Астанада тек отандық өнімдер сататын тұңғыш орталық ашылады
Астанада тек отандық өнімдер сататын тұңғыш орталық ашылады
Астаналық кәсіпкер Айжан Нұрланова елордада тек қана отандық өнімдер сатылатын «Атамекен» сауда орталығын ашпақ. Мұндай орталық ашу идеясы кәсіпкерге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанда жасалған» ұлттық акциясын іске қосу туралы бастамасы себепкер болған. Сауда орталығында еліміздің әр өңірінен әкелінген қазақстандық тауарлар ғана сатылмақ. Жобаның мақсаты – отандық тауар өндірушілерді қолдап қана қоймай, шетелдік туристердің қызығушылығын тудыратын сауда орнын ашу. Қазір ҚР Ұлттық кәсіпкерлік палатасының қолдауымен іскер әйел облыстарға сапар шегіп, қазақстандық бренд деп атауға лайық тауарларды іздестіруде. Жамбыл облысына барған сапарында А.Нұрланова тауар өндірушілермен кездесіп, өнімдерді жеткізу бойынша келіссөздер жүргізді. Бұл өңірде Айжанды шұжық және макарон өнімдері, жайма, «Ширинкомшарг» ЖШС тәтті өнімдері қызықтырды. Кей жамбылдық тауар өндірушілерге тауарды безендіруде өзгерістер енгізу ұсынылды. Тағы бір айта кетерлік жайт, сауда орталығы толығымен ұлттық нақышта жабдықталмақ. «Астанада сол жағалаудағы элиталық ауданда ғимарат дайын. Кейін оң жағалауда да ашатын шығармыз. Супермаркет қазақ ұлттық стилінде болады, дизайнерлік жұмысы, сөрелері ерекше болмақ. Супермаркеттің бір бөліміне сертификаты бар, экологиялық қауіпсіз және дәмді отандық азық-түлік өнімдерін қоямыз. Балалар тағамына қойылатын басты талап: барлығы табиғи болуы тиіс. Біздің тауарлардың импорттық тауардан артықшылығын кем дегенде үш тілде айтатын қызметкерлер болады. Супермаркеттің екінші бөлімінде киім, төсек-орын заттары, ұлттық сувенирлер қойылған бутиктер болады. Үшінші бөлімінде «Үшқоңыр» мейрамхана-галереясы орналаспақ. Ол киіз үй түрінде болады. Қазақстанда алғаш рет мейрамханада отандық өнім қойылады. Бұл ұлттық стильдегі кілемдер, картиналар, қолөнер шығармашылығының бұйымдары, зергерлік бұйымдар. Қонақтарға біздің ұлттық тағамдарымыз ғана ұсынылады. Біз ұлттық стильде үй салып, безендіріп, келгендерді тамақтандыруға болатынын дәлелдемекпіз», – деді кәсіпкер. Айтпақшы, іскер әйел еліміздің өзге қалаларынан да «Атамекен» орталығының бөлімшелерін ашуды жоспарлап отыр.