Түркі үшін туған ер Мұстафа Шоқайды толық бағалай алдық па?
Түркі үшін туған ер Мұстафа Шоқайды толық бағалай алдық па?
«Мұстафа кім еді?», «Мұстафа не істеп үлгерді?», «Біз не істеудеміз?» – деген сұрақтарға жауап іздеу талайдан бері жүруде. Кейбіріне нақты жауап табылса, кейбіріне күлмілжіп қалып жүрген жайымыз бар.
Мұстафа 1891 жылдың 7 қаңтарында қазіргі Қызылорда қаласына жақын жердегі Әулиетораңғыл (Наршоқы деп те аталады) деген жерде дүниеге келген. Ол Шоқайдан туған үш баланың (Сыздық, Мұстафа, Нұртаза) ортаншысы.
Мұстафаның үлкен атасы Торғай Сыр өңірінде өте беделді адам болған. Бұл өңірді Қоқан хандығы билеген кезде Торғай датқа дәрежесіне дейін көтеріледі. Ал өз әкесі Шоқай (Шоқмұхаммед) 1916 жылы сексен жасында дүние салған.
ХІХ ғасырдың сексенінші жылдарында Торғай датқаның үшінші баласы Әліш (Әлмұхамед) патша өкіметінен мұсылманша мектеп ашуға рұқсат алады. Өкінішке қарай, Сырдарияның суы қатты тасығанда, 1890 жылы мектеп құлап, оны1896 жылы Тақыркөл деген жерден екінші рет салдыруға мәжбүр болады. Алты жасар Мұстафа ағасы Сыздық, немерелес ағасы Бәкірмен сол мектепте оқиды. «Әліш мектебі» деп аталған төрт кластық мектептің орны әлі кезге дейін сақталған.
Мұстафа Петербор университетінің заң факультетін үздік бітіріп шыға салысымен бүкіл байтақ Түркістан өлкесін отарлық бұғаудан азат ету жолында қызмет істеді. Мұстафаның ерекшелігі де осында. Тіпті университетте оқып жүргеннің өзінде ұлт-азаттық мәселесімен шұғылданған. 1912 жылы Түрік-Балқан соғысы кезінде де өз қандастарының жағында болды.
Кейбіреулер Мұстафаны «Алаш Орда» ұйымының өткен-кеткенімен тығыз байланыстырып, «Мұстафа – Алаш Орданың» алғашқы көсемі еді» деген орынсыз пікірлер де айтқан. Шындығында, Мұстафа «Алаш Орданың» көсемі болған жоқ және оның басшыларымен бірлесіп жұмыс істеген де емес. «Алаш Орда» партиясы өз жұмысын Қазақстан көлемінде жүргізсе, Мұстафа өз идеяларын олардан гөрі кеңірек – бүкіл түркі әлемінде іске асыруға ұмтылыс жасады. Соған қарамастан Петерборда оқып жүрген кезінде Сералы Лапин, Әлихан Бөкейханов (Мемлекеттік Думаның мүшесі), Махмұдхожа Векбуди, Мінәубір қари және Ахмет Байтұрсынұлы сияқты азаттық күресінің өкілдерімен Мұстафаның тығыз байланыста болғаны белгілі.
Бір кезде Украинаның сыртқы істер министрі болған профессор А.Шульгин ол туралы былай деп жазды: «Мустафу-бия без Туркестана невозможно мыслить, настолько в каждом его слове и жесте чувствовался туркестанец... Оставаясь верным своим традициям, он имел в себе все то ценное, человеческое, что может и должно связать между собой людей самых разных и, казалось бы, непонятных друг другу народов. Высокая гуманность, доброта сердца, верность в дружбе, верность раз данному слову вот те черты, которыми характеризовали Мустафу-бия. Но помимо этой чисто моральной его сущности в нем было еще редкое умение проникать в самые основы общечеловеческой культуры... Он отлично разбирался в европейских отношениях и поражал не меня одного меткостью своих суждений. Этот туркестанец был одновременно высокообразованным европейцем. Трудно в нескольких строках дать образ Мустафы». Бұрынғы Мемлекеттік Думаның мүшесі, Грузия сыртқы істер министрі А. Чхениели: «Я знал Мустафу немного, со слов нашего Карла (Н.С.Чхеидзе), выступавшего в Государственной Думе по внутренной политике. Мустафа был еще совсем молодой студент, но по всему было видно, что без него, секретаря, мусульманская фракция Государственной Думы едва ли пошла далеко.
