Бір-бірімізге қанат болсақ, қанекей

Бір-бірімізге қанат болсақ, қанекей

Бір-бірімізге қанат болсақ, қанекей
ашық дереккөзі
Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қайда жүрсе де қазақтың тарихи отаны біреу-ақ. Ол – Қазақстан. Атамекеніміз жалғыз, ол – бір уыс топырағына дейін қасиетті Қазақ Елі», – деп қадап айтты. Расында, жер бетіне тарыдай шашылған тағдырлы қазақтың ата қоныс – Атажұртқа деген ықылас-пейілі алабөтен. Қанша қуғын көріп, талай шекараларды басып өтіп, бір-екі ұрпақ алмасып үлгерсе де, Қазақ Еліне қарайлаумен тірлік етіп келеді. Қазақтың тәуелсіз ел болып отырғанына айрықша қуанған да, ол үшін жиірек шүкіршілік айтатындар да, бәлкім, шетте жүрген қандастар болар. Себебі туған топырақтың қадірі сыртта жүргенде білінер... Әйтсе де, шетелдегі қазақ диаспораларының өз басындағы мұң-мұқтажы да жетерлік. Оның ішінде ең ауыры – туған елден алыс жерде дүниеге келіп, басқа мемлекетте өмір сүріп жатқан жас ұрпаққа қазақ тілін үйрету, қазақы салт-сананы сіңірудің қиындығы. Бұл мұң алыс-жақын шет елдердегі қандастардың бәріне ортақ, мейлі олар Қытайда, Моңғолияда, Түркияда, Еуропада немесе Қырғызстан мен Өзбекстанда болсын...

ДИАСПОРА ТІЛІ ЖОЙЫЛЫП БАРАДЫ

Сол жолы байқағанымыз, қандастардың барлығы дерлік, ең әуелі тіл мәселесін ауызға алады. Жылдан-жылға ұлттық мектептер саны қысқарып, сыртта өсіп-жетіліп келе жатқан жас ұрпаққа ана тілді үйрету ісі қиындап барады. Ұлыбританиядан келген қандас Исмаил Кесижи бұл мәселені тереңнен қозғады: – Бұл бәріміздің басымыздағы жағдай. Өкінішке қарай, ұрпақтың тілі жоғалып барады. Біз аптасына бір рет, яғни сенбі күні екі сағат сабақ берумен тіл үйрете алмайды екенбіз. Осы мәселені қалай шешу керек деп әбден ойландым. Ойлана келе, телевидениенің күшін қолдану керек деген шешімге келдім. Өз көзіммен көргенім, Еуропада туып-өскен, Түркияға бармаған қазақтың балалары түрікше сайрайды, бірақ қазақша білмейді. «Мұнысы қалай?» десеңіз, әке-шешесі түрікше телехабарларды көргенде, балалары жанында ойнайды, сөйтіп құлақ түре жүріп, түрік тілін тез үйренеді екен. Түркия мемлекетінің Еуропа елдеріне хабар тарататын 250 телеарнасы бар, оның ішінде біршамасы балаларға арналған. Сонда, әке-шешесі теледидар тамашалап отырғанда, ойнап жүрген баланың құлағына тіл біртіндеп сіңе береді екен. Қазақстан дәл осындай көлемде сыртқа хабар таратсын дей алмаймыз. Бірақ келешекте осындай дәрежеге жететін болармыз. Қазір «Kazakh TV» телеарнасы бар, бірақ ол қазақтарға емес, барша әлемге арналған, үш тілде – қазақша, орысша, ағылшынша хабар таратады. Күні-түні тек қазақша хабар тарататын, шетелдегі қазақ диаспораларына арналған арнайы телеарна болса, оны әке-шешесімен бірге балалары да көретін болса,  онда тіл мәселесі шешілетін еді, – дейді. Моңғолиядан келген делегаттар да тілдің мұңын айтып, дабылға үн қосты. «Арулар жұлдыз» журналының бас редакторы Айнагүл Сарайқызы былай дейді: – Қазақтар шоғырланған Баян-Өлгий аймағын айтпай-ақ қоялық, бірақ Ұлан-Батыр мен орталық аудандарында тұратын қазақтардың басындағы тіл мәселесі өте қиын. Моңғолия заңдарында адам құқығы мәселесі қамтылған, аз санды ұлттардың құқығын қорғау мәселесі жазылған, бірақ іс жүзінде бұл заңдар орындала бермейді. Моңғолияның орталық аймақтарындағы мектептердің бәрі моңғол тілінде болғандықтан, балалар қазақ тілін ұмытып бара жатыр. Құрылтайдың жалпы жиналысында осы мәселе биік мінберден айтылған болатын. Елбасы шекаралас аудандарға қазақ телеарналарын көрсету мүмкіндігін қарастыруды үкіметке тапсырды. Бұдан бөлек, алыс-жақын шет елдерге баспа өнімдері мен газет-журналдарды тарату да тілдік ортадан ажырамаудың бір жолы болар еді. Моңғолиядан келген қандастардың бірі: «Біз бала күнімізде «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері» атты журналдарды алып, оқып жүруші едік. Осы үрдіс қазір үзіліп қалды. Енді ересектер ғаламтордан керек журналды ашып оқиды дегенімізбен, балаларға арналған басылымдарды жеткізіп беруді ұйымдастырсаңыздар» деген орынды ойын айтты. Республикалық «Балапан» журналының таралымын көбейтіп, Моңғолия аумағына тарату мәселесі туралы ұсыныс айтылды.

