187
"Құрыш тұлға"
"Құрыш тұлға"
«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі туралы «Құрыш тұлға» атты жаңа тарихи-танымдық кітап көпшілікке таныстырылды. Партия бастамасымен жарық көрген туынды Елбасының қайраткер ретінде қалыптасқан Теміртау, Қарағанды кезеңін қамтиды.
Кітап авторы – белгілі публицист, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, бұған дейін «Елбасының алтын бесігі» атты еңбегімен танымал Айтбай Сәулебек. Автор жаңа туындысында сирек кездесетін мұрағат қорларынан алынып, ақиқат-шындыққа негізделген тың деректерді, куәгер-тұлғалардың жүрекжарды сөздерін, бұрын жарыққа шықпаған түрлі құжаттарды ұсынады. Кітап деректемелік негізде жазылған. Ол «От-өзен», «Білім белесінде», «Өсу жолында», «Өрлеу», «Шыңдалу», «Партком хатшысы» және «Самғау» деген жеті бөлімнен тұрады. Аталмыш әсем безендірілген еңбекте Елбасының сирек кездесетін суреттері де берілген. Кітаптың алғысөзін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жазған.
Елбасының Қазақстан тарихындағы ерекше рөлін айшықтап, тәуелсіз еліміз қол жеткізген табыстарына терең талдау жасаған М.Құл-Мұхаммед алғысөзін: «Елбасы өмірінің әр кезеңін үлгі-өнеге тұтатын қазақстандықтар бұл кітапты қызыға-құмарта оқитыны анық», – деп аяқтайды. «Құрыш тұлғаны» жазу үшін автор Мәскеу, Омбы, Алматы, Қарағанды, Теміртау және Астана қалаларындағы Елбасымен бірге еңбек еткен, оқыған әріптес-достарымен кездескен. Олардың бірқатары Қабидолла Сарекенов, Төлеутай Сүлейменов, Қуаныш Омашев, Ермек Төлеубаев, Тоқтархан Ысқақов іс-шараға қатысып, жаңа туындының басты ерекшеліктері мен тарихи құндылығы туралы айтты. Сондай-ақ, олар кітаптың қалың оқырман қауымның көңілінен шығатынына сенім білдірді.