Ақмола облысында көне қорғандар зерттелуде

Ақмола облысында көне қорғандар зерттелуде

Ақмола облысында көне қорғандар зерттелуде
ашық дереккөзі
1199
Ақмола облысында бұзылған көне қорғандар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша қайта зерттелуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Тарихи-мәдени мұраны пайдалану және қорғау орталығының мәліметі бойынша, «Археологтар күні» қарсаңында қола дәуіріне жататын атропогендік әсерден бұзылған, XVIII Кеңөткел обасы архелогиялық ескерткішіне биыл облыстық археологиялық экспедиция зерттеу жұмыстарын жүргізді. Қорғау және сақтап қалу жұмыстары соңғы 11 жыл бойы қолға алынып келеді. Биылғы жылдың басынан бері осындай бұзылған 5 қорған зерттелді. Орталық мамандарының айтуынша, бұл теңдесіз тарихи орында энеолит дәуірінен бастап, этнографиялық заманға дейін жататын 200-ден астам археологиялық ескерткіш бар. Бұл Ақмола облысы аумағында көне мәдениеттің болғанының тағы бір айғағы. Архелогиялық зерттеулер аталмыш қорғандардың көне заманда тоналғанын айғақтап отыр. Бес қорғанның үшеуінде сол кезеңде адамдардың отқа табынғанын білдіретін кремациялау белгілері байқалады. Екі қорғанда басын батысқа қаратып, жерленген адамның қаңқасы табылды. Сонымен қатар, адам қаңқасымен бірге жерленген ыдыс-аяқтар да табылды. Олардың саны тоғыз. Керамикалық ыдыстар түрлі үлгіде геометриялық белгілермен безендірілген. Табылған артефактілер Қазақстан тарихын, оның ішінде Ақмола облысы аумағында болған көне мәдениет туралы зерттеу жұмыстарын жүргізуге септігін тигізбек. Қазіргі кезде Ақмола облысы аумағында 1700 архелогиялық ескерткіш тіркелген. Олардың барлығы 20 ғасырдың ортасында ашылып, ғылыми түрде баға берілген. Негізінен архелогиялық ескерткіштер Зеренді, Еңбекшілдер, Бұланды, Атбасар және Ерейментау аудандары аумағында анықталған.  

Серіктес жаңалықтары