Қазақ тілін жаңғыртуға жасалған қадам

Қазақ тілін жаңғыртуға жасалған қадам

Қазақ тілін жаңғыртуға жасалған қадам
ашық дереккөзі
738
Латын әліпбиіне көшу мәселесінің қоғамда жиі көтеріліп, кеңінен талқыға салынып жүргеніне біраз жылдың жүзі. Мұны әсіресе,  Елбасы өзінің Жолдауларында, арнайы стратегиялық бағдарламаларында, БАҚ-қа берген сұхбаттарында ашық айтып, ел-жұрттың қаперіне салып келеді. Мәселен, Н.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған пікірінен кейін латын қарпіне көшу бірауыздан қолдауға ие болды.  Онда Елбасы: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деген болатын. Ал Н.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында: «Латын әліпбиіне көшу мәселесін қарайтын кез келді. Бұл мәселені кезінде кейінге қалдырған едік. Қалай болғанда да, латын әліпбиі бүгінде телекоммуникациялық салаларда басымдыққа ие болып отыр. Сондықтан бұрынғы кеңестік елдердің көпшілігінің латын әліпбиіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар осы мәселені зерттеп, нақты ұсыныстарын жасауы тиіс» деп қадап айтқаны тағы бар. Тіпті, биыл қоғамда қызу талқыға айналған Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз», – деуі бұл мәселені кейінге ысыра бермеуді үндеп тұрғандай. Латын қарпіне көшу – заман талабы. Бұл мәселе елімізде көтеріле бастаған жылдары қоғамда екіұдай пікір туындағанмен, соңғы жылдары тың серпіліс пайда болды. Жалпы, Елбасы латын қарпіне көшу мәселесін дүркін-дүркін бекер тілге тиек еткен жоқ. Осы салаға қатысы бар мамандардың пікірін тыңдап, арнайы ұсыныстардың жасалуына да мүмкіндік берді.