КЕРЕКТІҢ ТҮРІ КӨП

Бес жылда бір рет қана шақырылатын үлкен жиынға алыстағы ағайын құрқол келмесі белгілі. Олардың көбісі артынып-тартынып, тіпті арнайы сый-сыяпатын арқалап, бірі Елбасыға арнап шығарған әнін, бірі қазақ тілінде шығарған журналын, енді бірі шапанын көтеріп келіпті. «Алмақтың да салмағы бар» дегендей, сый-сыяпатын жасап болған соң, өз бастарындағы мұқтаждықтарын айтып, арызданғандары да баршылық. Аңдағанымыз, сырттағы қазақ мәдени орталықтарының басындағы ортақ жағдай – барлығы дерлік қазақ тіліндегі оқулықтар мен қазақша кітаптардың кемшіндігін, одан соң қазақ ұлттық саз аспаптары мен ұлттық киімге зәру екендіктерін айтып шағымданады. Мұны олар қара басы үшін сұрап отырған жоқ, әрине. Жат елде жүргенде өзге ұлттарға қазақтың мәдениетін таныстырып, оларды ұлттық ән-күймен баурап, қазақы салт-сананы насихаттайды. Мысалы, Белорусь мемлекетінде бар-жоғы 1300 қазақ бар екен. Осы шоғырдай топ өз әлінше Қазақстан туралы буклеттер шығарып, белорусьтарға қазақтың тұрмысы мен әдет-ғұрпын таныстырып, ұлттық өнерін насихаттап жүр. Биыл олар Минскі қаласында киіз үй құрып, ән-күй айтып, тұңғыш рет қазақ мәдениетінің фестивалін өткізген. Жалпы, бұл қалада әр түрлі ұлттардың 25 мәдениет орталығы бар екен, оның ішінде ортаазиялық елдерден тек қазақтардың орталығы ашылған. Бірақ қазақ салт-дәстүрлерін көрсету үшін қазақша ұлттық киімдер жетіспейтін көрінеді. Осы елдегі қазақ мәдени орталығының өкілі Дина Тұрсынқызы: «Белорусьтар қазақтар туралы білуге ынтық, олар «Қазақ-стан туралы білетініміз аз», – дейді. Сондықтан қазақтарды жақсырақ таныстыру үшін бізге қазақша киімдер керек» – деп, мәселені төтесінен қойды. Моңғолияның ішкері аймақтарындағы тіл мәселесін көтерген Айнагүл Сарайқызы «Орталық бес аймақта қазақ мәдени орталықтарын ашуға көмек берсеңіздер» деген тілегін жеткізді. Көмек дегенде, қазақ тіліндегі баспа өнімдері, кітаптар Қазақстаннан Баян-Өлгийге жеткізілгенімен, Моңғолияның орталық аймақтарына жетпейді екен. Бұл аймақтарда тіл үйрету курстары ашылғанымен, қазақ тілін оқыту әліппелері, кітаптары аз. Моңғол ұлттық телеарнасында қазақша хабар ашылған, бірақ онда жұмыс істейтін, қазақ әдеби тілінде сөйлейтін кәсіби маман саусақпен санарлық. Сондықтан Қазақстаннан қазақ тіліне жетік телевидение мамандарын тәжірибе алмасуға жіберу туралы өтініш айтылды. Ресейдегі қазақтардың өтініштері осыған ұқсас. Омбы қаласындағы қазақ мәдени орталығының өкілі Алтынай Жүнісова: «Көп бала домбыра үйренеміз деп ынта білдіреді, бірақ үйрететін адам табу қиын. Сондықтан Көкшетау, Кереку, Қызылжар облыстарынан музыкалық колледж бітіргендерді бізге тәжірибеге жіберсе, нұр үстіне нұр болар еді» деп тілек білдірді. Бұдан бөлек, жиырма жыл бұрын құрылған Қазақ биі ансамблін ұлттық кимідермен қамтамасыз етуді сұрайды. Ал Қырғызстандағы 40 000-дай  қазақтың атынан ашылған Қауымдастық арнайы  ғимарат салатын жер алып берсеңіздер деген базынасын арқалай келіпті.  Қауымдастықтың қазіргі мекемесі қырық шаршы метр екенін айтып, жаңа жерден кітапхана, елу орындық театр, сабақ оқытатын сыныптар, музыкалық кабинеті бар ғимарат салсақ дейді. Қытай Халық республикасынан келген әнші, сазгер Қажымұрат Шешенқұл Н.Назарбаевқа арнап шығарған әнін Бірінші Президент мұражайына тапсырып, осы жиынның үстінде бір ауыз шумағын орындап та берді. «Шет елдерден келген өнерпаздар елеусіз қалып жатырмыз. Қазақстандағы концерттерге қатыссақ, өнерімізді паш етсек» деген тілегі тағы бар.   P.S. Осы орайда, белгілі қоғам қайраткері, академик Ғарифолла Есімнің: «Оралман деген адам емес. Оралман – идея, ырыс-береке. Оралмандар елге келді деген сөз – қазақтың ырысы мен берекесі қайтып оралды деген сөз. Ырысымыз ортаймасын!» деген сөзінің жаны бар. Есім мырзаның «Жылайтын заман өтті, енді еңсені тіктеп, алға ұмтылатын кез келді» деген сөзінің жаны бар,  әйтсе де, диаспораның мұңы мен дабылына құрақ түріп, оларға жан-жақты қолдау көрсету ендігі жерде Қазақ мемлекетіне сын болғалы тұр. Бір-бірімізге қайрақ қана емес, қанат бола алсақ, қанекей.