"Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған..."

"Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған..."

"Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған..."
ашық дереккөзі
Елбасымыздың үстіміздегі жылы жарық көрген «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы жалпы халықтан қолдау тауып, әлі талқылану үстінде. Онда: «Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы. Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» дейтін кешегі мен бүгінгінің сабақтастығын анықтап беретін жүрекке жылы жолдар бар. Қазақ тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі де бірегейі – Алашорда партиясының құрылымы жайлы сөз бола қалса, аты аталмай қалмайтын бір қайраткер бар. Ол – ғалым, абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың әкесі Мұхамедхан Сейтқұлов. Қазақ тарихында терең із қалдырған азамат атаусыз қалған жоқ. Өткен жылы 100 жылдығын атап өткен ғұлама ғалым, абайтанудың негізін қалаушы, Семейдегі Абай мұражайын ұйымдастырушы Қайым Мұхамедхановтың қызы Дина Мұхамедханмен жуырда әңгімелескен едік. Текті жерден туған қыздың айтары әр қазақтың жүрегіне жол табарына сенімдіміз. – Әкеңіз Қайым Мұхамедхановтың қазақ ғылымына, мәдениетіне қосқан баға жетпес байлығын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Жалпы, әкеңіз ғана емес, қазақ елінің, мемлекетінің тарихында атаңыз Мұхамедхан Сейтқұловтың да есімі елеулі. Атаңыз жөнінде есте қалған, әкеңіздің аузынан естіген естеліктеріңіз баршамызға қызық-ақ... – Иә, ақын, жазушы-драматург, әдеби аудармашы әкемнің ұстаздық жолда да атқарған қызметі орасан. Ол – Қазақ КСР Гимнінің авторы, 1940 жылдан КСРО Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының, Жазушылар одағы сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Лондондағы халықаралық Абай академиясының Алтын медалінің иегері. Ол – мыңнан астам ғылыми еңбектің авторы. Қоғам қайраткері әкем жайында айтылар сөз көп, игі істерінің жемісі мен жетістігін тізбелей беруге саусақ жетпес. Қазақта «Тегіне тартпай ұл тумас» деген қағида бар, осы ретте әкемнің шыққан тегі де көзі ашық, көкірегі ояу, білімді, аттары аңызға айналған алашордашылардың қатарынан, көргенді отбасында тәрбие алған. – Атаңыз Мұхамедханның үйі қазақ зиялылары жиі бас қосатын, ел-жер тарихына байланысты әңгіме-дүкен құратын шаңырақ болған деседі... – Атам Мұхамедхан Сейтқұлов қазақ мәдениетінің танымал қайраткерлерін қалыптастыру жолында ерекше еңбек сіңірген кісі. Дәлірек айтар болсақ, ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарында қазақ халқының рухани дамуына ықпалы тиген ол көптеген қолжазбалар мен тарихи өлең-жырларды жинақтаушы әрі мәдени мұраны сақтаушы ғана емес, орыс, татар, араб тілдерінде оқып-жаза алатын өте сауатты кісі болған. Жаратылысынан ақ көңіл, мейірімді, жомарт атам «Сарыарқа» газеті мен 1918 жылдан бастап Ж.Аймауытов, М.