921
Қазақстанда жол жөндеу 60 пайызға артты
Қазақстанда жол жөндеу 60 пайызға артты
Қазақстан жолдарды жөндеу жұмыстарына кететін шығындарды 60 пайызға арттырған. Шығындардың артуы жұмыс көлемінің көп болуымен байланысты. Ал жақсы жолдардың үлесін 48 пайызға дейін жеткізу үшін республикалық трассаларды жөндеу жұмыстарына 73 млрд теңге бөлінген деп жазады Qazaqtimes.
Биыл мелмекеттік сектор 2400 шақырымға жуық аудандық, облыстық, республикалық жолдарды орташа және күрделі жөндеу жұмысынан өткізуді жоспарлаған. Ал бұл өткен жылғы жұмыс көлемінен 63 пайызға артық.
Energyprom агенттігінің мәліметінше, өткен жылмен салыстырғанда жол жөндеу жұмыстарын қаржыландыру 60 пайызға артып, 160,7 млрд теңгені құраған. Оның ішінде 73,4 млрд теңге республикалық маңызы бар жолдарға бөлінеді (өткен жылға қарағанда 55 пайызға артық).
Ал облыстық және аудандық автожолдарды жөндеу жұмыстарына 71,1 млрд теңге жұмсалады және бұл да өткен жылға қарағанда 55 пайызға жоғары. Елді мекендердегі жолдарды орташа және күрделі жөндеуден өткізу үшін 8,6 млрд теңге бөлінеді (өсім 73 пайыз). 2017 жылдың басынан бері автожолдардың 44 пайызының жағдайы жақсы деп есептелсе, 41 пайызы қанағаттанарлық, 15 пайызы нашар деп бағаланған.
Ал жағдайы жақсы республикалық маңызы бар жолдар Қызылорда облысына тиесілі. Бұл өңірдегі жолдардың 72 пайызы жақсы. Ал кем-кетігі бар жолдар Атырау және Алматы облыстарында. Energyprom мәліметі бойынша жағдайы жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесін 2018 жылға қарай 67 пайызға, 2019 жылыы 68 пайызға, 2020 жылы 69 пайызға жеткізу жоспарланған.
Айта кетейік, қазіргі кезде барлық өңірлерде республикалық маңызы бар жолдармен қоса кішігірім көше жолдарына дейін жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Алайда бұл жөндеу жұмыстарының уақытында бітпеуі әсіресе, қала тұрғындарының ашуын туғызып отыр.