Билер әділ болмаса...

Билер әділ болмаса...

Билер әділ болмаса...
ашық дереккөзі
Қазақтың дау-жанжалының бәрі ертеде ауыл ақсақалдарының, қара қылды қақ жарған әділ билердің төрелігімен шешіліп отырған.  Дауласқан тараптар ел сайлаған қазылардың бір ауыз сөзіне тоқтаған, шешімдеріне қарсы шықпаған. Ал қазір әділет іздегендер сотқа жүгінеді, судьялардың үкіміне құлақ түреді. Бүгінгі қазылар бұрынғы туғаны жоқ тура билердің жолын жалғап жүр ме? Бұл сұраққа жауап іздегенде көп күмілжідік. Өйткені соңғы кезде елімізде жазықсыз сотталғандар жайлы ақпараттар, парамен ұсталған судьялар, мәртебелі қазылардың әділдігі мен біліктілігіне шәк келтірген арыз-шағымдар көбейіп кетті. Сот беделі бүкіл биліктің абыройы екенін естен шығарған судьялар халықтың ожданы саналатын органға деген ел сеніміне селкеу түсіріп жүргендерін біле ме екен? Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сот жүйесін жетілдіру мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 11 қадамы биліктің осы тармағының жұмысын оңтайландыруға бағытталған. Оны жүзеге асыруда еліміздегі сот жүйесі 5 сатылы сот жүйесінен 3 сатыға қысқарды. ҚР Президенті жанындағы академияның Сот төрелігі институты «Жоғарғы Соттың жанындағы Сот төрелігі академиясы» болып құрылды. Сот жүйесі заман талабына сай электронды форматқа көшті. Судьяларға деген талап та күшейтілді.  Бұдан былай бұрмалап, әділетсіз үкім шығарған судьялар бірден жұмыстан қуылады.  Яғни, енді қазылардың жіберген қатесін түзеуге де мүмкіндігі жоқ. Жоғарғы сот Конституциялық заңдарға биыл осындай өзгеріс енгізді. Қатаң талапты Мәжіліс депутаттары да қолдап, құжатты ақпан айында мақұлдады. Ал судьялардың біліктілігін арнайы құрылған қазылар алқасы тексермек. Оның құрамына Жоғары, облыстық соттың судьялары кіреді. Комиссия сынақ кезінде әріптестері қарап шыққан істің саны мен сапасын, тіпті, оның процесс кезіндегі сөйлеу этикасы, тәртібіне дейін жіті қарайды. Егер судья сол сынақтан өте алмаса, бірден қызметтен кетеді. Бұрын кемшіліктерін түзеуге екінші рет мүмкіндік берілетін. Ал қазылар алқасының шешіміне қатысты енді Жоғары сот кеңесі ғана шағымдана алады. Елімізде біліксіз судьялар санының артуы билікті осылай қатаң шаралар қолдануға мәжбүрледі. Мәселен, былтыр 47 судья сыннан сүрінген. Бірақ ол кезде талап қатты болмағандықтан, олар қазір де сот қарауына түскен істерге төрелік етіп жүр. Алайда бұл қызметтегі қателік жазасыз қалмайды деген сөз емес. Әділетсіз шешім шығарғаны үшін айыпталған судьялардың бірі –   Алматы қаласы, Алатау ауданының бұрынғы судьясы Өмірзақ Серімов. 5 балалы әйелдің үйін тартып алу туралы үкім шығарған судья сот алдында жауап бермек. Ол ҚР ҚК 350-бабының 2-бөлімі, 307-бабының 4-бөлімі бойынша өзінің өкілеттігін асыра пайдаланып, көрінеу әділетсіз шешім шығарғаны үшін айыпталып отыр. Қылмысы дәлелденген жағдайда Серімов бірінші бап бойынша 2-7 жыл, екінші бап бойынша 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Өткен аптада қорғаушылардың келмеуіне байланысты сот алдындағы тыңдау процесі кейінге қалды. Айып актісі бойынша, Өмірзақ Серімовке 2009 жылы азаматтардың заң жүзінде некеде барын анықтау туралы іс келіп түскен. Әйел адам бірнеше жыл азаматтық некеде болған ер адам көз жұмғаннан кейін үйді мұрагерлікке алғысы келген. Судья некені заңды деп таныған.  Марқұмның інісі болған жайтты білгеннен кейін 2010 жылы Алатау аудандық сотына шешімді жоққа шығару туралы өтініш берген. Ол өзінің жалғыз мұрагер екенін айтқан. Бірақ оның өтініші қабылданбады да, әйел адам үйді өз атына аударды. Кейін ол әйел үйді бес баланың анасы Светлана Тұрғанбаеваға 4,4 миллион теңгеге сатады. Кейін судья неке туралы шешімін жоққа шығарған. Осылайша, әйелдің мұрагерлігі және үйді сатып алған Тұрғанбаеваның келісімі жоққа шығарылған. Сот Светлана Тұрғанбаеваны үйден шығару туралы шешім шығарады. «2012 жылдың 24 мамырында Тұрғанбаеваны үйден шығару туралы шешімді орындау кезінде әйел өзін өртеу актісін жасады, соның салдарынан 2012 жылдың 29 мамырында әйел көз жұмды», – делінген айып актісінде.  2013 жылдың 3 маусымында марқұм әйелдің балалары Алатау ауданының бұрынғы судьясы Өмірзақ Серімовті жазалауды сұрады. Сол кезде «Әділдік үшін» қозғалысының мүшелері және марқұмның балалары істі бүге-шігесіне дейін тексеруді сұрап, акция ұйымдастырған болатын. Судьяның әділетсіз шешім шығарғаны дәлелденсе, жазасы жеңіл болмайтыны анық.

               Тарихта қатталған қателер

Тыңғылықты жүргізілмеген тергеу, үстірт шығарылған үкімнің кесірінен түрмеге жазықсыз тоғытылып, өмірі ойран болғандар аз емес. Қазақстанда 60 мыңға жуық темір торға қамалғандар бар. Олардың қаншасы нағыз қылмыскер, қаншасы сот қателігінің құрбаны екені белгісіз. Жабылған жаланың кесірінен бостандықпен қоштасқандардың жақындары қандай күй кешетіні айтпаса да белгілі. Біреудің бауыр еті – баласы, біреудің бауыры, енді біреудің асқар тауы – әкесі кейбір судьялардың әділетсіз шешімінің кесірінен абақтыға айдалып кете барды. Жазықсыз жазаланғандар жайлы тарихтың да айтары көп. Атақты орыс адвокаты П.С. Пороховщиков «Соттағы шешендік өнер» кітабында: «Ежелгі Грекияда не болды, ол бізде де қайталанып жатыр, ол барлық уақытта қайталанып келеді. Сократтың ісі қаралғанда қылмысы дәлелденбеді – өлім жазасына кесілді; Ионна д,Арктың айыбы ашылмады – ол өртелді;  Варрен Гастингстың қылмысы ашылмады – сотталды; ла Ронсьераның да қылмысы дәлелденбеді – ол да сотталды; Дрейфустың ісі екі рет қаралса да қылмысы ашылмады – сотталды; Эстергаздің қылмысы дәлелденді – ол ақталды», – соттың тарих бетінде қатталған әйгілі қателерін еске түсіреді. Құқықтық тәжірибеге көз жіберсек, қай кезеңде де сот шешімінде қателіктер болғанын аңғарамыз. Тіпті бір адамның кесірінен ондаған адам жазықсыз жазаланған жағдайлар да болған. Мәселен, Кеңес Одағы кезінде Витебскі мен Полоцкі қалаларында 14 жылдың ішінде 36 зорланған әйелдің өлі денесі табылған. Құқық қорғау органдары қылмыскерлер туралы мәліметті сот қарауына жібереді. 11 қылмыстық іс қаралып, нәтижесінде 14 адам жазықты аталады. Олардың біреуі атылады, екіншісі өзіне қол жұмсайды, енді бірі есінен адасып кетсе, қалғандары тиісінше 10, 13 жылдан жазаларын өтеп шығады. Кейіннен бұл қылмыстың бәрін бір ғана адам – құқыққорғау органының бұрынғы қызметкері Михасевич жасағаны белгілі болады.  Тексеру кезінде сотталған 14 адам да жазықсыз екендігі анықталған.