Прошли годы... И мы оказались вне пределов России! В Париже начинается мое сближение со «степным Азнаури», как я его иногда называл в шутку.
Деятельность Мустафы в Париже, Лондоне, Женеве и других центрах Запада была настолько разнообразна и плодотворна, что не поддается учету.
В основанном нами обществе «дружбы народов Кавказа, Туркестана и Украины» он, естественно, занимал подобающее его обширной стране место. Совершенно особенного внимания заслуживает деятельность Мустафы в качестве корреспондента... Он много знал всех корреспондентов и ловко пользовался всей карточкой-правом присутствовать на всех и официальных и частных собеседованиях с выдающимися политическими деятелями всего мира. Он превзошел все мои ожидания. Из степного Азнаури стал настоящим народонациональным вождем.
Он был очень спокоен и ровен, но сердце у него было горячее, всегда шло на встречу и на помощь своим близким, не задумываясь о своей личной безопасности. Во время советско-германской войны в одном из лагерей военнопленных он своей храбростью спас от расстрела несколько десятков молодых грузин, принятых немцами за евреев и осужденных на расстрел», – деп жазған.
Мұстафаның өліміне күйіне отырып доктор Тахир Шағатай былай деп жазады: «27 декабря 1941 года является для тюрков Туркестана днем самого глубокого траура, потому что в этот день это общество дало свою самую большую жертву. Туркестанские тюрки являются одним из обществ, понесших самые сильные потрясения во второй мировой войне. Потому что они потеряли сотни тысяч своих детей... В этом числе их единственного вождя, их единственного главнокомандующего, стоющего нескольких армий».
Әрине, Мұстафаның өмірі тақтайдай тегіс болған жоқ. Ол мұқтаждықты да көп көрді. Оның жұбайы Мария Яковлевна өз естеліктерінде Мұстафаның қирап қалған дүңгіршектен өз қолымен жөндеп, «Орыс рестораны» деп жазып қойғанын, оған орыс эмигранттарының қаптап келетіндерін, соның арқасында «официант Мұстафа» қағаз, қалам сатып алуға жетерліктей ақша тапқанын, осыдан соң үлкен-үлкен мақалалар жазуға кіріскенін тілге тиек етеді. Француз тілін өзінің ана тіліндей білетін Мұстафа Париждегі жергілікті журналистер мен редакторлардың өздерін шебер де білгір қаламгерлігімен қайран қалдырды. Жазғандары әр түрлі журналдарда үздіксіз басыла бастайды.
Мұстафаның абыройы мен ықпалы тек өз жолдастары мен достары арасында ғана емес, халықаралық дәрежеде де жоғары болғанын атақты грузин ақыны Илья Чавчавадзенің шөбересі Тамара Владимировнаның (әкесі Владимир Чавчавадзе Мұстафаның айрықша досы болған) мына сөздерінен аңғаруға болады: «Менің кішкентай бала күнімде, дәлірек айтқанда, 1927 жылы Мұстафаға байланысты бір оқиға болды. Англияның премьер-министрі Чемберлен сол жолы өздерінің бір съезіне Мұстафаны арнайы шақырды. Ұлы адамды сол сапарына шығарып салуға күллі Парижде тұратын Ресейден келген эмигранттар түгел барды. Орыстар, украиндықтар, белорустар, грузиндер мен армяндар, татарлар мен башқұрттар, түркістандықтар мен дағыстандықтар – бәрі-бәрі Мұстафаны Лондонға баратын кемеге дейін шығарып салды. Әр халық өзінің туын көтеріп, Мұстафаны ұлы сапарға аттандырды».
Міне, Сыр бойында туып, бүкіл әлемге қазақ халқының атын мәшһүр еткен асыл азамат туралы оны білетіндердің пікірлері осындай.
