Батырхан «Один в один» жобасының жеңімпазы деп танылды
Батырхан «Один в один» жобасының жеңімпазы деп танылды
27 сәуірде бақилық болған әнші Батырхан Шүкенов ресейлік «Россия 1» телеарнасының «Один в один» жобасында абсолютті жеңімпаз атанды.
Талантты әншінің көзі тірісінде бағдарламаның жартылай финалы түсіріліп қойған болатын. Онда Батырхан америкалық әнші Стиви Уандердің сомдаған еді. Әншінің өзі бағдарламаның бұл санын тамашалай алмағанымен, жексенбі күні оның таңғалдырарлық өнерін теледидардан миллиондаған көрермен тамашалады. «Один в один» музыкалық телешоуы Батырхан Шүкеновті көрермен бұрын соңды көрмеген жаңа қырынан танытты. Бағдарламаның өзі қатысқан 12 санында ол Лучано Паворотти, Луи Армстронг, Сезария Авора, Тынис Мяги, Леонид Агутин, Мұрат Насыров сынды бейнелерді сомдады. Бұл образдардың сәтті шыққаны соншалық, сырбаз мінезді әншінің актерлік шеберлігі талайды таңғалдырды. Жартылай финалдың қорытындысы бойынша Батырхан Шүкенов үшінші орынды иеленді. Бұл қазақстандық әншінің қатысуымен өткен бағдарламаның соңғы шығарылымы болғандықтан ұйымдастырушылар оны абсолютті жеңімпаз деп тануды құп көрді. «Көзі тірі болғанда ертең ол 53 жасқа толар еді. Өмірге ешқашан өкпелемейтін жарқын адам болатын, бағдарламаның мұңды нотада аяқталғанын қаламас еді. Сондықтан біз бұл маусымда екі жеңімпаз болады деп шештік. Біріншісінің есімі белгілі. Ол – Батырхан Шүкенов. Батыр, браво, біз сені осы абсолютті жеңісіңмен құттықтаймыз», – деді бағдарламаның жүргізушісі Игорь Верник. Ресейліктердің қазақ әншісіне көрсеткен бұл құрметіне қазақстандықтардың сүйікті әншілеріне деген мақтанышын да, сағынышын да еселей түсті.