташа арифметикалық бағасы қойылады. Егер де дау туған жағдайда, баға жоғарылатылады. Мысалы, егер де оқушы тест тапсырған кезде 4 деген баға алса, ал енді оның қорытынды бағасы 5 болған жағдайда онда оқушыға жоғарылату мақсатында 5 деген баға қойылады», – дейді Қанай Батырбаев. Республика бойынша ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары көрсеткіш көрсетіп, алдыңғы орында келе жатқан Алматы қаласында биыл 7905 оқушы алтын ұясымен қоштаспақ. Ал оның ішінде ұлттық бірыңғай тест тапсыруға 6247 бітіруші өтініш білдіріпті. Олардың 279-ы «Алтын белгіге» үміткер. Он бірінші рет өткізілгелі отырған ұлттық бірыңғай тестілеу маусым айының 2-сі мен 15-і аралығында жалғаспақ.

Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын «2015 жылдан бастап ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі түп-тамырымен жойылады» деген мәлімдеме таратқан болатын Білім және ғылым министрлігі. Оның орнына екі кезеңді сынақ – жазбаша емтихан мен кешенді тестілеу енгізілетіндігі айтылған. Сол кездегі Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов ҰБТ-ның айтарлықтай нәтиже көрсетпегендігін сөз еткен еді. Сол себепті, мектеп түлектері екі кезеңді сынақтан өтеді деген. Әуелі бірнеше пәннен жазбаша емтихан тапсырған түлектер жоғары оқу орнына түсер сәтте кешенді тестілеуге қатысады деп жоспарланды. Тіпті, Білім және ғылым министрлігі емтиханның өткізілу формасының өзгеретінін де хабарлады. Осы арқылы мектеп бітірушілердің жаттанды білімі ғана емес, оны тәжірибе жүзінде қалай пайдалана алатыны анықталады деп сендірген. Бірақ өткен оқу жылының соңында-ақ Білім және ғылым министрлігі «ҰБТ 2015 жылы алынып тасталады» деген ақпаратты жоққа шығарды. Ал уәде етілген 2015 жылы тестілеу жүйесін екі кезең бойын­ша тапсыру туралы сөз де болмады. Жыл басында Білім және ғылым министрлігі тестілеуге еш өзгеріс енгізілмейтіндігін мәлімдеумен ғана шектелді. Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев: «ҰБТ негізіне алынған, 2004 жылы біз таңдап алған технология өзін-өзі ақтады деп айтуға болады. Бір емтиханмен екі міндетті шешеміз, түлектер үшін тең жағдай жасалуда. Мемлекеттiк бiлiм беру жүйесiн дамыту мемлекеттiк даму бағдарламасына сәйкес сынақ жүйесін қайта құру ұсыныстары болған-ды. Өткен жылы ұлттық бірыңғай тестілеуді жетiлдiру бойынша министрлiкте комиссия құрылған болатын. Бiз осы жылы тестiлеу форматын өзгерiссiз қалдырамыз деген шешiм қабылдадық. Бiз қауiпсiздiк, жауапкершiлiк мәселесiне ғана шамалы түзетулер енгiзудеміз. Олар қабылданған кезде бiз қосымша хабарлайтын боламыз», – деп атап өткен болатын.

Ал екі кезең бойынша тапсыру жүйесінің биыл енгізілмеуінің нақты себебін Ұлттық тестілеу орталығының директоры Қали Әбдиев El.kz сайтына берген сұхбатында түсіндіріпті. «2015 жылы болады деген өзгерістер 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу бағдарламасы бойынша жоспарланған болатын. Бұл жоспардың өзгертілуіне байланысты өзгерістер де кейінге қалдырылды. Жоспар бойынша ҰБТ-ны екі кезеңде өткізу емес, екі түрлі емтихан енгізуге дайындық жұмыстары жүргізілген болатын. Жоғары оқу орнына түсу емтихандарының мазмұнына мамандықтарға байланысты бейіндік пәндерді енгізу жоспарланған. Мысалы, Жалпы медицина мамандығына түсетіндер үшін химия және биология пәндері. Егер, бірнеше мамандық таңдалатын болса, онда тапсыратын пәндер саны да көбейеді. Мектеп бітіру емтихандары тест және дәстүрлі түрде жоспарланған болатын», – дейді Қали Әбдиев мырза. Міне, жыл сайын жаңалық енгізуден жалықпайтын және сол жаңа реформаларын жүзеге асыруды кейінге қалдырудан талмайтын Білім және ғылым министрлігінің бір жобасы екінші бір жоспардың орындалуына кедергі келтіруде.

