Ауылдың ажары қашқанда...

Ауылдың ажары қашқанда...

Ауылдың ажары қашқанда...
ашық дереккөзі
Бала кезімізде Алматыны көру арман болатын. Біреудің қалаға барып-келгенін естісек, «Пәленше Алматыны көріп келіпті» деп қызығатын едік. Сол Алматы шынында да, бауырына басқан адамды жібермейді екен. Белгілі ақын Қасым Аманжоловтың «Берсең бер, бермесең қой баспанаңды, сонда да тастамаспын астанамды...» деп келетін өлең жолдарындағыдай, Алматыға табаны тиген адамның қайта шегініп жатқан жері жоқ. Не де болса, нәпақасын осы қаладан тауып, күнін көріп жүр.

"Болашағы жоқ ауылдар" болғаны ма?!

Бүгінде Алматы қаласының аумағы кеңейді. Осыдан жеті жыл бұрын бес аудан болса, соңғы жылдары бұл қатарға екі аудан қосылды. Бұрын адам ізін сирек салатын елді мекеннің көбі қаланың санатына кірді. Инфраструктурасы жөнделіп, жол төселді. Ауыз су мәселесі де біртіндеп шешімін табуда. Алайда соңғы кездері қалаға ағылып жатқан ауылдағы ағайынға ұлтарақтай жер де бұйырмайтын сияқты. Себебі маңайдағы жердің бәрі сатылып кеткен немесе қожайыны бар. Мұны өз пайдасына асырғысы келген делдалдар да Алматы облысына қарайтын елді мекендердегі жер телімдерін қымбат бағаға саудалауға кіріскен. Соның ішінде алаяққа арбалып, ақшасын жегізіп жүргендері қаншама. Мұнымен қоса Алматы, Астана сияқты ірі қалаға келген жұрт баспанасыздардың да қатарын көбейтуге үлес қосып жатыр. Тіпті, биыл енгізілген «уақытша тіркеу» шарасы да нәтижесіз жүргізіліп жатқан секілді. Ауылдан қалаға келген ағайынның бәрі тұрақты «пропискаға» тұрады деуге сену қиын. Оның кейбірі маусымдық кезеңде уақытша жұмыс істеп, қайтадан ауылына оралуы мүмкін. Енді бірі қалайда қалаға тіркеліп, тұрақты тұрғынына айналғысы келеді. Әрине, бәрі де адамның өз мүмкіндігі мен қалауына байланысты ғой. Дегенмен, қаңыраған ауылдың мүшкіл халін кім ойлайды? Тәуелсіздік алған соң, ауылдың жағдайынан гөрі урбанизацияға көп иек артқанымыз рас. Ауыл жұртын қалаға көшіру – қаланы қазақыландырудың бірден-бір жолы деп саналғандықтан, ауылды көркейту экономиканың басым бағыттарының қатарына кірмеді. Керісінше, ауылдағы ағайынды қала орталықтарына көшіп келуге үндедік. Әсіресе, қалаға жастар жағы ағылса, ауылда тек кәрі-құртаң кісілер ғана қалды. Үкіметтің 2002-2005 жылдары қабылдаған «Ауыл жылы» мемлекеттік бағдарламасы да шаруасы шатқаяқтаған ауылдың ахуалын жақсарта алмады. Үш жыл да өте шықты зымырап. Тіпті, шалғайдағы елді мекендерге дейін ауыз су жеткізеді делінген «Ақ бұлақ» бағдарламасының соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Сусыз отырған ауылдардың көбіне таза су жетіп үлгермеді де. Бұл аздай, соңғы жылдары қоғамға «болашағы жоқ ауылдар» деген термин кірікті. Алтын бесік – ауылды көркейтеміз, дамытамыз дейміз де, бірақ неге оған «болашағы жоқ ауылдар» деп айдар тағамыз? Ауыл бұл халге қалай жетті? Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін қорасы малға, қамбасы астыққа толған ауылдардың шаңырағы шайқалғаны бәзбіреулер үшін жұмбақ шығар, бірақ әрқайсымызға ыстық мекен – ауыл көз алдымызда қоңторғай күйге түсті. Кезінде облыс, аудан орталықтарында жұмыс істеп тұрған зауыт-фабрикалар да істен шығып, жұмыссыздық белең алды. «Болашағы жоқ» дей берген соң, бала санының аздығына байланысты көптеген мектеп те жабылып, есігіне қара құлып салған. Бұдан кейін ауылдар да «болашағы жоқ» болып шыға келмей ме? Қолда бар мәліметтерге сенсек, елімізде мұндай ауылдар бір мыңға жуықтайды. Бүйте берсе, жақын арада қазақ ауылы қаңырап бос қалатын түрі бар.

Божконың сөзі бұрмаланды ма?