Латын қарпіне көшу – тілдің мәртебесін көтеретін

зор мүмкіндік

Мәжілісте «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау өтті. Маңызды мәселе талқыланған алқалы кеңеске Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мен Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев, Сенат және Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері мен әліпби жобасын әзірлеуші А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының, Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары мен ғалымдар, сарапшылар қауымы қатысып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссиясының ұсыныстарын кеңінен саралауға тырысты. Ал жиынның ашылуында сөйлеген Мәжіліс төрағасы Н.Нығматулин ұлттық сана-сезім, рухани даму, өркендеу жолымыз қазақ тілінің жаңа әліпбиін жасаудан басталатындығына тоқталды. «Өйткені Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, қазақ тілі – ол біздің рухани негізіміз. Осы жолда тілдің халықаралық мәртебесін көтеру біздің әлемдік өркениетке жетуіміздің басты кепілі. Сонымен бірге, жаңа әліпби бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін өте маңызды фактор», – деді Нұрлан Нығматулин. Сондай-ақ, палата спикері тіл және жаңа әліпби мәселесінде қателікке жол беруге болмайтындығын атап өтіп, «қазақ тілін жаңғыртудың басты көрсеткіші – латын жазуына көшу» деп қаперге салды. «Айта кету керек, латын жазуы туралы бүгін ғана айтылып отырған жоқ. Президент бұл мәселе жайында 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының он екінші сессиясында сөйлеген сөзінде және «Қазақстан – 2050» Стратегиясында да айтқан болатын. Сонымен қатар Елбасы өзінің «Рухани жаңғыру» мақаласында латын жазуына көшудің нақты жолдарын белгілеп, тиісті шараларды қолға алу керек екенін жеткізді. Бұл қазіргі заманның талабы деп айтуға болады», – деген Мәжіліс төрағасы латын қарпінің ғылым мен техниканы дамытуда орны ерекше екеніне де екпін түсірді. «Әрине, «біткен іске сыншы көп» дегендей, осы мәселеге байланысты айтылып жатқан пікірлер өте көп. Бірақ еліміздің әрбір азаматы латын жазуына көшу әлемдік өркениетке жетудің басты жолы екенін білуі тиіс. Себебі латын жазуы адамзаттың дамуындағы қуатты тілдің бірі. Ол ХХІ ғасырдағы ғылым мен техниканың, интернет пен ІТ-технологияның тілі. Сондықтан біз осы өте жауапты кезеңге үлкен дайындықпен келдік деп айтуға болады. Өйткені көптеген жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде қазақ тілінің ықпалы күшейтіліп, қазақстандықтардың ағылшын тілін үйренуге де барлық жағдай жасалынды», – деді Нұрлан Нығматулин. Әлемдік тәжірибе бойынша өркениетке, мәдениетке және ғылымға жол салған кез келген мемлекет ең алдымен тілдің дамуына ерекше көңіл бөлетіні заңдылық. Бұл тұрғыда Парламент Мәжілісінің төрағасы Н.Нығматулин: «Бүгінде қазақ тілінде білім беретін мектептердің саны 70 пайызға жетті. Ал 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілінде сөйлейтін болады. Мұның бәрі, соның ішінде латын әрпіне көшу – тіліміздің мәртебесін күшейту жолындағы нақты қадам. Біздің ұлттық сана-сезім, рухани даму, өркендеу жолымыз – қазақ тілінің жаңа әліпбиін жасаудан басталады. Себебі Мемлекет басшысы айтқандай, қазақ тілі біздің рухани негізіміз. Осы жолда тілдің халықаралық мәртебесін көтеру –  біздің әлемдік өркениетке жетуіміздің басты кепілі. Сонымен бірге жаңа әліпби бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін өте маңызды фактор», – деп атап өтті. Мәжіліс төрағасының айтуынша, латын әліпбиіне көшу мәселесінде ешқандай қателік болмауы керек. «Қазіргі уақыт ол бүкіл әлемде