Ұлт болмысын ұлықтаған қаламгер

Ұлт болмысын ұлықтаған қаламгер

Ұлт болмысын ұлықтаған қаламгер
ашық дереккөзі
Сонау алпысыншы жылдары әдебиетке Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Асқар Сүлейменов бастаған қуатты толқын келген-ді. Жылымық аталған кезеңнен соң қаламгерлер қалыптасқан жазу дәстүрі шеңберінен шығып, түрлі әдіс-амалдарды меңгере бастады. Сол қуатты толқынның ішінде Сыр бойынан келген, қазақтың ұлттық дәстүрін жақсы білетін, төл тіліміздің нәзік иірімдерін жетік меңгерген, сонысымен қатарластарынан біршама ерекшеленетін бір қаламгер бар-ды. Ол – Дүкенбай Досжан болатын. Сөз қадірін жоғары бағалайтын Сыр бойында туып өскен баланың әріп танығаннан кітап оқуға аңсары ауды. Ауыл кітапханасын түгел сүзіп шықты деуге болады. Сол жылдары қазақша басылып шыққан Пушкин, Абай сияқты классиктердің қалың бір томдығын басына жастанып оқығанын жазушының өзі бертін келе бір сұхбатында айтқан. Әсіресе, оған Гогольдің «Өлі жандары» қатты әсер етті. Әрі ойланып, бері ойланып, балаң жігіттің Гоголь болғысы келеді. Осындай шығарманы мен де жаза аламын-ау деген сенім пайда болып, 7-сыныпты бітірген жылы, жазда Гогольдің «Өлі жандарына» еліктеп, тор көз дәптерді  толтырып пьеса жазады. Бірақ сол пьесаны қайда жолдарын білмейді. Сосын Пушкин әлеміне бас сұғады. Өлең жазу пьеса жазудан оңайлау көрінеді. Пушкиннің «Руслан және Людмила» поэмасының сарынымен дастан жазып тастайды. Ол баспасөзге жарамағасын өлең жаза бастайды. Газет-журналдардан «материалыңыз басуға жарамады» деп басталып, ақыл-кеңес берумен аяқталатын хаттар ала бастайды. Сөйтіп жүргенде жазуға икемі келе бастады ма, әйтеуір балалар газетінде «Ақ ешкі мен сары ешкі» деген  мақаласы, облыстық газетке «Ленин томы» деген бір өлеңі жарық көреді. Облыстық газеттен келген бес сом қаламақыны өз қажетіне жаратпай, шешесіне құмшекер апарып беріп, батасын алады. Дүкенбай Досжан ең алғаш 1964 жылы өлең кітабын шығарған. Бұл кезде Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиевтің де жұқалтаң жинақтары шығып, кең тынысты ақындардың даңқы дүрілдей бастаған-ды. Дүкенбай мынандай дарындар тұрғанда ақын болып жарытпасын білді де, прозаға ауысты. «Отырар» (1965), «Фараби» (1965) атты жинақтар шығарып, лезде ел аузына түсті. Тіпті оның дарынын көре алмаған біреулер жазушыны «жөргегінде» тұншықтырғысы кеп, 1967 жылы сын мақала ұйымдастырады. 30-дан енді асса да, 4-5 кітап жазып үлгірген жазушының еңбегін іске алғысыз еткісі келеді. Сонда мұндай көпе-көрнеу жалаға шыдай алмаған  Қалихан Ысқақов  араға  түсіп: «Әй, ағайындар, Досжанов әдебиеттің нағыз жауынгері, оны бірер сын мақаламен құрта алмайсың, қолындағы автоматын алсаң – мылтығы бар, мылтығын алсаң – тапаншасы бар, тапаншасын алсаң – пышағы бар, оны құртам деп жүріп өзің құрып кетуің мүмкін», – деп жазушыны қорғап шығады. Қаламдастың бұл сенімі Дүкенбай Досжановты қанаттандырып жібереді. Ол күншілдердің сынына шығармамен жауап беру қажеттігін ұғынады да, «Жібек жолы», «Зауал», «Кісі ақысы», «Табалдырығыңа табын», «Жолбарыстың сүрлеуі» сияқты кемел туындыларды он-он бес жыл ішінде оқырман қауымға ұсынып, әдебиеттен өз орнын ойып тұрып алды. Ол алғашқы еңбек жолын  Алматы облыстық «Жетісу» газетінде әдеби қызметкерліктен бастайды. «Жетісу» газетіне 1963 жылдың желтоқсан айының басында келіп, 1966 жылдың тамыз айына дейін істейді. Осы үш жылға жуық уақытта журналистиканың қара жұмысында әбден ысылады. Мұндағы өмір тәжірибесі, бейнетқорлық жазушылық өмірінде де мол пайдасын тигізеді. Алғашқы шағын әңгімесі оқушы кезінде жарық көрген автордың  кітаптары әлемнің 20 шақты тіліне аударылып, бірнеше миллион таралыммен басылып шыққан. Кітап палатасының есебі бойынша, Қазақстандағы ең көп оқылатын