661
Өлке өнегесі
Өлке өнегесі
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Оңтүстікте бақ-береке, бірлік пен ынтымақ болса, бүкіл елімізде бақ-береке, бірлік пен ынтымақ болады» деп, Тәуелсіздіктің әуелгі жылдарында айтқан болатын. Сәуірдің соңына таман облысымызға келгенде Мемлекет басшысы «Оңтүстік Қазақстан – қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өлке. Бұл – абыздар мен әл-Фарабидің ізі қалған, көне мәдени мұраға бай, киелі жер. Қазір бұл өңірде бүкіл ел халқының 16 пайызы тұрады. Оңтүстік Қазақстан облысында 800-ден аса тарихи-мәдени ескерткіш бар. Әлемге әйгілі жәдігерлеріміздің де көпшілігі осында. Түркістан, Отырар, сайрам, Сауран қалалары, Қожа Ахмет Ясауи, Арыстанбаб кесенелері – біздің мақтанышымыз. Осындағы әрбір төбе мен қырқаның, өзен мен көлдің аттары – тұнып тұрған тарих. Мәртөбе, Күлтөбе және Ордабасы – халқымыздың сақталуына әсер еткен, қазақтың бірлігі мен тұтастығының символы. Біз осының бәрін ұрпақтың санасына сіңіруіміз керек. Жастарды патриотизмге, отаншылдыққа, туған жерді сүюге баулу қажет», – деді.
Осынау Оңтүстік Қазақстанда Ұлт Көшбасшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жан-жақты талқыланып, түсіндіріліп, насихатталып, жүйеленіп жатыр. Нақтылы жобалар жасалуда.
Әсіресе, «Туған жер» бағдарламасы бойынша «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» деп дара драматург ағамыз Қалтай Мұхамеджанов бәдіздеп кеткен киелі өңірде қызу жұмыстар басталып та кетті. Бұл бағдарлама бойынша жүйелі түрде жүзеге асырылатын жұмыстардың іргетасы өткен жылы қаланғанын қуанышпен мағлұмдай аламыз. Былтырғы желтоқсанда облысымызға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ірі-ірі бизнесмендер, кәсіпкерлер, бұрынғы және қазіргі басшылар, көрнекті ғалымдар, айтулы ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері, тағы басқалары бар – барлығы екі жүздей түлекті жинап, «Туған жерді түлету – перзенттік парыз» атты жиын өткізуге қол жеткен еді. Бұрын-соңды болмаған мұндай басқосу облысымыздың жаңа әкімі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың бастамашылдығымен ұйымдастырылған болатын.
– Сол жүздесудің тәжірибесін Елбасы мақаласындағы жергілікті билік алдына қойылып отырған міндеттер мен мақсаттарға сәйкес дамытып, жаңғыртудамыз және жобалар бойынша жүйелі жалғастырамыз, – дейді өңір басшысы Ж.Қ. Түймебаев. – «Туған жерді түлету – перзенттік парыз» басқосуы шынында да ерекше болды. Екі жүзге жуық түлек қатысып, аса бағалы ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Толғанды. Тебіренді. Толқығандар көп болды.
Оңтүстік Қазақстанда қай-қандай салаларды да қарыштап дамытуға мүмкіндік баршылық. Рухани жаңғыру жөніндегі алға қойылып отырған бағдарлардың бәрін жемісті түрде жүзеге асыруға әбден болады. Туризмді жан-жақты қолға алудың маңызы зор. 2015 жылы тек Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің өзіне 1 миллионға жуық турист келген. 2016 жылы көрсеткіш кеміген жоқ. Биыл тіпті жоғары. Мұның өзі Түркістан шаһарын барынша қайта жаңғырту қажеттігін білдіреді. ЮНЕСКО-ның бүкіл әлемдік мұралар тізіміне 2003 жылы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сәулеттік бірегей ескерткіш ретінде енгізілген. Осы тізімге Сауран, Түркістан, Сидақ қалашықтары, Бөржар қорымы, Қараспантөбе, Жуантөбе, Күлтөбе және Отырар оазисі ұсынылып отырғаны белгілі.
Көненің көзі саналатын тарихи ескерткіштердің әлі күнге дейін ашылмаған құпиялары, жасырынып жатқан сырлары қаншама! Айтулы археолог, ғұлама ғалым, ізденімпаз да ізгі ниетті тұлға Мұхтар Қожа үнемі жаңашылдығымен, күтпеген ғажайыптар тауып, ұлт мүддесіне талмай қызмет ететін қасиетімен белгілі.
Жақында ғана ол Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен ХІІ ғасырға жататын өзгеше өрнекті ағаштар тапты. Мұндай көне жәдігерлер Орталық Азия кеңістігінде бұған дейін кездеспеген. Міне, сондықтан да Мұхтар мырзамыздың тапқан жәдігерлері теңдессіз ғылыми жаңалықтар қатарына қосылып отыр.
Сәуір айының соңында облысымызға арнайы сапармен келген Елбасы Оңтүстіктегі бірегей тарихи-мәдени ескерткіштерді ерекше атап, оларды жаңаша зерттеуді, зерделеуді, ұрпақтар санасына сіңіруді тапсырған еді. Міне, Мұхтар Қожа осы бағытта қадам жасап отыр. Тарих ғылымдарының докторы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің профессоры Мұхтар Баһадүрұлы Қожаның меңзеуінше Оңтүстік өңіріндегі көне ескерткіштерден небір кереметтерді көптеп табуға болады. Сондай-ақ, әлі де зерттеуді күтіп, жер астында жатқан қалашықтар мен қорғандар да аз емес. Рухани жаңғыру жөніндегі тапсырмаларға сәйкес қаржы мен күш-мүмкіндіктерді, ғалымдардың потенциалын пайдалануда шынайы мемлекетшілдік, ұлттық мүддеге берілгендік тұрғысынан барлық буындардың жауапкершілігін жоғарылатып, көзқарастарды түбегейлі түрде өзгерту керек.
Бұл жағдай – облыстағы рухани жаңғыруға орай жасала бастаған тірліктердің бір ғана мысалы. Жалпы, өңір басшысы Елбасы міндеттеген, тапсырған бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруда сөз бен істің бірлігі ауадай қажет екендігіне баса назар аударуда. Күні кеше ғана Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде өткен мәжілісте де Жансейіт Қансейітұлы сөзбұйдалыққа салынып, мезі ететін езбе жиналыстарды мүлде жойып, «шешендік» сөздерден гөрі кесімді ойлар және солардың нәтижелері ретінде нақтылы істер керектігіне тағы да көптің көңілін аударып, алдағы уақытта талапшылдықтың күшейетінін мәлім етті.
Облысымызда өлкетануға байланысты жұмыстар жан-жақты жандандырылмақшы. Мәселе былай қойылып отыр. Мәселенки, Мақтарал немесе Шардара, Түлкібас немесе Төле би аудандарында қаншама жыл тұратын тұрғындар түркі дүниесінің текті төрі Түркістанды, әл-Фарабидің туып-өскен мекені Оқсыз бен Отырарды көрмей, бармай жүре береді. Сондай-ақ, дүние жүзіне мәлім, туған жер табиғатының теңдесі кем жауһары Ақсу-Жабағылы қорығын, Саурам-Өгем ұлттық табиғи саябағын көрмей-білмей, сезінбей, Оңтүстіктің тұрғынымын дейтіндер мыңдап саналады. Міне, сондықтан да өлкедегі ішкі туризмді жоспарлы түрде жаңа сипатта көтерудің жолдары қарастырылып, жобалары жасалып жатыр.
Оңтүстік өлкесінің қашаннан-ақ қай-қандай тараптары да қазыналы екені, топырағы құнарлы, рухани тұрғыдан да тектілігі ежелден аян. Поэзия патшайымы атанған ақиық, ару ақынымыз Фариза Оңғарсынова да «Бәріміз Оңтүстікке қарыздармыз, Оңтүстікке өзгеше қарауымыз керек» деген болатын. «Осындай-осындай парасатты пікірлерді бұрынғылар да қалдырған, кейінгі кемеңгер тұлғалар да айтады. Оңтүстік сол биік бағаларға лайық, өнегелі өлке болуға тиіс», – дейді өңір басшысы Жансейіт Түймебаев мырза.
Ұлы ойшылымыз Шәкәрім «Тіршілік басы қозғалыс, оған да керек қолғабыс» деген. Баршамыз және әрқайсымыз жаңара отырып, Елбасымыздың рухани жаңғыру жөніндегі ел алдына қойып отырған ұлы міндеттеріне жан аямай қолғабыс жасауға парыздармыз.
Мархабат Байғұт,
жазушы, халықаралық «Алаш»
және «Түркі әлеміне қызметі үшін»
сыйлықтарының лауреаты