Жақында ғана Мәжілістің вице-спикері Владимир Божко «Абу-Даби Плаза» кешенінде болған жанжалға қатысты пікір білдірді. Ол өз сөзінде ауылдан жұмыс іздеп келіп жатқан жастардың санын азайту керек деп айтып қалып, артынан өз пікірін түсіндіріп әлек болды. «Әлеуметтік желілерде ойдан шығарылған және шындыққа жанаспайтын арандатушылық мәндегі мәліметтер таралып жатыр. Ондай пікірлердің басым бөлігі ауылдан келген жастардан, өздеріне лайықты ақша беретін жұмыс табуға қиналып жүрген жастардан келіп жатыр», – деді Владимир Божко. «Бұл жағдайлар бізге алдын алу керектігін көрсетіп отыр. Ең алдымен ауылдан қалаға келіп жатқан жастардың санына шектеу қою керек. Жастардың қалаға келуіне себеп болып отырған ауылдағы жұмыссыздықты жою керек ең алдымен. Ауыл жастары лайықты өмір сүруі үшін олар жұмыспен, баспанамен, заманауи әлеуметтік-мәдени инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі керек», – деді ол. Алайда депутаттың ауыл жастарына қатысты айтқан сөзі жұрттың наразылығын тудырған еді. Бұдан кейін Мәжіліс төрағасының орынбасары:  «кейбір бұқаралық ақпарат құралдары сөзімді бұрмалап беріпті. Негізі ауылдағы жастарға жағдай жасау қажеттігі туралы айтылды. Жастарға қалаға келуге тыйым салу қажет деп айтқан жоқпын, бұл әрбір азаматтың конституциялық құқығы. Керісінше, жастардың ауылдан қалаға кетпеуі үшін жағдай жасау қажет дегенді айттым. Мәдени мәселелерді шешу керек, жақсы жұмыс беру қажет, инфрақұрылым жақсы болуы тиіс. Ешкім Иван Сауэрдің ауылынан кетіп жатқан жоқ қой. Өйткені ол жерде барлық мәселе шешілген, бүкіл жерде осылай болуы керек», – деді Божко. Иә, «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» демей ме?! Егер ауылда, шалғайдағы елді мекенде Божко мырза айтқандай жағдай жасалса, зіңгіттей жігіттер қалаға ағылмас еді. Сол кезде «болашағы жоқ» ауылдарда жастарға екі қолға бір күрек табылар ма еді, кім білсін?! Өкініштісі сол, ауылды көркейту, дамыту, сондай-ақ жастарға жұмыс беру мәселесі айтылған жерде қалып қойып жүр.

Көштің қарасы көбейе ме?

Әрине, әркімнің туған жері ыстық, қымбат. Қазақта «Ер – туған жеріне, ит – тойған жеріне» деген мәтел бар. Бүгінде халқы тығыз қоныстанған оңтүстік жұртын солтүстікке көшіру жобасы жүзеге асуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында еңбек нарығын жаңғырту мақсатында еңбеккерлерді артық жұмыс күші бар өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету керектігін атап көрсеткен болатын. Демек, бұл жоба солтүстік өңірді қазақыландыруға және халықтың жұмыспен қамтылуына бағытталып отыр. Оның үстіне 2050 жылға қарай оңтүстік өңірлерде халық саны 5 миллион 300 мың адамға жетеді деген болжам бар. Керісінше солтүстік өңірлерде тұрғындар саны 900 мыңға кеміп, жұмыс күшінің жетіспеушілік қаупі басым. Халық көп жерде, жұмыссыздық та белең алатыны заңдылық. Сондықтан мемлекет қолға алған бағдарламаның бір жағынан пайдасы да мол. Жақында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ішкі көші-қон мәселесінде Мақтарал ауданының жайбарақаттылық танытып отырғанын сынға алды. Себебі, соңғы екі жылда ауданнан небәрі 12 отбасы ғана солтүстік аймаққа көш түзеген. Облыс әкімі көшуге ниеті бар тұрғындардың қоныстану мәселесіне жергілікті кәсіпкерлердің де қаржылық тұрғыдан қолғабыс етуін үндеді. Десе де, құзырлы мекемелер оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударып жатқандар өз еркімен көшіп жатқанын айтады. Ол үшін мемлекет арнайы қаржылай көмек беруге де дайын. Айталық, отбасы әрбір мүшесіне 35 АЕК көлемінде, яғни 79 мың теңге өтемақы төленеді. Сондай-ақ, олардың бір жылдық пәтер шығынын мемлекет береді. Қысқасы, солтүстікке көш түзеген ағайын жерсініп, жұмысқа орналасып кеткенше арнайы қамқорлыққа алынады. Ал оларды қадағалап отыру оңтүстіктегі шенділердің еншісінде. Бұл – солтүстік облыстарды қазақыландыруға байланысты таптырмайтын амал. Тіпті, бүгінде елге ат басын бұрған шеттегі қандастарды да солтүстік аймаққа қоныстандыру мәселесі қойылған. Ал елімізде оңтүстіктен солтүстікке көшуге арналған бағдарламаға 2011 жылдан бері жарты триллион теңге көзделген. Бұдан айтпағымыз не? Жұрт қалаға ағылса, ауылдың берекесі қашады. Қалаға нәпақа табуға келсе, баспанасыздардың санын арттырады. Екеуі де өлместің күнінен туған тіршілік. P.S. Қазақстанда өңірлерді әлеуметтік-экономикалық дамыту деңгейлерін теңестіруге бағытталған өңірлік саясаттың екі тұжырымдамасы іске асырылды. Бұдан басқа, ауылдық аумақтарды дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған, шағын қалаларды дамытудың 2004-2006 жылдарға арналған, елді аумақтық дамытудың 2015 жылға дейінгі бағдарламалары іске асырылды. Сонымен қатар, көптеген бағдарламалық құжаттар, оның ішінде әлеуметтік блоктың, үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламалары, салалық бағдарламалар, жұмыспен қамту және басқа да бағдарламалар қабылданғаны белгілі. Ал «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының» мақсаты – елдің ұтымды аумақтық ұйымдастырылуын қалыптастыру, экономикалық өсу орталықтарында халықтың және капиталдың шоғырлануын ынталандыру арқылы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамыту.