306
Елімізде жыл бойы жұмыс істейтін лагерь ашылмақ
Елімізде жыл бойы жұмыс істейтін лагерь ашылмақ
Атырау облысы Каспий теңізінің жағасына жыл бойы жұмыс істейтін балалар лагері салынады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
«Жыл бойы жұмыс істейтін 500 орындық балалардың оқу-сауықтыру лагерінің құрылысын бастау туралы бастамамен облыс әкіміне жүгіндік. Ұсынысымыз қабылданды. Лагерь Атыраудан 170 км қашықтықта орналасқан Забурун ауылдық округінде салынады деп жоспарланып отыр. Бұл жобаға қаражат бөлініп, мемлекеттік жоспар да әзірленді. Жоба тұжырымдамасы балалар орталығында түрлі спорт алаңдарын, бассейндер, жатын бөлмелер, оқу кабинеттерін қамтиды. Лагерь республикалық деңгейде болады деп күтілуде», - деді Исатай ауданының әкімі Марат Мұрзиев.
Аудан басшысының айтуынша, лагерь құрылысының жобасымен таныспас бұрын, ол Забурун ауылындағы құрылыс орнын өзі барып тексерген. Ол жерде жергілікті тұрғындар келіп суға түсетін жағажай орналасқан.
«Жағажайды да қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз, сол себепті Забурунда тек балалар ғана емес, ересектер де демала алатын болады. Бұл жобаның тартымдылығы сол, барлық қажетті инфрақұрылымдар жүргізілгеннен кейін, бұл жерге кәсіпкерлер де келе бастайды», - деді Мұрзиев.