ақпарат технологияларының жоғары деңгейде дамуының кезеңі. Сондықтан біздің мемлекетімізде заманға сай «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Елбасының тапсырмасына сәйкес, барлық білікті мамандар бірнеше жылдың ішінде латын қарпі бойынша қазақ әліпбиінің жаңа жобасын жасады. Ең бастысы, жаңа әліпби барлық талаптарға сай болса, біз биік технологияларды меңгеруге, интернетке, ғылым мен білімге және әлемдік дамуға еркін кіретін боламыз. Бұл болашақ ұрпақ алдындағы біздің үлкен парыз және оларға қалдыратын мәңгілік мұра. Сондықтан латын жазуына көшу – зор мүмкіндік пен өте үлкен жауапкершілік. Сол үшін біздің үшінші сессиядағы алғашқы парламенттік тыңдау да Елбасының тарихи бастамасына арналып отыр. Біз жаңа әліпбиді жан-жақты талқылап, әрбір әріпті, әр таңба мен белгіні терең талдауымыз қажет. Себебі тіл, жаңа әліпби мәселесінде ешқандай қателік болмауы керек», – деп қадап айтты. Сондай-ақ, ол мемлекеттік тілге қатысты реформа мемлекеттің тіл саясатына қатысты өзгерістерді қарастырмайтынын да жеткізді. «Яғни,  әліпбиді өзгерту тек қазақ тіліне қатысты. Латын әлипбиіне көшуі тек қазақ әліпбиі мен орфография ережесін реформалауға байланысты. Бұл тіл фонетикасы мен графикасы арасында тиісті байланысты орнатуға мүмкіндік береді. Елбасы атап өткендей, латын әліпбиіне көшу орыс тілінен, кириллицадан бас тартуды білдірмейді. Латын әліпбиіне көшу тек қазақ тіліне қатысты. Ал орыс тілінде шығатын басылымдар бұрынғыша шыға береді. Яғни Қазақстанның орыстілді тұрғындары үшін кириллица қалады», – деді кейбір алаңдаушылық пікірлерге жауап берген  Мәжіліс төрағасы. Парламенттік тыңдауда негізгі баяндама жасаған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы латын жазуына көшуге дайындық осыдан алты жыл бұрын басталғанын айтты. «Тиісті шаралар Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясын жариялап, тапсырма берген 2012 жылдан бастап, қолға алынды. Содан бері министрлік көптеген ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинарлар өткізді. Оларда тіл саласындағы көптеген белді ғалымдардың қатысуымен, латын әліпбиіне көшудің тарихи, әлеуметтік, тіл-танымдық негіздері жан-жақты талқыланды. Халықтың пікірін білу мақсатында түрлі зерттеулер жүргізілді. Жұмыс барысында біз қазақ тілін латын графикасына көшіруді халықтың толығымен қолдайтынына көз жеткіздік», – деді А.Мұхамедиұлы. Ол Елбасы бастамасын дер кезінде және сапалы іске асыру үшін Президент жанындағы ұлттық комиссия құрамында «Қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа ұлттық әліпбиге көшіру жөніндегі жұмыс тобы» құрылғанын еске салды. «Оны қалыптастырған кезде біз осы бағыттағы жұмыс тек қана ғылыми ауанда, жоғары кәсіби негізде жүруге тиістігін басшылыққа алдық. Сондықтан оның құрамына біріншіден, тіл білімінің басты бағыттарына маманданған еліміздің жетекші ғалымдары кірді. Екіншіден, қазақ тілтану ғылымы сыртында, топқа кириллица және орыс тілі, ағылшын тілі, еуропалық және түркі тілдері мамандары да енді. Үшіншіден, олармен бірге ақпараттық технологиялар, компьютерлік лингвистика, тілдік таңбаларды бағдарламалау және кодтау мамандары да жұмыс жасады», – деп құлағдар етті министр. «Осының барлығы мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын әзірлеу жұмысын тек ғылыми ауанда жүргізуге жол ашты. Бұл жұмыс Президент Әкімшілігінің нақты үйлестіруі негізінде ұйымдастырылды», – деген Арыстанбек Мұхамедиұлы ғылыми ортада талқылаулар барысында мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандарты жобасында барлық пікірлер ескерілгенін жеткізді.

