Қазақстанда теміржол бойында адам өлімі жиілеп кетті

Қазақстанда теміржол бойында адам өлімі жиілеп кетті

Қазақстанда теміржол бойында адам өлімі жиілеп кетті
ашық дереккөзі
Қазақстанда теміржол бойында адам өлімі жиілеп кетті. Бұл туралы бүгін теміржол бойында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі заңдылықтың жай-күйі мәселелері жөніндегі кеңес аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Бас көлік прокуратурасының өкілі Асқар Ғалиасқаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Жылдан жылға теміржол бойында адамдардың өндірістік емес жарақат алу статистикасы артып келеді. Соңғы 10 жылда 1100-ден астам адам жарақаттанып, оның 700-і қаза тапты. Өкінішке орай олардың арасында балалар да бар. соңғы бес жылда 50 бала қаза болды», - деді ол. Оның айтуынша, көп жағдайда адамдардың бейқамсыздығынан, теміржол қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудан қайғылы жайттар болып жатады. «Дегенмен бұл жағдайды сараптай келе бірқатар ілеспе себептерін анықтадық. Олардың қатарында елді мекенге іргелес учаскелерде қоршаулардың, қауіпсіз өту үшін көпірлердің болмауы бар. Қазақстан темір жолы тарапынан да халыққа жүргізілетін алдын алу шаралары әлсіз», - деді көлік прокуратурасының өкілі. Асқар Ғалиасқаровтың деректеріне қарағанда, теміржол бойында адам өлімі республиканың оңтүстігінде, Алматы қаласында, Алматы облысы мен Қарағандыда жиі тіркеледі. «Біз қауіпті учаскелерді қоршау жұмыстарын жандандырып, көпірлер, жаяу жүргінші өткелдерін орнату мәселесін қарастыруды ұсынамыз. Халықпен алдын алу жұмыстарының бірлескен жаңа бағдарламасы әзірленетін болады», - деді ол. Айта кетерлігі, бүгінгі күні елімізде теміржолдың белгіленген бөлігінен өткені үшін ескерту жасалып, әкімшілік айыппұл ғана салынады.