Кемшіліктен көз ашпаған сынақ жүйесі 

ҰБТ туралы аз айтылып та, жазылып та жүрген жоқ. Тестілеуді өткізу процесіне түрлі түзетулер де енгізілді, байқау-бақылау шаралары да жетілдірілді, бірақ әлі де бұл сынақ жүйесін мектеп бітірушінің білім сапасын әділетті бағалайтын сынақ деп көпшілік мойындай қойған жоқ. 2015 жылдың қаңтар айында өткен Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында депутат Тұрсынбек Өмірзақов ҰБТ-ны жетілдіру мақсатында кезекті ұсынысын жариялаған еді. Тұрсынбек Өмірзақовтың Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында апелляция және тест сұрақтарының мазмұнын арттыру мәселесі қарастырылған. Депутат апелляция мерзімін ұзарту қажет деп санайды. Заңды тәртіп бойынша апелляцияға ҰБТ қорытындысы жарияланған уақыттан кейін келесі күнге дейін 14 сағат беріледі. Ал Тұрсынбек Өмірзақов осы мерзімді кем дегенде екі күнге ұзарту қажеттігін алға тартқан. Өйткені осы уақыт аралығында ғана мектеп бітіруші мен оның ата-анасы нәтижені асықпай саралауға үлгереді. Қазіргі уақыт тым аз болғандықтан, жарты күн ішінде сұрақтарды салмақтап шығу мүмкін емес екен.

Депутаттық сауалдағы екінші мәселе – тест мазмұнын арттыру. «Осы күнгі тесттер сұрақ-жауап түрінде ғана болып және жауаптардың нұсқалары беріледі. Талапкердің логикалық қабілетін тексеретін сұрақтар да қойылуы қажет. Сонда үміткердің білімінің тереңдігі анықталар еді, ал қазіргі тесттер оны көрсете алмайды. Сондықтан халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, жаңа типтегі тесттік тапсырмалар әзірленсін», – деген болатын Тұрсынбек Өмірзақов. Сондай-ақ, депутат тест сұрақтары арасында жауап нұсқалары жазылмаған ашық сұрақтардың болғаны абзал екендігін айтқан. Сонда мектеп бітіруші дайын нұсқаларды таңдаумен ғана шектелмей, өзінің анық білімін көрсетер еді. Сонымен бірге депутат Ұлыбританиялық А-LEVEL тесті бойынша үміткер әрбір пәнді жеке-жеке тапсыратынын ескертеді.

Халық қалаулылары бірыңғай тесті­леуге қатысты шикіліктер мен­ кемшіліктерді ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Ұлттық бірыңғай тестілеудегі жиі қозғалатын тақырыптың бірі – қазақ тілінде оқытатын мектеп түлектері үшін орыс тілінен, орыс тілінде оқытатын мектеп бітірушілер үшін қазақ тілі бойынша сынақ тапсыру. Орыс тілі (қазақ тілі) бойынша жинаған балын ҰБТ кезіндегі білім грантына ену барысында ескеру қажеттілігі туралы мәселе бірнеше рет көтерілгенімен, шешімін әлі де таба алмады. «Осы пәндер бойынша алған балл білім беру грантын иеленуге арналған конкурста ескерілмейді. Ал төмендеген кезде, бұл ескеріледі. Яғни, көрсеткішті жоғарылататын кезде балл есептелмейді, көрсеткішті төмендеткен кезде міндетті түрде есепке алынып отыр», – деді депутат Гүлмира Исімбаева. Депутаттың айтуынша, 11 жыл бойы мектепте беске оқыған бала тестегі негізгі пәннің барлығынан бес алса да, орыс немесе қазақ тілі «Алтын белгі» үміткері атануға үлкен кесірін тигізуі әбден ықтимал. «Бұл пән білім беру грантын алуға ескерілмейтіні секілді, «Алтын белгі» алу үшін де ескерілмеуі керек. Сонда ғана әділдік болар еді», – деген депутаттың сөзінің жаны бар. Сондай-ақ, депутат «Алтын белгі» алуға 1,2 балл жетпей жатса, күмән туғызатын жағдайдың бәрі оқушының пайдасына шешілуі тиіс деген ұсыныс білдіріпті.

