407
Астық сапасы неліктен төмендеп кетті?
Астық сапасы неліктен төмендеп кетті?
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл сайын астық сапасы неліктен төмендап жатқандығын түсіндірді.
- Егер де 2011 жылы астық сапасы 88 пайызды құраса, 2016 жылға қарай астық сапасы екі есеге төмендеді. Өткен жылы сапалы астықтың үлесі тек 44 пайызды құрады. Осы ретте салада орын алған жүйелік проблемаларды анықтадық, сондай-ақ өнімнің деңгейін арттыру бойынша қажетті шараларды қабылдадық, - деді ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Астық сапасының төмендеуіне қолайсыз ауа-райы мен дәнді дақылдардың ауруы ықпал етті. Сонымен қатар 2014 жылы элиталы тұқымдарды субсидиялауды тоқтату мен субсидиялау кезінде ең төменгі нормаларды белгілеу себеп болған көрінеді. Ең төменгі нормалардың салдарынан ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер сапалы тұқымды алуға қызығушылық танытпады, өйткені төменгі нормамен төленетін субсидиялар олардың шығындарын жаппады.
Нәтижесінде, егілген элиталы тұқымның үлесі 2014 жылдағы 6,3 пайыздан, 2016 жылы 3,5 пайызға дейін қысқарды. Жағдайды түзету үшін осы жылдан бастап бірегей және элиталық тұқымды өндіру жұмысы жаңарды. Биылғы жылы тұқым шаруашылығына бөлінген бюджеттік қаржының көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есе көбейгенін айта кеткен жөн. Ең төменгі мөлшердің күші жойылғаны фермерлердің субсидия алуға деген қызығушылығын арттыра түсті.