Қазақ тіліне негізделген жаңа жоба 

 Латын әліпбиіне көшу жөніндегі ұлттық комиссияға 100 жоба түскен. Соның ішінен тіл нормаларына сай, үйлесімді бір нұсқаны таңдап алу мәселесі күн тәртібінде тұр. Бұл жердегі басты мәселе – жобаны өте сауатты түрде іске асыру. Ол үшін Елбасы 8 жыл уақыт берді. Осы жылдың соңына дейін жаңа әліпби бекітілсе, 2018 жылдан бастап оны үйрету, оқулықтардың латын әліпбиімен шығарылуы секілді жұмыстар біртіндеп атқарылуы тиіс. Ал Елбасының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдан бастап іс-қағаздар латын әліпбиімен жүргізіле бастайды. Ал Қазақстан Парламенті Мәжілісінде Шаяxметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық орталығының директоры Ербол Тілешов таныстырған латын әліпбиінің бірыңғай нұсқасы да көпшіліктің назарын аудартты. «Жаңа жазу нұсқасын қабылдау әлбетте, бір таңбаларды екіншісімен ғана ауыстыру емес. Бұл бұрынғы әліпбилерде жіберілген емле қателері мен жаңсақ жазуды дұрыстау, ретке келтіру. Бұл ретте әліпби жасау және оны енгізумен бірге жаңа жазу ережелері де қабылдануға тиіс. Сіздерге таныстырылып отырған нұсқада латын қарпінің тек төлтаңбалары ғана алынды. Оның лингвистикалық және қоғамдық маңызы ерекше. Себебі латын әріптеріне әртүрлі диакритикалар, яғни, ноқаттар қою біріншіден, ондай нұсқаны латын әліпбиі емес, әртүрлі қоспа таңбалардың әліпбиі етеді», – деді Е.Тілешов. Екіншіден, оның пайымдауынша, латын әріптерінің үстіне ноқат-сызбалар қосу «төл дыбыстарымызды сақтауға толық мүмкіндік пен кепілдік бермейді». «Өйткені мобильді телефондар, смартфондар, планшеттер, ноутбуктар, компьютерлер әлемнің түкпір-түкпірінен келетіндіктен, олардың пернетақтасында тек 26 латын таңбасы ғана орналастырылады. Егер біз осы таңбаларға диакритикалық таңбаларды қосар болсақ, онда көпшілік көп қолданбайтындықтан, қазақтың төл дыбыстарын жоғалтып алу қаупі туады. Қазірдің өзінде «ә»-ні «а»-мен, «қ»-ны «к»-мен және басқаша алмастыру, әсіресе, жастар арасында жиі байқалады», – деді ол. Латыншаға көшудегі қазақтың төл дыбыстарын қолдануды түсіндіре келе: «Қазақ әліпбиінің латын графикасындағы нұсқасын дайындау бойынша әртүрлі сала мамандарынан, мекемелерден көптеген ұсыныстар болды. Латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиін жасауда «бір әріп – бір дыбыс», «бір әріп – екі дыбыс» және «бір дыбыс» принципі қолданылды. 25 таңбалы әліпбиге қосымша қазақ тілінің дыбыстық жүйесін толығымен қамту үшін 8 дыбысты таңбалайтын 8 деграфта ұсындық. Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің нұсқасын таңдауда ең алдымен ғылыми принциптер негізге алынды. Соның нәтижесінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне, жалпы әліпби түзудің теориясы мен практикасына құрылған нұсқа таңдап алынды. Біз латын әліпбиіне көшу бойынша комиссия мүшелері ақылдаса келіп, 25 дыбыстан тұратын әліпби нұсқасын жасап шықтық. Онда қазақтың ң, қ, ғ, ө, ә қатарлы дыбыстық таңбаларын латын әліпбиінде қалай жазылатындығы көрсетілді. Мысалы, ә – ае, ө – ое, ғ – gh, ч – ch, ж – zh, ш – sh, ү – ue түрінде қолданылуы қиындық тудырмайды. Сонда «әлем» – «aelem», «өркен» – «oerken», «үкімет» – «uekimet» болмақ.  Мұндағы айрықша тұрған дыбыс – «ң». Ол қазақ тіліне тән дыбыс, басқа тілдерде де бар. Біз оны «ng» деграфымен бердік. Осындай деграфпен беру ағылшын тілінде де, басқа бірнеше дыбыстарда кездеседі. Оны қабылдау да оңай болады», – деп атап көрсетті Тілешов. Енді жоспар бойынша жұмыс тобы кешенді түсіндіру-насихаттау шараларын, тренингтер мен семинарларды республиканың барлық өңірлерінде жүргізбек. «Бүгін еліміздегі тіл саласындағы ең белді ғалымдардың бес ай бойғы қажырлы еңбегінің нәтижесінде жасалған үлкен ұжымдық еңбекті ел назарына ұсындық. Жұмыс барысында сан түрлі 100-ден астам ұсыныс келіп түсті, біз барлық нұсқалардың артықшылығы мен кемшіліктерін саралай отырып, тамыз айында екі нұсқаға тоқтадық, ал қыркүйек айында бір пайымға келдік. Демек, ұсынылып отырған қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына негізделген бірыңғай стандарты – жұмыс тобының барлық мүшелері мен сарапшылардың ортақ нұсқасы», – деп түйді жұмыс тобының жетекшісі Ерден Қажыбек. Ал келесі болып сөз алған Дархан Қыдырәлінің айтуынша, латын әліпбиі қазақ тілінің табиғатына ең жақын әліпби болып саналады. Сондықтан латын графикасына көшу әлем алдында ерекшелігімізді сақтауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда еліміздің үш тілде үш түрлі таңбаланып жүрген «Қазақстан» деген атауынан бастап көптеген жер-су атауларын тілдік ерекшелігімізді сақтай отырып, бір ізге түсіруге мүмкіндік туады. Қосамжар орфографиядан құтыламыз. Сондай-ақ, тыңдалым барысында баяндама жасаған Attila Group компаниясының өкілі Қуаныш Біләл көлемді туындылар мәтінін латын қарпіне айналдыру қиындық туғызбайтынын мәлімдеді. Ол конвертердің бір демде кириллицадан латыншаға, төте жазуға ауыстыратынын және қолдануға қолайлы екенін жеткізді. Мәселен, «Абай жолы» романын әрі кетсе 3 секунд ішінде латын графикасына ауыстыруға мүмкіндік бар екен. Осылайша, отырыс аясындағы жарыссөзде он бір адам сөз алып, ортақ мәміле табылған жиын қорытындысы бойынша парламенттік тыңдаудың арнайы жобасы қабылданды. Әрине, бұл қабылданған соңғы шешім емес. Алдағы жұмыс аптасына дейін осы жобаға қатысты жазбаша жолданған қосымша ұсыныс, пікірлер енгізіліп, қатысушылар оны тағы да пысықтай түсетін болып тарасты. Парламенттік тыңдау қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар қабылданды.