Бітіруші үшін «бөжейге» айналғандай

Қазір ҰБТ тапсыруға ниетті түлектердің қатары жыл сайын азайып келе жатқаны байқалады. Мәселен, 2011 жылы ұлттық бірыңғай тестілеуге 126 168 үміткер қатысса, 2013 жылы 95 456 оқушы ғана тест тапсыруға өтініш білдірген. Ал өткен жылы ұлттық сынақ жүйесіне қатысуға 92 мыңнан астам түлек ниет танытыпты. Ал биыл Қазақстан мектептерін 124 мың 346 оқушы бітіреді. Олардың 84 2848-і мектепті қазақ тілінде, 40 062-сі орыс тілінде тәмамдайды. Қазірге дейін 79 мыңға жуық түлек ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген.

Ұлттық бірыңғай тестілеу қазір түлектердің тағдырын шешетін сынға айналған. Бұл сыннан өтпеген бала жоғары оқу орнының есігінен де сығалай алмайды. Сол себепті ата-аналар балаларын қандай жолмен болса да, осы сыннан сүріндірмеуге тырысады. Балаларының біліміне сенетіндер олардың бұл сынаққа дайындығына үлкен қаражат та, көңіл де бөлсе, енді бір ата-аналар тест сұрақтарының жауаптарын сатып алудың қамын жасайды. Жыл сайын ҰБТ төңірегіндегі дауда «тест жауаптарын сатып алу» туралы сөз болғанымен, оның нақты мысалы әзірге тіркеле қойған жоқ. Бізге бір түсініксізі, мемлекеттік құпия болып саналатын тест жауаптарын ата-аналар қайдан сатып алуы мүмкін? Әзірге бұл сұраққа ешкім де жауап таба қойған жоқ.

Мектеп бітірушілердің осындай аса маңызды сынға дайындық барысында күйзеліске түсетіні де анық. Тест тапсырғанға дейінгі баланың ахуалы бір бөлек. Сынақ уақытында және одан кейінгі жасөспірімдердің жағдайын айту тіпті қиын. Неше ай бойы бар уақытын тестке дайындалумен өткізіп, уайымдап шаршаған баланың ауыруы әбден ықтимал. Жыл сайын мыңдаған баланың осындай мең-зең күйге түсіп, іштей күйзелуіне ҰБТ әсер етуде. Ал өмірге енді бейімделе бастаған жасөспірімдердің еңсесін қайта көтерудің оңай шаруа еместігін психологтар үнемі айтады. Ұлттық сынақ жүйесі балалардан ақыл-ойды, сергектік пен жинақылықты, тынымсыз әрі тиімді ой еңбегін қажет етеді. Бұл сынақты тапсыруға ниетті балалар қатаң тәртіпке бағына білу керек. ҰБТ-ның осындай талаптарына бейімделе алмаған бала үшін бұл үлкен сынақ. Өз білімімен баласының тесті ойдағыдай тапсыратынына сенген ата-ана көз алдарында бос жүрген балалардың білімділердің алдын орап кеткенін көріп жүр кейде. Әрі бұл жағдай жыл сайын көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Тіпті, балалардың санасында да қазір «бәрін ақшаға сатып аламыз» деген сенім қалыптаса бастаған тәрізді. Білім мен әділдікке сенетін балалардың қатары сиреп барады. Мәселен, былтырғы тестілеу нәтижелерін талқылау барысында Мәжіліс депутаты Камал Бұрхановтың жетекшілігімен сараптама тобының отырысы өткізілген еді. Сол отырыста ҰБТ-ны ұйымдастыру барысында кеткен қателіктер талқыға салынған болатын. Бұл сынақты айқай-шусыз, жөнімен өткізудің басты жолы – оқушыларды психологиялық тұрғыдан дайындау екендігі айтылды. Шет мемлекеттерде ҰБТ әдеттегі емтихандардың бірі, ал бізде «ҰБТ жақындап қалды» деп оқушыларды сынаққа дайындаудың орнына, бойларына үрей ұялатады. «Бізде тест кезінде оны басынан аяғына дейін теледидар арқылы көрсету, оған соншалықты үңілу үрдісі қалыптасып отыр. Бұл дұрыс емес. Ол баланың өмірінде болатын қатардағы көп сынақтың бірі ғана. Бірыңғай тестілеуден соң өмір тоқтап қалмайды, ол жалғаса береді. Бір рет сынақтан өтпей қалған оқушыға түңілудің қажеті жоқ. Ол бір емес, он рет қатарынан жыл сайын кешенді тестілеу арқылы жоғары оқу орнына түсуге талаптана алады», – деді осы отырыста «Қасиет» психология орталығының директоры Айқын Дүйсембаев.