Мұстафаның негізгі мақсаты – Ресей территориясында тұратын барлық түркі ұрпақтарын біріктіру, «Үлкен Түркістан» одағын құру болды. Осы себепті Петербор университетін бітіре сала ол 1916 жылы Қазан қаласына келіп, «Түркістан бірлестігі» деп аталатын жасырын ұйым ашады. Бұл ұйымның алғашқы басшылығы екі татар, екі қазақ, бір башқұрт – барлығы 5 адамнан тұрады. Олардың ішінде татар Сұлтанғалиев, қазақтан өзі (М.Шоқай) және Мұхамеджан Тынышпаев, башқұрт профессоры Ахмет Зәки Уәлиди болды. Олар өз көсемі етіп Мұстафаны сайлады. Жұмыс құпия жүргізілді. Омбы қаласының бір банкісінде бұлардың қаржысы сақталды. 1918 жылы Мұстафа осы қаржыны түгелдей алып кетуге барғанда, Колчактың баскесерлері «Ресей империясының қас дұшпаны» ретінде оны абақтыға жапты. Өлім жазасына да кесілді. Дегенмен түрмедегі адамдарды пойыз вагондарына тығып, Щадринск қаласының түрмесіне апара жатқанда тұтқындар вагондарды талқандап, қашуға мүмкіншілік алды. Солармен бірге Мұстафа да азаттыққа шықты.
Осыдан кейін Мұстафа Татарстан мен Башқұртстандағы жолдастарымен біраз уақыт өткізіп, Орта Азияға сапар шегеді. Осындағы отандастарымен қосылып, болашақ Түркістан одағын құру бағытында жұмыс жүргізеді.
1917 жылдың сәуір айының басында Ташкентте Түркістан мұсылмандарының І құрылтайы, қыста Орынборда І қазақ құрылтайы болды. Ташкентте құрылған мұсылман депутаттарының орталық кеңесін Мұстафа Шоқай, ал Қазақстанда Әлихан Бөкейхан басқарды. Қыркүйек айынан бастап саяси партиялар өмірге келіп жатты.
Іле-шала Қоқан (Түркістан) автономиясы жарияланды. Әуелде оның басшысы болып Мұхамеджан Тынышпаев, кейін Мұстафа Шоқай сайланады. Алайда 1918 жылдың ақпан айының басында большевиктер Қоқан қаласын атқылап, автономиялық өкіметті озбырлықпен құлатты. Түркістан түгел большевиктердің қолына өтті. Жағдай кеңестердің пайдасына өзгере бастады. Сондықтан Түркістан жайын Еуропаға, әлемге түсіндіру үшін Мұстафа Шоқайды шет елге жіберу ұйғарылды. Демек, бүгінде кейбіреулердің ойлап жүргеніндей, Мұстафа шетке бас сауғалап қашқан жоқ, керісінше, арнаулы тапсырмамен Түркістан үшін күресті жалғастыру мақсатымен кетті. Батуми арқылы Түркияға өтіп, Парижде қоныс тепті. Өзі Парижде тұрғанмен, 1929 жылдан бастап Берлинде шығатын «Яш Түркістан» журналына жетекшілік етті. Журнал шағатай тілінде басылды. 1939 жылдың тамыз айына дейін журналдың 117 саны жарық көрді. Ондағы жарияланған Мұстафа Шоқай мақалаларының тақырыптары сан алуан.Барлығы, сайып келгенде, ұлттық тәуелсіздік пен түрік халықтарының бірлігіне келіп тіреледі. Оларда түрікшілдік идеясы уағыздалды. Мұстафа Шоқай бір мақаласында былай деп жазған: «Халықты ұлт деңгейіне көтеру яғни жері, суы, қазынасы тілі мен діні бір болған халық бұқарасын бірлестіріп, олардың санасын біртұтас, саяси, әлеуметтік, ұлттық санаға жеткізу – ұлы тарихи міндеттің маңызды бір бөлігі».
Ал 1936 жылғы «Түркістан жастарына» деген үндеуі де осындай идеяларға толы: «Бүгін Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан, Түрікменстан һәм Тәжікстан деп жат үкімет күшін алты жұмһириетке бөліп тұрған Түркістан – бөлінбес, айрылмас бір өлке. Халқының қаны бір, діні бір, мақсаты бір. Түркістанның мақсаты – өзінің құтылысы – миллет үкіметін құрып, дербес боп, өз алдына бір үкімет болып тұру. Халқы көптен бұл жұмысқа алысып, шалысып, қан төгіп, соғысып келеді. Үмітіміз зор, мемлекетіміздің болашағына иланамыз. Түркістан жастары айрықша бұл мақсатымызға жеткізуге таласып, тырбасып жатыр.