Жазудан басталатын жаңғыру

«Түркістан» газетінің жанынан ашылған «Алдаспан» пікірсайыс алаңында да латын әліпбиіне көшудің себеп-салдары туралы бірнеше отырыс өтіп, тұшымды пікірлер айтылған еді. Осыдан төрт жыл бұрынғы дөңгелек үстелде «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім: «Латын әліпбиіне көшетін жағдай 1991 жылдары туды. Біз сол уақытты жіберіп алдық. Қазір латынға көшу үлкен қиындықпен келетін сияқты. Президент бұл мәселені екі мәрте көтерді. Неге сол жылдары көшпедік? Бұл сол уақытта қоғам үшін қажет болды. Латынға көшу қазақ халқының, әсіресе, зиялы қауымның арманы еді. Қазір халықтың тарапынан көбірек қолдау тауып жатқаны да сондықтан», – десе, А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Анар Фазылжанова: «Ең алдымен, басты мәселе  тілдік фактор. Егер біз кирилл жазуында қала беретін болсақ, қазақ тілінің өзін-өзі  сақтау иммунитеті жойыла береді. Иммунитет деп отырғанымыз – жай абстрактілі нәрсе емес. Кез келген тілден енген сөздерді игеру тетігі болады», – деген еді. Ал белгілі саясаттанушы Айдос Сарым: «Бұл әңгіме бүгін көтеріліп отырған мәселе емес. ХХ ғасырдың ортасынан бері талқыға түсіп келеді. Бүгінгі биліктің бұл тақырыпқа аяқ басуы әсіресе қоғамның, жас буынның талап-тілегі, керек болса қысымының арқасында пайда болған дүние. Екіншіден, бұл жерде ең бастысы саяси мәселе бар. Бұл бодандықтан құтылу, оның іздерін азайту, келесі буынды мүмкіндігінше құлдық санадан арылатындай жағдайда тәрбиелеу. Үшінші, геосаяси мәселе. Біз өз көкжиегімізді, өркениетімізді анықтау үстіндеміз. Оның бір бөлігі түрік халықтарымен бірігіп, ортақ дәулет құру. Ол үшін бұған  өзіміз жақындасуымыз керек. Біздің шеттегі диаспораларымыздың көбі латын қарпінде жазып, оқып жатыр. Осы жағынан келгенде сөзсіз қажет екені анық», – деп кесіп айтқаны есте. Ал «Түркістан» газетінің №17 санында (№17, 2017 ж) ұйымдастырылған «Алдаспан» пікірсайыс клубының кезекті отырысында да Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған латын әліпбиіне көшу мәселесі тағы да қызу талқыға түсті. Дөңгелек үстелде белгілі тіл ғалымы Дандай Ысқақтың айтуынша, әліпби ауыстыру мәселесінің қыры көп. «Мұның саяси, ұлттық, экономикалық және түркілік жағы бар. Осы уақытқа дейін саяси жағы кідіріс тудырды. Біз «әліптің артын бақтық». Ол да дұрыс шығар. Тілді қолға аламыз деп бүлініп жатқан елдер де бар. Қазір саяси билік бұл жағдайды қолға алды. Әлемдік жағдай дер кезінде күн тәртібіне қоюға түрткі жасады. Қазір бірнеше нұсқалары айтылып жатыр. Ең негізгі нұсқа – қазақтың барлық төл дыбыстары енген ұлттық әліпбиі болуы керек. Екінші, қазіргі техника жетістіктеріне байланысты ағылшынның дайын әліпбиін алып, қазақтың бар дыбысын салайық дейтіндер де бар. Бірақ мұнда ұлттық дыбыстар қалып қояды. Үшінші, қазақтікі де, ағылшындікі де емес, түркі