Ел мұқтажы шешімін табады

Ел мұқтажы шешімін табады

Ел мұқтажы  шешімін табады
ашық дереккөзі
Ел тұрғындарының мұң-мұқтажын құлақ түріп, олардың шешімін табуды өз жұмысының негізгі бағыты деп білетін «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауларында кісі қарасы азайған емес. Жуырда Мәжіліс депутаты Жанат Жарасов «Нұр Отан» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдады. Депутат мұңын шағып келген азаматтарға мәселелері заң негізінде қаралып, тиісті шешімін табатынын жеткізді. Қабылдауға келген азаматтардың түйткілдері әртүрлі. Барлығы да қолдауға, көмекке мұқтаж. Мәселен, астаналық Ерзахан Сембеков біршама уақыттан бері баспанадан тарығып жүргенін, ең болмаса, мүгедектігіне байланысты уақытша болса да тұратын орын болса, деген өтінішін жеткізді. Жасы 50-ден асқан тағы бір тұрғын денсаулығына байланысты мұңымен бөлісіп, баспанадан таршылық көріп жүргенін күрсіне айтып, көмек сұрады. Оның  мәселесі де алдағы уақытта қаралатын болады. Роза Мұқышева есімді тұрғын отбасылық бизнесіне қатысты кикілжіңдер туындап отырғанын және мүлік дауы бойынша шыққан сот шешімдерімен келіспейтінін жеткізді. Өздеріне тиесілі ғимаратты банк кезінде алған несие қарызын төлемеді деген айыппен қожайынға хабарламастан, заңсыз сатылымға қойған. Қабылдауда азаматшаға бұл мәселе бойынша арыз жазуға және оны партия атынан Бас прокуратураның қарауына жіберуге кеңес берілді. Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты, фракция мүшесі Табылды Әміров те апта басында «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді. Қоғамдық қабылдауға келген Ақтау қаласының тұрғыны Алмагүл Төреғұлова алты жыл еңбек өтілі бар бастауыш сыныптың мұғалімі екенін айтады. Бұрын бала күтімімен отырған адамның орнына уақытша істеген ол биыл мамыр айында жұмыстан босатылған. Қала мектептерінен мамандығы бойынша жұмыс таба алмағанын алға тартты. Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Табылды Әміров үш балалы ананың отбасылық жағдайымен танысты. Ол баспанасы жоқ, пәтер жалдап тұратын ананы жұмысқа орналастырудың жолдарын қарастырып, білім басқармасы басшылығымен хабарласты. Депутат мұғалімге қала маңындағы ауылдардан жұмыс табу мүмкіндігі бар екендігін жеткізді. «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы қоғамдық қабылдауының сарапшысы Гүлзихан Тасқымбаеваның айтуынша, аймақтағы қоғамдық қабылдауларға биыл тамыз айында 209 адам өтінішпен хабарласып, оның 64-і оң шешімін тапқан.