Бүгінгі таңда ата-аналарға да, балаларға да ҰБТ-ға деген қарым-қатынасты өзгерту керек. Мұның көптеген сынақтардың бірі екенін білген абзал. Тесті сәтті тапсырғанда ғана, өмірге жолдама алады деген қате пікірден ада болу қажет. Барлық ата-ана баласының сынақты жақсы тапсырып, жоғары оқу орнына түсуін қалайды. Өйткені бүгінгі дәуірде табысқа жетудің алғашқы қадамы осы ғана болып тұр. Ал мектептегі мұғалімдер ҰБТ білімді бағалау критериі болғандықтан, оқушыларға сынақ алдындағы қысымды арттырады. Осының барлығы баланың психологиясына кері әсерін тигізбей қоймайды. Әрине, оқушыларды тестке дайындау қажет, бірақ әуелі олардың психологиялық дайындығын бағамдаған жөн.

ҰБТ үздік тәжірибе ме?

Қалай десек те, жаңа сынақ жүйесінің ұтымды да, жағымсыз да тұстары болды. «Ұлттық бірыңғай тестілеу 2004 жылы енгізілгеннен біраз мәселелерді шешті. Атап айтқанда, бір емтихан тапсыру арқылы мектеп аттестатын алуға және ЖОО-ға түсуге мүмкіндік берді. Және, бұл емтиханды алысқа бармай, өз ауданында тапсыруға мүмкіндік берілді. ҰБТ елімізде алғаш рет енгізілген сыртқы бағалау құралы ретінде де өз міндетін орындап келеді. Он бір жылдық тәжірибені қорытындылайтын болсақ, жаңа үлгідегі емтихандар енгізу қажеттілігін байқауға болады. Оған негізгі себептер, біріншіден ұлттық сынақ жүйесінің жүгі тым ауыр, оның нәтижелері бойынша өте көп қорытындылар жасалады, шешімдер шығарылады. Мысалы, тест нәтижелері бойынша нақтылы, бір мектептегі білім сапасы туралы қорытынды жасау дұрыс емес, ол дәл қорытынды болмайды. Себебі, ҰБТ-ға оның анықтамасына сәйкес мектеп бітірушілер толық, жүз пайыз қатыспайды. Тек, ағымдағы жылы ЖОО-ға түсушілерге ғана міндетті. Екіншіден, барлық пәндер бір ғана үлгі бойынша тапсырылып келеді. Осыған байланысты пәндерді оқыту ерекшеліктері толық ескерілмейді. Үшіншіден, біздің елеміздегі мектептердің әр түрлілігі ескерілмейді. Яғни, арнайы физика-математика мектебі, гимназиялар мен лицейлер, ауыл мектептері бір деңгейдегі тест тапсырады. Осы айтылғандарға байланысты, болашақта екі емтиханды жеке тапсыратындай жүйе жасауы­мыз қажет деп ойлаймын», – дейді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Қали Әбдиев.

ҰБТ – дүниежүзілік үздік тәжірибе болуы әбден мүмкін. Тіпті, ол толық жетілдірілген сынақ әдісі болар. Алайда Қазақстанда бұл «үздік сынақ жүйесінің» әлсіз тұстары көп. Ұлттық бірыңғай тестілеудің жыл сайынғы жаңа талаптары балалардың үрейіне үрей қосуда. Келесі айда мектеп бітірушілер тағы да бірыңғай тест тапсыратын болады. Биылғы жылдың қорытындысы қандай нәтиже көрсететінін сол кезде көреміз.

Серіктес жаңалықтары