Біздің мақсатымыз – жалғыз Түркістанның ғана емес, бүтін түрік өлкелерінің, бүтін түрік халқының дос болып, өзара бірлік-пірадарлықпен жасап, сыртқы дұшмандарға қарсы өзінің толықтығын, үкіметінің толықтығын білдіріп қою. Ойымызға жетеміз, талабымызды орнына келтіреміз деген иманымыз зор, күшті. Халқымыздың үстіндегі жат үкіметтің күші не қадар ауыр болса, біздің оған қарсы шығысымыз о қадар үзім, о қадар күшті болмақ. Алыста жүріп ел қайғысын ойлап, алыста жүріп ел қамын ойлап, Еуропаның әр тарабында жүрген, бүгінгі Түркияда тұрған Түркістан жастары,бірлесіңдер! Сендердің бірліктерің, сендердің бір-бірлеріңе күш қосуларың – еліміздің бақытына қызмет етпек.Мұны ұмытпаңдар! Бәріміздің құбыламыз – өзіміздің ата жұртымыз, өлкеміз Түркістан болмақ! Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру – бәрімізге бір мақсат, бір мұхаббат, уәзифа болмақ. Мұны ұмытпау керек! Түрік халқы – батыр халық, түрік халқы – арыстандай ер халық.
Кімнен таяқ жегендей,
Біздің түрік баласы.
Алдырып жүрген дұшманға,
Аузының аласы.
Бұл нақыл сөзді ұмытпауымыз керек. Бәріміз бір болсақ, біздің жеңбейтұғын жауымыз болмайды, мақсатымызға жетеміз! Онсыз біздің күніміз жоқ, құрып кетеміз, босып кетеміз. Құрымасымыз үшін, боспасымыз үшін – күшімізді біріктіріп, иін тірестіріп, бір-бірімізге жәрдем беріп жүруіміз керек. Онсыз біздің күніміз қараң. Мұны ұмытпау керек! Түрік баласы, ұмытпаңдар, бастарыңдағы бөтен елдің үкіметін шығарып тастауға, аударып тастауға тырысыңдар!»
Мұстафа Шоқай тек «Яш Түркістан» журналын шығарумен шектелмей, Парижде бірнеше жыл бойы орыстың эмиграциялық баспасөзіне, кейбір француз, поляк газеттеріне Түркістандағы большевиктердің саясаты туралы мақалалар жазады. Александр Керенскийдің «Дни» газетінде 1923 жылғы 25 тамызда жарияланған «Түркістандағы көтерілістер» деген мақаласында былайша тұжырым жасайды: «Түркістанда басмашылық қозғалыстың күшеюі – бәлшебектік саясаттың табиғи көрінісі. Сәбет зұлымдығына деген қарсылық. Көтеріліс, әлбетте, апат, ол елді бүлдіреді. Мұсылмандардың (орыстарға қарсы) өшпенділігін арттырады, бірақ бұл – сол апатты туғызған режимге қарсы күрестің мұқтаждығы».
1940 жылы немістер Парижді басып алды. Ал 1941 жылы Мұстафаны немістер тұтқынға алып, түрмеге жабады. Бірақ онда көп ұстамайды. Берлинге әкеледі де «Түркістан халықтарының көсемі» деген айдармен қызметке алады. Польша мен Батыс Украина лагерьлеріне қамалған совет тұтқындарының «жағдайымен» танысуға жібереді.
Мұстафа көптеген лагерьлерді аралайды. Шығыс халықтарының өкілдерін жеке лагерьлерге шығарып, моншаға түсірткізеді, таза киімдер бергізеді, тамақтарын жақсартқызады. Жүздеген жігітті немістің ауыл шаруашылығы мен завод-фабрикаларына жұмысқа жіберткізеді. Лагерьде қалғандарымен сөйлесіп, сұхбаттасады. Оларға Мұстафа мынадай кеңес айтады: «Неміс әскер басшылары мені сендердің хал-жағдайларыңмен танысуға жіберді. Мақсаттары – неміс әскерінің киімін кигізіп, сендерді совет армиясына қарсы соғысқа салу. Немістің осы тілегі орындалып, сендер майдан даласына бара қалсаңдар, тура екі-үш сағаттың ішінде бірің де қалмай оққа ұшасыңдар.Немесе шикі қуырдақ болып, совет зеңбіректерінің құлқынын қанағаттандыратын «дәмді тағамға» айналатын боласыңдар. Сондықтан мен бар күшімді салып, сендерді майдан даласына жібермеуге тырысамын. Керісінше, сендерді завод, фабрикаларға немесе бауэрлерге (немістің помещиктері) түгелдей жіберткізу үшін күш жұмсап көремін. Тіпті болмаса, бәріңді Түркияға өткізіп, ажал аузынан алып қаламын».