жазушы Дүкенбай Досжанов қазақ әдебиетінде таза тарихи тақырыпқа тұңғыш қалам тартқан (1965 -66 жыл) автор ретінде де белгілі. Ол 11 роман, 22 хикаят, 100-ден аса әңгіме жазып, қазақ прозасының өркендеуіне елеулі үлес қосқан. Дүкенбай Досжан Қызылорда облысының түстік шығысындағы Қаратау баурайында, Ақүйік өзенінің бойында, Құланшы деген жерде 1942 жылы 9 қыркүйекте шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі  Досжан Сары-ұлы (1894 – 1974) елге әйгілі атбегі, соғыс жылдары «Ынтымақ» колхозының төрағасы, жылқышы, соңына жақсы сөз қалдырған, еңбекқор кісі болған деседі. Ақүйік бойындағы осы күнгі Досжан бауы, Досжан бұлағы деген жерлер сол кісіден ұрпаққа қалған мұра. Жақсының аты өлмейді. Жазушының айтуынша, әке бейнесі көптеген шығармаларда прототипке айналған. Шешесі   Жәмила Жанұзаққызы (1903 – 2004 ж.ж.) көп жыл сауыншы болған. Ділмар ана айтты деген сөздер қазірге дейін ел жадында сақталған. Д.Досжанның сәбилік шағы соғыс жылдарына тап келгендіктен, сол жылдардың бар ауыртпашылығын көзбен көріп өскен. Өзінің еске алуынша, Қаратау ішінде, тоқал тамның үстінде, шыжыған күн астында сағаттар бойына жалаңбас ойға шомып отырады екен. Мектепті 1959 жылы алтын медальмен бітіреді. Әл-Фараби атындағы Қазақтың Мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетін 1964 жылы үздік тәмамдады. Университетте Мұхтар Әуезов, Есмағамбет Ысмайлов, Бейсенбай Кенжебаев, Мәулен Балақаев, Ханғали Сүйіншәлиев, Асқар Тоқпанов, Ісмет Кеңесбаев, Мұхаметжан Қаратаев, Зейнолла Қабдолов секілді ұлықтардың дәрісін тыңдап, тәлім алады. Жазушының өз сөзімен айтсақ, «Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, Әбділда Тәжібаев ағаларының қолына су құйып, батасын алған». 60 жылдардың басында Мәскеуде қызмет істеген Тәкен Әлімқұлов, Қызылордада ғұмыр кешкен Асқар Тоқмағанбетов ағаларымен сырлас болған, жазысқан хаттары әлі күнге отбасылық мұрағатта сақтаулы. Алматы облыстық «Жетісу» газетінен кейін Баспа комитетінде, Жазушылар одағында қызмет істейді. «Қазақстан музейлері – музей Казахстана» журналының Бас редакторы болған. Дүкенбай Досжан еліміз тәуелсіздік алған жылдары да саясатқа араласпай, билікке қызықпай – бірыңғай жазумен айналысты. Елдің бірлігі, мемлекеттің тұтастығы жолында қызмет етті. Сол қажырлы еңбектің жемісі – тәуелсіздікті, жаңа заманды көркем кестелеген «Ақ Орда» романы. Ол жеке бастың қамын күйттемей, әдебиетке адал қызмет ете отырып, аса төзімді, аса бейнетқор, ақжарқын кейіпкерлер галереясын жасады. «Өмір сүру – өнер», «әр тағдырдың өз шындығы бар», «ақын – жаратқан иенің жердегі көзі», «жікшіл адам жартыкеш» секілді көптеген ой оралымдарын туғызды. Жазушы шығармаларынан екі кандидаттық, бір докторлық ғылыми атақ қорғалды. Дүние жүзінің көптеген  жазушыларымен байланыста болған. АҚШ-тың Герберт Гувер архив қоры, Ясная Полянадағы Толстой мұрағаттар иесі, шетел баспагерлері, әдебиетшілері Д.Досжанмен әрдайым хат жазысқан.  Мінездер картотекасын жасаған, көне қолжазбаларды көз қарашығындай сақтаған. Ол өзекті  тақырыптарды тамыршыдай тап басып тауып жазған. Өткен ғасырдың 60-жылдары «Отырар», «Фараби» хикаяттарын жазуы, 70-80 жылдары алаш азаматтарының тәлкек тағдырын шығармаларына арқау етуі, 90-жылдары мінез экологиясын тұңғыш тілге тиек етіп «Таразы», «Алаң», «Дала гладиаторлары» романдар мен эссе кітаптарын жазуы – осы сөзіміздің айғағы. Д.Досжан «Отырар», «Фараби», «Жібек жолы» шығармалары арқылы «тарихи тақырыптың пионері» атанды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің алпыс жылдай жабулы тұрған архивіне алғаш еніп, сот құжаттары негізінде «Абақты» (1993) романын жазған. Бұл әрине, ерлікпен парапар. Д.Досжан шығармашылығы ғалымдарымыздың зерттеу нысанына айналғалы қашан! Әдетте жазушы шығармашылығы  үш салаға бөліп қарастырылады. Бірінші: ежелгі ғасырлар қойнауынан ер түріктің өткенін іздеген 60-жылдар басындағы тарихи кітаптары. Бұған «Жібек жолы», «Отырар», «Фараби» шығармалары жатады. Екінші: бодандық бұғау мен шенеуніктер езгісі зардабынан мінез экологиясына ұшыраған ұрпақтар образдарының галереясы – «Зауал», «Дария», «Табалдырығыңа табын», «Жолбарыстың сүрлеуі», «Кісі ақысы». Үшіншісі: ғажайып адамдар ғұмырын көркем тілмен сөйлеткен сериялар тобына «Мұхтар жолы» (1998), «Ақ Орда» атты кітаптары енеді. Дүкенбай Досжан дүниені  өзіндік бояу-белгімен байқаған сөз зергері. Онда баяндаудан гөрі суреттеу басым. Оқиғаға ой ағыны, мистика сарынын арқау етіп, кейіпкерді оның жан-толғанысы, сезім шырғалаңы арқылы суреттеген. Д.Досжан 1974 жылы «Трудный шаг» кітабы үшін «Молодая гвардия» баспасының «Қазіргі заманғы жақсы роман» сыйлығын иеленді. 1988 жылы Украинаның «Днепро» баспасының «Жібек жолы» романы үшін «Тарихи тақырыптағы жақсы кітап» сыйлығын алды. Суреткердің есімі АҚШ-тың «Әдебиет және өнер адамдары» энциклопедиясының 2-томына, Ұлттық энциклопедияның 3-томына, Абай энциклопедиясына енген. Дүкенбай Досжан мұрағатпен үзбей жұмыс істеген жазушы ретінде де белгілі. Абай, Әуезов, Есенберлин туралы ғұмырнамалық шығармалар жазған кезінде бұрын зерттеушілер назарына түспеген, баспа бетін көрмеген Омбы, Қазан, Ташкент архивтерінің қызықты, ауқымды деректерін тұңғыш пайдаланып, «Абақты», «Дала гладиаторлары» кітаптарын жазды. Жазушы мұрағатында замандастарының  қаламгерге арнап жазған ондаған хаттары сақталған. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жазушы Д.Досжанды 2000 жылы 16 ақпанда, 2001 жылы 18 сәуірде, 2002 жылы 25 ақпанда, одан кейінгі кезеңде әр жыл сайын жеке қабылдап, еліміздің басты проблемалары жайында сөйлескен. Сол кездесулердің әсерімен  жазушының «Салтанат сарайы» атты эсселер жинағы жарық көрді. Д.Досжанның 50 жылдығы тұсында 2 томдық таңдамалы шығармалары 1990 жылы О.Сүлейменовтің алғысөзімен «Жазушы» баспасынан шықса, 60 жылдығына орай «Білім» баспасы 2002 жылы 13 томдық таңдамалы шығармаларын басып шығарды. Он үш томдықтың алғысөзін қазақтың аса дарынды сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Зейнолла Серікқалиев жазды. Дүкенбай Досжан әдебиетімізге елеулі үлес қосқан қаламгер. Таулар алыстаған сайын биіктей түсетіні сияқты, жылдар жылжыған сайын ол қалдырған мол әдеби мұраның белгісіз қырлары ашылып, оқырман санасына сәуле түсірмек.   P.S. Өркениет өрлеп, күллі адам баласы бірін-бірі тіпті жақыннан көре білетін бүгінгі дәуірде «басқа шауып, төске өрлеп» келе жатқан сырттың түрлі мәдени экспанциясына қарсы тұру үшін ұлттың иммунитеті күшті болмаса – ол ұлттың сақталуы қиын. Кез келген халық сыртқы әсерге өз мәдениетін қарсы қоя білмесе, өзегі жұлынып, өзгенің діңіне сіңіп кетеді. Атамзаманнан бері өзгермей келе жатқан ел мен елдің, ұлт пен ұлттың қарым-қатынасындағы бұл қатал заңдылықтан ауытқыған елдің, ұлттың ассимиляцияға ұшырамағаны жоқ. Қазақ әдебиетінің шырқау дамыған бір тұсы – өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында әдебиетке келіп, ұлттық көркемсөзіміздің жаңа биікке көтерілуіне зор үлес қосқан санаулы жазушының бірі Дүкенбай Досжан жоғарыда заңдылықты терең түсінген, тіпті соны шығармашылық кредосы қылған қабырғалы қаламгер болатын. Шығармашылығы жанрлық жағынан да, көркемдік бағыты жөнінен де сан салалы Дүкенбай Досжан – өз алдына үлкен арна ашқан, көркемдік негізіне ұлттық салт-дәстүрді өзек еткен шығармалары арқылы ұлтының болмысын өзгелерге танытуда бүкіл дарын қуатын сарп ете, ерен еңбек еткен жан. Сондықтан оның есімі қазақ әдебиеті тарихында дәйім биіктен көріне беретіні анық.