Әуезовтің басшылығымен шыға бастаған «Абай» журналын қаржыландырып тұрған. Жатаған тамның бір бөлмесін алып тұрған кітапханасында әлем классикасынан бастап, әртүрлі газет-журналдардың тігіндісі үзілмейтін. Халық ағарту ісі болсын, мәдени іс-шаралар болсын, үнемі қолдап, көмектесіп, моральдық-қаржылай көмегін аянып қалмайды екен. Алашордашы, ислам уағызшысы болған атам айналасына достарымен бірге жау да жинағанын, сөйтіп жүріп ұсталғанын бүгінде тарихтан оқып білуге болады. 1911 жылы халқымыздың біртуар қайраткер ұлы Міржақып Дулатовты кепілдік салып, түрмеден босатады. Сондай-ақ, Шәкәрімнің де қамаудан босап шығуына көмектеседі. Ол кісінің бүгінгі күнге жеткен фотосуреті атамның үйіне келген кезінде түсірілген. Әкесінің осындай зиялы қауыммен, жазушылар мен композиторлар, халық ақындары, өнер адамдарымен жақын байланысын бала болса да, менің әкем есіне сақтап қалады. Семейдегі атамның үйі Алаш зиялыларының үнемі кездесетін орнына айналғаны, ол үй талай мәрте халық игілігі үшін жасалған жақсылықтардың ордасы болғанын да қимас көңілмен айтып беретін. Тіпті, әкем алғашқы жазған өлеңдерін де әуелі әкесінің достарына оқып береді екен. 1921 жылдан бастап, 1928, 1932-1937 жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған атам ақыр соңында дүние-мүлкі де тәркілеуге ұшырап, 1937 жылы аязды желтоқсанның 2 жұлдызында атылып кетеді... Он бес жасар тұңғышы Қайымға отбасын асырау үшін, тым ерте тірлікке араласуға тура келіпті. Әкем жағажайда жүк тасушы, жұмысшы, кадр бөлімінің қызметкері, мәдениет қызметкері, одан кейін оқытушылық қызметтер атқарады. Сөйтіп жүріп, қазақ тілі мен әдебиеті оқытушыларын дайындайтын екі жылдық курсқа, сосын Семей пединститутына түсіп, 1941 жылы оқуды мерзімінен бұрын аяқтайды. Еңбек жолын Семей қаласындағы түрлі мекемелерде сабақ беруден бастаған әкем алпыс жылға таяу өмірін педагог-тәлімгерлікке арнады. Бірақ әкесі тұтқындалғаннан кейін әкем институттан қуылады. Сол кезде әкесінің досы, ғұмыр бойы тәлімгер және ұстазы болған Мұхтар Әуезов моральдық тұрғыда қолдау көрсетеді. Көреген Әуезов жасөспірім Қайымның бойынан ерекше дарын, имандылық пен адалдықты, жауапкершілікті байқайды да, «Абай» роман-эпопеясын жазу барысында өзіне ғылыми тілші етіп алады. Көптеген мағлұматтар ауыл ақсақалдарының айтуы бойынша алынғаны, кейін ол кісілердің қатары да азая бастағандықтан, 30-жылдары Абай мұрасына, тіпті оның шәкірттері мен ізбасарларына жойылып кету қаупі туады. Абайдың қолжазбалары мен жеке заттары жоғалып, сол тұстарда Мұхтар Омарханұлы қазақ мәдениетінің елеулі бір бөлігін сақтауды өзінің шәкірті Қайымға сеніп тапсырған. Әсіресе, Абайдың тұңғыш мұражайын ашу туралы идея да осы тұста өмірге келеді. Мұражай ашып қана қоймай, Абайдың шәкірттері мен ізбасарларын оқытатын мектеп ашу, ойшыл ақынның құнды сөздерін текстологиялық талдау әдісімен сақтап қалу сынды мақсат қойылады. Әкем Мұхтар Әуезовтің тапсырмасымен алыс-жақын елді мекендерден Абайдың көзін көрген, жазған-сызғандарынан хабардар көнекөз қарияларды іздестіреді, ақын қолданған немесе сыйлаған тұрмыстық заттар мен кітаптарын жинай бастайды. Сондай еңбектің арқасында 1940 жылы Қайым Мұхамедханов Қазақстанда, оның ішінде Семей қаласында тұңғыш мемлекеттік әдеби-мемориалды Абай мұражайын ұйымдастырады. Абайдың ата-анасының, шәкірттері мен ізбасарлары туралы деректерге, шығыс кітаптары мен қолжазбаларынан құрылған жәдігерлерге ғылыми сипаттама беріліп, аға ғылыми қызметкер болып еңбек ете бастайды. Кейін, бірнеше жылдардан соң мұражай ҚазКСР Ғылым академиясының қарамағына өткізіледі де, академик Қ.Сәтпаевтың бұйрығымен мұражайдың директоры болып қалады. Одан кейін Абайдың Жидебайдағы қыстауын қайта қалпына келтіру, ақын мен туған-туыстарының зиратын қалпына келтіру, Абай шығармашылығындағы қоғамға кереғар пікірлері үшін үнемі күрес жүріп жатты. Тіпті ақынның 100 жылдығын әзірлеу жөніндегі мерейтойлық үкімет комитетінің ғылыми хатшысы жұмысын қоса атқарады. – Әкеңіздің балалық шағы, жастық шағы жайлы не айтар едіңіз? Есте сақталған жайлар бар шығар... – Жоғарыда айтып өткенімдей, әкем жас кезінен еңбекке етене араласты. Ұлттың ұлт болып қалыптасуы үшін, ұлттық мәдениет үшін, ұлттық үрдіс үшін жанын қиған әкесінің көзі кеткеннен кейін тым ерте есейсе керек. Бірақ ұлтшыл, отаншыл қазақтың қайраткер ұлдарының көзін көріп, әңгімелерін тыңдап, сол ұлағатты сөздерін жанына жалау еткені сөзсіз. Әйтпесе, одан осындай ғұлама шығар ма еді, шықпас па еді?! Ес біліп, етек жиғаннан көргені білікті орта, зиялы қауым, олардың қалай ұлт болып қалыптасу жолындағы ой-пікірлері, ұстанған мақсаттары бала Қайымның да жүрегіне сәуле ұялатады. Көбіне әкесінің қайраткерлігін, алашордашыларға тигізген көмегін, қолдауын үнемі қимастықпен есіне алып отырар еді. – Ақын, жазушы, драматург, аудармашы Қайым қандай әке еді? – Өте мейірімді, жаратылысынан қарапайым, еңбекқор болатын. Сабырлы еді.Әкесінің ең үлгілі баласы, әкесі мен достарының идеясына адал бола білді. Достыққа адал болды. Әділетті еді. Шыншыл болатын. Шәкәрімнің ұлы Ахатпен бірге ақынның есімін ақтауда бар күш-жігерін аямады. 1958 жылы Мәскеуден ақын шығармаларының ақталғаны туралы анықтама келгеннен кейін, оның шығармалары мен мәнді-мағыналы сөздерінің тазалығын сақтап қалу үшін күресті. Яғни, Шәкәрімнің текстологы болды. Өмірін ғылымға арнаған әкемнің «Абайдың әдеби мектебі» тақырыбына жазған диссертациясын қорғауы еліміздің тарихындағы елеулі оқиғаның бірі болды. Диссертация қорғалды, бірақ ұстаз бен шәкірт – Әуезов пен Мұхамедхановты айыптау тоқтамайды. Соның кесірінен мұражай директорлығы мен оқытушы қызметінен кетуіне тура келеді. Одан кейінгі өмірі тозаққа айналып кете жаздаса да, әкем сабырлы қалпынан айнымаған. Тіпті, 1951 жылы желтоқсанда буржуазияшыл-ұлтшылдар деген желеумен тұтқынға алынса да, Семей мен Алматы қалаларында НКВД түрмесінде азапты күндері мен түндері өтсе де мойымаған, қайсарлығының арқасында ешкім жігерін жасыта алмаған. Марксизм-ленинизм идеологиясы үстемдік құрып тұрған заман болса да, ғылыми идеяларынан бас тартпай, бүгінде қазақ халқының мақтанышына айналған Абай мектебін сақтап қалды. Абай мектебі – бұл абайтану ғылымындағы жаңа бағыт еді. Абайдан оқыған, ақыл-кеңесін тыңдаған, Абай арқылы орыс, әлем және шығыс мәдениетімен танысқан бір топ ақын-жыраулар, сазгер-әншілер немесе Абайдың шәкірттері ұлы ойшыл ақынның гуманистік және философиялық көзқарасын қолдайтындар санатында ақынның өз ұлдары мен жас ақындар – Әубәкір, Әріп, Әсет, Баймағамбет, Көкпай, Мағауия, Тұрағұл, Шәкәрімдер еді. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі «Абай» эпопеясына байланысты көптеген деректерді Қайым Мұхамедханұлынан алғаны жайлы мағлұматтар жетерлік. Жазушы мен ғалымның жан аямас дос-жолдас болғаны да анық. Сондықтан «Абай» энциклопедиясын шығаруда да аянбай атсалысты. «Әке көрген оқ жонар» демекші, әкемнің әкесі Мұхамедхан Ж.Аймауытов және М.Әуезовтің редакциясымен шығарылған «Абай» журналын қаржыландырса, әкем әріптесі Р.Мусинмен бірге «Абай» журналына демеу болып, редколлегияның басшысы бола жүріп, өзі де көптеген мақалалар жариялайды. Сөйтіп жүріп, Абай, Шәкәрім, Бұқар жырау, Қабанбай батыр, Бөгенбай батыр, Махамбет сынды алаш азаматтарының сөздерін қазақ мәдениеті үшін текстология әдісімен сақтап қана қоймай, сөз тазалығына көңіл бөліп, ол шығармаларды зерттеудің тұтастай ғылыми бағытына жол салады. Зерттеп қана қоймай, олардың еңбектерін араб, латын әрпінен қазіргі қазақ әріптеріне көшірді. Сондықтан да еліміздегі нөмірі бірінші текстолог-ғалым, ол менің әкем – Қайым. Әкем ақын ретінде көптеген шығармаларын атақты Карлагта жатқан кезінде жазады. Туған жер – алтын бесік, ұшқан ұям, Көз жұмылмай тұрғанда қалай қиям? Тарта гөр, Семейімнің топырағы, Төстектей жеріңе мен еркін сиям... – деген перзенттік махаббатын аңғартатын жырлары баршылық. Сонда жатып аудармамен де айналысады. Н.Карамзиннің «Сормаңдай Лиза» повесін қазақы поэзия тілімен аударады. Бұл қазақ әдебиетіндегі орыс прозасының қазақ поэтикалық тілімен аударылған үш мысалдың бірі ғана еді. Біріншісі М.Лермонтовтың Абай аудармасындағы «Вадимі» мен Шәкәрімнің аудармасындағы А.С. Пушкиннің «Дубровскийі» болса, үшіншісі менің әкем Қайымның «Сормаңдай Лизасы» екенін әдебиетшілер мен ғалымдар жақсы біледі деп ойлаймын. Абай – Пушкин, Абай – Лермонтов, Абай – Крылов, Абай және Бунин зерттеулері Қайым Мұхамедханұлының әдебиет пен мәдениетке қосқан байлығы дер едім. Өзі басшы болып іздеп тапқан көптеген қолжазбалар мен фотошежірелерді көзі тірі кезінде-ақ Ғылым академиясы, Мемлекеттік мұрағат, Абай мұражайы, өлкетану мұражайы, Достоевский мұражайының қорына қосып кетті. Сөйтіп, әке мен бала үш жүзжылдыққа созылған заманның рухани байланысын сақтап қалды деп ауыз толтырып айтуға да, мақтануға да болады. Артында әдеби мол мұра қалды. Поэзия болсын, проза болсын, драматургия, аударма саласында болсын әжептәуір дүниелер қалдырды. «Майданнан майданға», «Комиссар Ғаббасов», «Перне», «Ер Білісай» атты сахналық туындыларын көпшілік қауым ұмыта қоймаған болар. Әсіресе, жазушы, композитор, КСРО халық артисі У.Гаджибековтың «Аршын – мал-алан» музыкалық комедиясын қазақ тіліне аударып, сахналанғанда, ол Семей музыкалық-драма театрынан бастап, еліміздің көптеген театр репертуарынан түспеді. Шариф Камалдың татар тілінен аударылған «Қажы әфенді үйлендісі» де жетпісінші жылдардағы жемісті спектакльдердің бірі. Шәкәрім Құдайбердиев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов сынды ұлттық мәдениеттің қайталанбас өкілдерінің шығармалары мен өмірлерін әрбір оқыған лекциясына арқау еткен адал да сенімді ізбасары еді. Өзі де сол зиялылардың, алаш азаматтарының соңғы тұяғына айналды. Семей пединститутының өзінде елу жылдан астам ұстаздық еткен педагог-тәлімгердің шығармашылығынан сусындаған бүгінгі жастар ғалымның туған отаны, тарихи Семей қаласындағы ескерткішінің жанында ән салып, өлеңдерін оқуды әдемі бір үрдіске айналдырғалы қашан?!. Әрине, осының бәрі айтуға жеңіл болғанымен, қаншама қажыр-қайратты, төзімділікті, білімділікті-біліктілікті, зерделілікті қажет ететін тірлік екенін, әрине, түсіну қиын емес. Әкемізден дарыған осындай қасиет бүгінде бізді де алға жетелеп келеді. Анамыз Фархинур Ахметжанқызы нағыз қазақ әйеліне тән қасиеттерімен, өзінің сабырлы-салмақты қалпымен бізге үлгі-өнеге болды. «Тәртіпті, тәрбиелі болсын! Осыны өздеріне оқып ұғындыр. Мені шын жақсы көрсе, аман-есен қайтуға тілектес болумен бірге осы айтқандарымды бұлжытпай орындасын! Саған көмектесіп, айтқаныңды істеп, сыйлап, тіліңді алып тұрсын. Екі қайтара айтқызбайтын болсын! Осы айтылғандарды орындап жүрсе маған да жеңіл болады. Менің де көңілім көтеріліп жүдемей жүрем...», «...Өмірде бәрі де кездеседі. Шыдау керек! Жабырқап, жасымау керек. Адал жандармыз ғой, ақыры қайырлы болсын. Беттеріңнен сүйдім...», «... Бір ауыз өтірік айтудан, алдаудан аулақ болыңдар. Тәртіпті, тәрбиелі, байыпты адам болыңдар...» деп Теміртау қаласынан, түрмеден жазылған хаттарын көздің қарашығындай сақтап, бізге жиі оқып беретін анам. – Тағы бір сұрақ көкейге келіп қалғаны. Ұрпағы жайлы айтсаңыз... Қоғам қайраткерінің ізін қуған ұлтжанды ұрпағы, Ата, Әке үрдісін жалғастырғандары бар ма? – Атам да, әкем де мына жарық дүниеде адам баласының ғұмырында кездесетін ақ та, қара да жолақтардан өткен. Әрине, оның бәрі жеке бастарының қамы емес екенін, өз ұлтының болашағы-келешегіне жандары ауырғаннан көрген қиындықтар екенін бүгінде өз әулеті ғана емес, бүткіл қазақ елі мойындаған. Өмірдің тәттісінен гөрі ащы сынақтарын басынан кешіргендіктен болар, біздің отбасымыз көпбалалы шаңыраққа айналды. Бес ұл мен қыз тәрбиелеп өсірді. Он балаға жарық дүние сыйлап қана қоймай, олардың тәлім-тәрбиесімен қоса салауатты-салиқалы ғұмыр сүруіне де жағдай жасай алған ата-ана еді менің әке-шешем. Біз аталы-балалы намысшыл ұрпақтың өкілдеріміз. Елбасымыздың биылғы жылы жарық көріп, халықтың қолдауына ие болып жатқан «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес. Біз Тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды іс атқардық. 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғырттық...» деген жолдар бар. Сол идеяны басшылыққа ала отырып ашылған әкемнің атындағы қор біраз игі шаралардың ұйымдастырушысы болды. Қазан айының басында Орталық музейде өтетін «Алашордашылар және олардың халыққа сіңірген еңбектері» атты ғылыми конференцияда музейлердегі алашордашылар өмірінен жинақталған жәдігерлерден көрме де қойылады. Сондай-ақ, «Алаш ұлағаты» атты кітаптың да тұсаукесері өтетін болады. Осылай ұрпақтар жалғастығын тауып жатыр деуге болар. – Әңгімеңізге рахмет! Іске сәт!  

Әңгімелескен

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