Осы сапарында қиналған қазақ баласының маңдайынан сүйіп, өзіне сүзек ауруын жұқтырып қайтқан Мұстафа ауруханаға түсіп, екі сағаттан соң қайтыс болған. Мұны оның басы-қасында болған жас күнінен бергі жолдасы – тұтқын осетиндердің басшысы Кантемир деген кісі де куәландырады. Бұл 1941 жылдың 27 желтоқсанында Берлин қаласында болған оқиға еді.
Жоғарыда аталған деректер – Мұстафа Шоқайдың қазақ ұлты мен бүкіл түрік халықтарының бірлігі үшін сіңірген еңбектерінің кейбіреуі ғана. Өйткені оның осы бағытта жасаған іс-әрекетін бір мақалада баяндап шығу мүмкін емес.
Ал енді біз өзімізге келетін болсақ, сол Мұстафамызды қастерлей алдық па?! Әрине, жоқ!
Анығын білмей, Мұстафаны «Отанын сатқан қашқын» деп бір жазғырғандар бар. Ол аз болғандай «Ойбай, не дейсің, ол бізге қарсы «Түркістан легионын» ұйымдастырыпты» дегендер де шығып, КГБ-ның арнайы тапсырмасымен кітап жазуға дейін барды. Мысалға, Серік Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күйреуі» деген кітабы осы сипатта. Анығы мынау. Мұстафа Шоқай 1941 жылдың 27 желтоқсанында дүниеден өтті, ал немістер легиондарды 1942 жылдың соңғы айларында құра бастады. Орта Азияның өзбектері мен қазақтарынан, қырғыздары мен түрікмендерінен, тәжіктері мен қарақалпақтарынан құрылған топ «Түркістан легионы», татарлар мен башқұрттардан және чуваштар мен мордвалардан құрылғаны «Еділ-Орал легионы» деп аталды. Әзірбайжан мен армяндар, грузиндер мен солтүстік кавказдықтар да жеке-жеке легион ашты. Бұл – тарихи айғақ. Олай болса, Мұстафаның легиондарды құруға ешқандай қатысы болмаған.
Мұстафаға ешкім тұрғысынан ешқандай ресми айып тағылмаған да, сотталмаған да. Ендеше, біз қазақ қауымы, неге жалтақтай береміз?!
Советтік дәуірде өз ұлтын, өз халқын сүйгені үшін Мұстафаға большевиктер тарапынан «ұлттық шовинист» айдарын да тақты, «ағылшын агенті» деп те атады, пантүркист «тәжін» кигізді.
Иә, Мұстафа ұлтын сүйген ұлтжанды адам болды. Бұл айып па? Кімге өз халқы қымбат емес?! Иә, сол күллі түрік халықтарының басын қоспақшы болған осы сөздің жақсы мағынасында пантүркист болды. Бұлай арандату сол кездегі режимге тиімді еді.
Мұстафа «ұлттық рухтың негізі ұлттық тілде» деген. Бұл басқа тілдерге қарсы болу емес. Ал большевиктер бұл сөзге таза орыстың ұлыдержавалық шовинизмі тұрғысынан қарады.
Енді не істеуіміз керек? Әрине, мемлекет болып, ел болып Мұстафаға байланысты өз қателіктерімізді түзету керек. Есімде, осыдан бірнеше жыл бұрын Мұстафаның сүйегін әкеп, ұлылар жатқан Түркістанға жерлеу мәселесі көтерілген еді. Өкінішке қарай, бұл жұмыс Республика Сыртқы істер министрлігі дәрежесінде қалып қойды. Парижге барғанда бұрынғы вице-премьер Иманғали Тасмағамбетов Мұстафа еңбектерінің қолжазбаларымен танысып қайтты. Олардың көшірмесін алуға келісімге қол жеткізді.
Мұстафаның екі томдық шығармалар жинағы басылып шықты. Ондаған мақалалар жазылды.
Ерекше атап кететін еңбек – бұл белгілі қазақ жазушысы Тынымбай Нұрмағамбеттің «Мұстафа Шоқай» атты екі бөлімді тарихи трагедиясы. Пьесада Әлихан Бөкейхан, Александр Керенский, Чхеидзе Векбуди, Каюмхан, Мұстафаның жұбайы Мария Яковлевна, т.б. тұлғалардың іс-әрекеттері нанымды суреттелген.
Соңғы екі-үш жылдың көлемінде қазақтың белгілі ақыны Қасымхан Бегманов Мұстафа Шоқай туып өскен Наршоқыдан бастап Ташкент, Ферғана, Қоқан, Самарқан, Санкт-Петербург, Баку, Тбилиси, Кутаиси, Батуми, Стамбул, Париж, Ножан-сюр-Марн, Шелл, Понтоплюно мекендерін басып өтті, Берлиндегі бейітіне дейін барды. Талмай ізденудің арқасында көп материал жинап, ұлы тұлға жөнінде 2 томдық тарихи-зерттеу сапарнамалығын жазды. Кітап алаштанушы-тарихшы, профессор Мәмбет Қойгелдиевтің алғы сөзімен жарық көрді.
Қасымханның тағы бір ерен еңбегі – өзі жинаған деректі материалдар негізінде қазақ, орыс тілдерінде түсірілген 4 сериялық «Мұстафа Шоқай» атты фильмі. Бұл көпсериялы фильм Білім және ғылым министрлігінің қаулысымен тарих пәніне қосымша оқу құралы ретінде мектептерімізде оқытылатын болды.
Игі шаралардың қатарында Қызылорда облысы, Сырдария ауданының өзі атындағы ауылында Мұстафаға орнатылған ескерткішті айтпауға болмайды.
Біздің Мұстафа Шоқай қорының қолдауымен энтузиаст-азамат Амангелді Есей Шымкенттен «Мұстафа Шоқай» атындағы қайырымдылық интернат ашты.
Енді «Мұстафа Шоқай» қоғамдық қоры мен «Жас Түркістан» журналы хақында бірер сөз айтайын.
«Мұстафа Шоқай» қоғамдық қоры 1996 жылы құрылды. Онан екі жыл өткен соң 1998 жылдан бастап бір кезде Мұстафаның өзі шығарған «Яш Түркістан» журналы «Жас Түркістан» атымен қазақ тілінде қайта шыға бастады. Журналымызда тәуелсіздігімен қайта қауышқан түркі мемлекеттерінің өзара байланысы, саяси-экономикалық ынтымақтастығы үнемі көрініс тапты. Басылымда түрікшілдер қозғалысының теориясы мен тарихы, бүгінгі рухани және экономикалық өмірінің зәру мәселелері де назардан тыс қалмады.
«Жас Түркістан» – тарихи-танымдық, ғылыми-көпшілік, ой-пікір басылымы болды.
Сол себепті оның беттерінде жоғарыда аталған тақырыптарға қоса түркі тілдес халықтардың ұлы тұлғалары, мәдениет пен әдебиет, саяси және әскери қайраткерлері, ел қорғаған батырлар туралы тың деректер, көркем шығармалардан үзінділер мен әңгімелер жарияланды. Қазақ ұлттық мемлекеттілігі мен түркі бірлігі идеясына толы Мұстафа Шоқай насихатталып, оның көзін көрген, ол туралы зерттеулер мен әдеби еңбектер жазған белгілі адамдардың естеліктері жарық көрді. Қазақ халқының көне дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, салт-санасы, бала тәрбиесі халықтық педагогикаға байланысты мақалалар басылды.
Қаржы мәселесіне байланысты 1998 жылдан бері журналымыздың небәрі 12 нөмірін шығардық. Ал шын мағынасында жоспарланғанындай, екі айда бір рет шыққанда, 22 нөмірі жарық көруі керек еді. Ол ол ма, осыдан бірнеше жыл бұрын құрылған Шымкент пен Түркістан қалаларындағы Мұстафа Шоқай қорының бөлімшелері жұмысқа кірісе қоймады.
Жұртты журналға жаздыру да – қиынның қиыны. Осы мәселемен Оңтүстік Қазақстан облысы басшыларының бірінде болғанымда, оның: «Ағай, қазір демократия. Мен «жазыл» деп ешкімге айта алмаймын. Үстімнен арыз жазады», – дегені бар. Мен журналдың екі нөмірін оған «садақаға» тастап кеттім.
Көпбосын Панзабеков,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі