375
Гонконг кедейлер ауданына туристік экскурсия жасайды
Гонконг кедейлер ауданына туристік экскурсия жасайды
Әлемге әйгілі Гонконгтың таңғажайып кереметтерімен қатар, көлеңкелі тұстары да жетерлік. Қытайдың арнайы әкімшілік ауданында қайнаған тіршіліктің бары мен жоғын жасырмай таныстыратын экскурсиялар сұранысқа ие бола бастады. Бұл саяхат түрінің өзгелерден айырмашылығы қандай? Бұл туралы Хабар24 тарқатты.
Виктория шыңы, Вонг Тай Син ғибадатханасы, Жалқау жаяу жүргіншілер көшесі. Гонконгқа саяхаттап келген жұрт әдетте осы орындарды көріп қайтуға тырысады. Алайда бүгінде жергілікті туристік фирмалар жаңа экскурсия түрін ұсынып отыр. «Мұндағы мақсат – саяхатшыларға Гонконгтың әлеуметтік жағдайы төмен халқының тұрмысын көрсету», – дейді компания өкілдері.
Алла Лау, туристік фирма қызметкері:
- Саяхатшылар Гонконгтың тек тамаша тұстары жайлы ғана білу керек деп кім айтты? Біздің тұтынушылар арасында оның нашар аудандарын өз көзімен көріп қайтуға ниет білдіргендер аз емес. Әдетте туристік фирмалар шетелдіктерге Гонконгты мінсіз қылып көрсеткісі келеді. Алайда біз бүгінгі жағдай жайлы еш бүкпесіз, ашық айтамыз. Алла Лаудың еш бүкпесіз деп отырғаны мынау: Бүгінде Гонконгтың әрбір 7-ші тұрғыны кедейшілік қамытын киюге мәжбүр. Оған жылжымайтын түлік нарығындағы ахуал себеп. Баспана бағасының шарықтауы кесірінен кейбір тұрғындар ауданы небәрі 2 шаршы метр болатын бөлмелерде тұрады. Жергілікті жұртшылық арасында олар «табыт» деген атауға ие болып кеткен. Осы «табыттың» өзін жалдап тұру үшін айына 200 доллар төлеу керек. Негізі Гонконгтағы бір пәтердің құны жергілікті отбасының орташа жылдық табысынан 17 есеге көп. Соның кесірінен байлар мен кедейлер арасындағы теңсіздік артып, соңғы жарты ғасырдағы ең жоғары көрсеткішке жеткен.
Барри Фрэнкс, Ұлыбританиядан келген турист:
- Жеке өз басыма экскурсия қатты ұнады. Төбесі көк тіреген зәулім үйлердің ар жағындағы шынайы өмірді өз көзіммен көріп қайттым. Бұл біз үшін өзіндік бір тәжірибе болды. Бүгінде Азияның жетекші қаржы орталығына айналған Гонконг кезінде Британияның отары болған. 1997 жылы «Бір мемлекет – екі жүйе» қағидасымен Қытай құрамына өткен.