халықтарының бірлігін қамтамасыз ететін түркі әліпбиін жасайық дегендер болды. Түркі кеңесі 1990 жылдары 34 әріптен тұратын ортақ әліпби жасады. Сондықтан латынға көшкен елдердің тәжірибесін пайдаланып, түркілік ортақ әліпби жасайық деген де пікір айтылуда. Мысалы, түріктер латынға көшкенде екі-үш дыбысты жоғалтып алыпты». Олар осыны ескеруге кеңес берді. Түрік ғалымдары: «Қазақстан ортақ түркілік әліпби жасаса, жаһандануға жұтылып кетпес үшін біз де қолдар едік» десе, латын әліпбиін зерттеуші, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек: «Өткен ғасырдың 50-жылдарының ортасында қазақ жазуына реформа жасалды. Ол кезде де айтыс-тартыс көп болды. Бірақ ол саяси реформа еді. Астарында не жатты? Мақсат – қазақ тілінің айтылуын, жазылуын орыс жазуына икемдеу. Сол реформаның нәтижесін қазір көріп отырмыз. Осы реформаның бағдарымен өскен көзі ашық тіл мамандарының өзі бас тарта алмауда. Қазіргі әліпби – қазақ әліпбиі емес, тіпті, қазақ-орыс емес, орыс-қазақ әліпбиі. Сондықтан латын әліпбиіне өту науқанын бір әліпбиден екіншісіне өту емес, қазақ жазуына реформа жасау деп түсінген дұрыс. «Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген екен Ахмет Байтұрсынұлы. Қазір қолға алып жатқан дүниенің бәрі біз үшін емес, бүгін-ертең балабақшаға баратын ұрпақ үшін жасалып жатқан тірлік. Ол үшін қазақтың жазуы ұлттық болуы керек. Егер жаңағыдай аралас болса, онда басты қатырмай, осы жазуда қала беру керек. Біріншіден, қазақ тілінде қанша төл дыбыс бар, соның басын ашып алу керек. Қазақ тілінде 9 дауысты дыбыс, 17 дауыссыз дыбыс, бас-аяғы 28 дыбыс бар. Яғни, бізге керегі 28 таңба. Оған кірме дыбыс кіріп кетсе, бүкіл жүйе бұзылады. Бірақ қазіргі заманда халықаралық атаулар, терминдер көп. Оның бәрін орыс тілі тұрғысынан айтамыз. Одан құтыла алмаймыз. Мұны қалай шешеміз? Ресейдің өзі компания атауын, жарнамаларды латын қарпімен жазып жатыр. Біз де өз еркімізбен бірдеңе ойлап таппаймыз, сол халықаралық үлгінің негізінде жасауымыз керек. Бұл – ұлттық сананың жаңғыруы. Жаңғыру – жазудан басталады. Қазір «қазақтың тілі дамып кетті» деген пікірді жиі естимін. Қазақтың тілінің дамығаны – тек лексикасы ғана. Дыбыс дамыған жоқ», – деген-ді. Латын әліпбиіне көшу – ұлт пен ұлыстарды бір арнаға тоғыстыратын қадам. Себебі, латын әліпбиіне көшу – жаңғырудың басты кепілі. P.S. Латын әліпбиіне көшу – кезек күттірмейтін мәселе. Алайда, кез келген жоба қоғам талқысына салынып, жан-жақты саралаудан өтуі тиіс.   Бір есте сақтайтын жайт, латын әліпбиіне көшу бір-екі жылда атқарылатын жұмыс емес. Сондықтан көрші мемлекеттердің тәжірибесіне сүйеніп, жіберген қателіктерін ескеріп, ертеңгі күні бармақ тістемейтіндей жобаны мақұлдаған жөн. Себебі бұл бүгінгі ұрпақтың ғана емес, кешегі Алаш қайраткерлерінің асқақ арманы. Дархан ҚАЛЕТАЕВ, Сенат депутаты:

Латын қарпін енгізу болмысымызды жаңғыртады

– Латын қарпін енгізу бастамасы жарқын болашаққа бет алған еліміздің рухани болмысын, қоғамдық ой-санасын өзгертеді, жаңғыртады. Кез келген мемлекеттік, халықтық бастаманың табысты іске асуы үшін саяси, экономикалық, әлеуметтік негіздеме және қоғам тарапынан сұраныс болуы тиіс. Дәл қазіргі уақытта мемлекеттік тілді реформалауға негіздеме де, сұраныс та бар деп ойлаймын. Бұл ұлтымыз үшін, болашақ үшін аса өзекті әрі қажетті жоба екендігі дау туғызбайды. Сондықтан біз «Латын әліпбиі қажет пе?» деген сұраққа емес, «Латын әліпбиін қалай тиімді түрде енгіземіз?» деген сұраққа жауап іздеуіміз керек.  Бауырлас Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан елдерін айтпағанның өзінде, төл әліпбилері бар Жапония, Қытай сияқты алпауыт мемлекеттер латын графикасындағы әліпбидің қосымша нұсқасын енгізіп отыр. Осының өзі көп нәрсені аңғартса керек. Демек, реформаны жүзеге асыратын атқарушы биліктің, құзырлы органдардың мойнында да үлкен тарихи жауапкершілік тұр. Біз бірыңғай стандартты халықтың қолданысына енгізудің барынша тиімді әрі жеңіл жолдарын қарастыруымыз керек. Ең бастысы, бұл бастама жарқын болашаққа бет алған еліміздің рухани болмысын, қоғамдық ой-санасын өзгертеді, жаңғыртады.   Мәулен ӘШІМБАЕВ, Мәжіліс депутаты:

Бұл мәселеде асығыстыққа жол берілмеуі керек

 – Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандарттарын енгізуге байланысты жобамен таныстық. Бұған қатысты мамандар мен ғалымдардың жақсы жұмыс істегендері көрініп тұр. Жобада көрсетілгендей, ол жиырма бес қаріптен және сегіз диграфтан тұрады. Жалпы, жоба көпшілік көңілінен шығады деген ойдамын. Елбасымыз «Қазақстан-2050 стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік тілді жаңғырту қажеттілігі, оның ішінде латын графикасына өту жөнінде арнайы тоқталған еді. Президентіміз сондай-ақ, өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында осы жылдың соңына дейін графикадағы әліпбидің бірыңғай стандартын қабылдауды, ал келесі жылы оқу әдебиеттерінде дайындықты бастау міндетін қойған болатын. Соған сәйкес «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Президент жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның жұмыс тобы құрылды. Жаңа графикаға өту мәселесі мақұлданған жағдайда барлық білім беру мекемелерінде жаңа жазбаны енгізудің кестесі бекітіледі. Барлық іс-шаралар сол кесте бойынша жүргізіледі. Бұл мәселеде асығыстыққа жол берілмеуі тиіс. Жалпы, латын әліпбиінің енгізілуі мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтеді. Еліміздің әлемдік қоғамдастықпен қатынасын нығайтуға барынша ықпал етеді. Сауытбек АБДРАХМАНОВ, Мәжіліс депутаты:

Латынға көшу – прагматизм талабы

– Жазуымызды латын әліпбиіне көшіру мәселесін егемендіктің елең-алаң шағында-ақ бастап, ойластырғанбыз. Бірақ біз өзге ағайындар сияқты бұл іске дереу кірісіп кеткен жоқпыз. Ойландық, толғандық, еледік, екшедік. Бәрін таразыға салдық. Әрине, асықпау керек дейміз. Әйткенмен, асықпаған жақсы, кешікпеген одан да жақсы. «Қазақ жазуын латын қарпіне көшіру қажет пе?» деген мәселенің басы ашық. Адам қателесуі мүмкін, қоғам қателесуі мүмкін. Тіпті заман да қателесуі мүмкін. Бірақ уақыт қателеспейді. Уақыттан өткен данышпан болмайды. Уақыт бұл мәселеде өз сөзін айтып үлгерді. Латын жазуы уақыттың сан ғасырлық сынынан өтіп болды. Бүгінде әлемдегі ақпараттың 70 пайызы латын таңбасымен таңбаланады. Меніңше, осыдан артық дәйектеменің қажеті де жоқ. Латынға көшу – прагматизм талабы.

Бекболат ТІЛЕУХАН, Мәжіліс депутаты:

Әліпби ауыстыру – астана ауыстырудан қиын емес

–  Шынында да дайындалдық, осы нәрсенің түбі болатыны әркімге белгілі болды. Және біз өзімізді дайындаған жоқпыз, уақыт дайындады. Қалта телефонымызға келген СМС хабарлар орыс тілінде келген ақпараттардың өзі   латиницамен келіп, солай дайындады. Осы уақыттан ерте бастасаң ерте болып кетер еді, енді кешіксек кеш болуы әбден ықтимал. Тіліміздің әліпбиін ауыстыру астаны ауыстырудан қиын емес. Ол үшін бастысы – ниет керек. Қазір үлкен бір әліпби реформасы жасалуда. Түріктің, өзбектің реформасынан алатын үлгіміз бар, әңгімесі бұзылып қалған әзірбайжанның, түңлігі түріліп қалған түркіменнің жағдайы біздің басымызда да бар.  Ол қателікті жібермеуге бізде толық мүмкіндік бар. Әліппе ауыстыру жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға кілт бұрылғаннан қиын деп ойламаймын. 1929 жылы біздің қазақ араб әліппесінен латиницаға бар болғаны екі-ақ жылдың ішінде ауысқан. Азат ПЕРУАШЕВ, Мәжіліс депутаты:

Латын әліпбиі – дүниеге кең ашылған терезе

– Менің көңі­лімнен шыққаны – латын графикасына негізделген әліпби жасақтау ісінде біз халықаралық шеңбердегі мол тәжірибелерге көбірек арқа сүйеп жатқанымыз болды. Бұл біздің дұрыс таңдауымызға септігін тигізетіні сөзсіз. Яғни, біз Түркия мен Өзбекстан, Әзірбайжан, тіпті Еуропа елдерінің ертеректегі тарихын таразылау арқылы жақсы зерттеулер жүргізе алдық. Мәселен, Түркия латын таңбасына көшуді асығыстықпен жасауының салдарынан олардың әліпбиіндегі кейбір әсем де әуезді дыбыстары түпнұсқалық деңгейден ауытқыды немесе тіпті жойылып кетті десе де болады. Ал біз өткен тарихқа көз жүгірте отырып, өзіміздің табиғи ерекшеліктерімізді жоғалтып алмасақ деген мақсат қойдық. Сол сияқты аталған бағытта жүйелі жұмыстарымыз арқылы грамматикалық ерекшеліктерімізді де сақтаймыз деген сенімдемін. Оған қоса, бүгінгідей ақпараттандыру технологиясы шапшаң дамыған заманда компьютер пернетақтасындағы таңбаларымыз да ықшамдалып, әлемнің өзге елдерімен өзара үндестігіміз де үйлесім табады. Ендеше, Елбасымыздың мақаласында айтылған бағыт-бағдарларды басымдыққа ала отырып, әліпби ауыстыру кезеңдерін осылайша «ақырын жүріп, анық басу» арқылы жүзеге асырсақ, дамыған отыз мемлекеттің қатарына көп кешікпей қосылатынымызға сенемін. Бұл Ресейдің ақпараттық ықпалынан бас тартуға бағытталған мүмкіндік. Латын әліпбиі – дүниеге кең ашылған терезе. Депутаттардың ішінде әліпби нұсқасын жібергеннің бірі ретінде қазақи дыбыстарды бір әріппен беруді ұсындым. Ал Парламентте жарияланған нұсқа туралы айтсам, біріншіден мәтінді ұзартып жібереді. Таңба көбейіп кеткен. Екіншіден, оқуға қиын. Мұны әлі пысықтауымыз керек. Халықтың талқылауына ұсынылған жоба. Меніңше, төл дыбыстарды бір әріппен беру керек. Қалай болғанда да, біз дұрыс нұсқаны таңдап, кешіктірмей латын әліпбиіне көшуіміз керек. Себебі кеше бұл шешім ерте болса, ертең кеш болуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары