Биылғы Ораза 18 маусымда басталады

Биылғы Ораза 18 маусымда басталады

Биылғы Ораза 18 маусымда басталады
ашық дереккөзі
313

Бүгін Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында қасиетті Рамазан айына байланысты Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының және облыстардағы бас имамдардың қатысуымен Төралқа мәжілісі өтті. Алқалы жиында Рамазанға байланысты Бас мүфтидің халыққа Үндеуі, қажылық, уағыз-насихат жұмыстары, пітір садақа мөлшері, мешіттерге ат қою, имамдарға бірыңғай шапан үлгісін бекіту секілді мәселелер талқыланып, www.fatua.kz сайтының ашылу рәсімі өтті. Бас мүфти мұсылмандар үшін қасиетті айдың қашан басталатынын нақтылап берді: «2015 жылдың 18 маусымында Рамазан айы басталады. Әр пенде сауапты амалымен, тақуалығымен Алланың алдында дәрежесі артады. Жомарт, жанашыр азаматтарды, кәсіпкерлерді көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық көрсетуге, мәселен, су тасқынынан үйсіз, шарасыз қалған отандастарымызға қайырымдылық жасауға, табиғи апат салдарынан бұзылған көпір мен жолды жөндеуге үлес қосуға, жетім мен жесірге мейірімділік танытып, қараусыз қалған қарттарға көңіл бөлуге шақырамын», – деді ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы. Наиб мүфти Серікбай қажы Ораз жуырда ашылған www.fatua.kz сайты туралы баяндап, бірыңғай пәтуалар базасы құрылғанын жеткізді. «Аталмыш сайтқа күніне 30 сауал келіп түседі. Халықты толғандырған діни мәселелерге мамандарымыз жауап береді», – деді С.Ораз. Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб муфтиі республиканың барлық азаматтарын Рамазан кезінде қайырымды және игі істер жасауға шақырды: «Кәсіпкерлерді қайырымдылық істеріне, аз қамтылған, көп балалы отбасыларға, жетім балаларға, сонымен қатар табиғи апаттан зардап шеккен халыққа ерекше назар аударуға шақырамыз. Сондай-ақ, мүмкіндігінше көлік компанияларынан жол ақысына бағаны төмендетуді сұраймыз», – деді ол. Жиын барысында пітір садақаның биылғы көлемі өзгеріссіз қалатыны нақтыланды, оның көлемі былтырғыдай 200 теңгені құрайды.

Серіктес жаңалықтары