Астана әуежайындағы автотұраққа қатысты түсініктеме берілді

Астана әуежайындағы автотұраққа қатысты түсініктеме берілді

Астана әуежайындағы автотұраққа қатысты түсініктеме берілді
ашық дереккөзі
234
«AстанаLRT» ЖШС басқарма басшысының көлік жөніндегі орынбасары Рустам Халилев Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы аумағындағы автотұрақ бағасына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат». Айта кетейік, Парламент Мәжілісінің депутаты, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Астана әуежайы аумағындағы автотұрақ бағасының қымбаттығына наразылық білдіріп, Астана әкіміне шағымданған еді. «Егер көлікті әуежайдың жабық тұрағына қалдырсақ, тәулігіне 2000 теңге төлейміз, бұл қалыпты баға. Ал әуежай аумағындағы сыртқы автотұрақ орны үшін алғашқы екі сағатқа 400 теңге және одан кейінгі сағаттарға 1500 теңге төлеу қажет. Сонда бір тәулікке 33400 теңге төлейді екенбіз», - деп жазды ол. Рустам Халилевтің айтуынша, әлеуметтік желіге тарап кеткен 30 мың, 50 мың теңгелік шоттар өз көліктерін қысқа мерзімдік автотұраққа ұзақ уақытқа қалдырып кеткен жүргізушілерге берілген. «Әуежайда реконструкциялық жұмыстар жүргізілгенде автотұраққа көліктер тегін қойылды және халық соған дәнденіп алды. Көліктерін бізге тастап, бір аптаға, бір айға кетіп қалып жүрді. Әлбетте, бұл басқа келушілерге ыңғайсыздық тудырады. Тегін екен деп, адамдардың ойға келгенін істеуі дұрыс емес. Мұнда тәртіп болып, бұл процесті басқаратын сәйкес құрылым қажет», деді Р.Халилев. Бірақ компания өкілі білместікпен аса қымбат бағаға ұрынған жүргізушілерге кешірім бергендерін хабарлады. «Біз олармен сөйлестік және автотұрақ құнын екі мың теңгелік тарифпен төлеуді ұсындық. Олар барлық ережемен таныстым деп қол қойды. Шын мәнінде ережені көрмей қалған, байқамай қалған жүргізушілерге түсіністік таныттық. Бірақ ендігіде мұндай білместіктер кешірілмейді, барлық талаптар түсінікті тілде, үлкен шрифтпен жазулы тұр», деп атап өтті Р.Халилев. Әуежай тарифіне сәйкес, әуежай маңындағы қысқа мерзімді автотұрақта 30 минут тегін тұруға болады, бір сағатқа - 300 теңге, келесі сағат үшін - 400 теңге, одан кейінгі сағаттарға 1500 теңгеден төленуі тиіс. «Жабық паркингке келер болсақ, ондағы тариф өте ыңғайлы, тәулігіне 2 мың теңге ғана төленеді. Тариф қызмет көрсетуге кететін шығындарға сәйкес түзілген. Бәлкім, халық біз жазып қойған маңызды ақпараттарды оқымайтын шығар, бар мәселе осында болып тұр. Түсіндіру жұмыстары жүргізілген, жүргізіліп келеді және болашақта да жүргізіле беретін болады. Қазір бұл паркинг бос тұр. Неге көлігін ұзақ уақытқа тастайтындар күзеті бар арзан паркингке келмейді?», дейді AстанаLRT өкілі.  

Серіктес жаңалықтары