Жазықсыздарға араша түскен жоба

АҚШ-та еш жазығы жоқ, бірақ түрмеде күндерін өткізіп жатқан жандарға көмектесетін «Жазықсыздар» жобасы жұмыс істейді. Бұл жоба 1992 жылы Нью-Йорктағы Барри Шек және Питер Нойфельд деген қорғаушылардың бастамасымен құрылған болатын. Ол кезде елде 50-ден астам сараптама тобы жұмыс жасайтын. Осы жобаның арқасында 237 қателесіп түрмеге жабылған адам ақталып шықты. Бұл ұйым сонымен қатар баллистикалық сараптама мәліметтерімен, оқтың, әйнектің, алақан іздеріне қатысты оқиғалармен айналысты. Ұлттық Сот сараптамаларының күдік тудырады деп тапқан істерді «Жазықсыздар» жобасы қайта қарауға мүмкіндік алды. Соның арқасында кінәсіз қамалғандар бостандыққа шықты. Сынамаларды іріктеу үрдісі құмды шайып, арасынан алтын іздегенмен бірдей. Алты жыл бұрын берілген 3000 өтініштің 90 пайызы кері қайтарылған. Бірақ келіп түскен әрбір хат жіті қаралады. Соңғы үмітін артқан жандардың өтінішіне атүсті қарауға жол берілмейді. «Жазықсыздар» жобасының көмегімен ақталып шыққандардың бірі – Джефф Дескович. 1990 жылы 17 жасында оған мектепте қызды зорлап, өлтірді деген айып тағылады. Содан тергеуге шақырылып, құпия түрде шындық детекторынан өтуге келіседі. Тергеуді жүргізген шенеуніктер жағдайды өз бақылауында ұстайды. Ауыр сұрақтар қойып, қорғаушының көмегіне сүйенуге тыйым салады. Жеті сағаттық тергеуден соң Дескович қылмысты өз мойнына алады. Содан 16 жылын түрмеде өткізеді. «Жазықсыздар» жобасы арқылы 16 жылдан кейін бостандыққа шығады. Кейін Дескович 4 жыл жүріп, мемлекеттен 6,5 миллион доллар өтемақысын өндіргеннен кейін бакалавр дәрежесін алып, өзі секілді жазықсыз жандардың құқығын қорғайтын Әділет қорының негізін қалады. Адамның құқығы мен бостандығын бәрінен жоғары қоятын АҚШ секілді мемлекеттерде тергеу органдары мен сот қателігінен абақтыда еш айыпсыз отырған жандар түбінде әділетке қол жеткізеді. Ал Украинада жазықсыз  сотталғандардың ісін қайта қарау механизмі жоқ. «Біздің түрмелерімізде жазықсыз жазаларын өтеп жатқандар қаншама. Қылмыстың бетін ашу үшін ұрып-соғу қалыпты жағдайға айналған. Құқық қорғаушылардың мәліметіне қарағанда өмір бойы жазасын өтеушілердің арасында 100-ге жуығы заңсыз сотталғандар. Қазіргі таңда ешқандай субъект, мейлі ол соттық немесе мемлекеттік мекеме болсын, дұрыс шешілмеген, күдік тудыратын сот шешімін қайта қарау және оны түзету турасындағы мәселе шешімін таппай келеді», – деп жазады Украинадағы «Судебно-юридическая газета» тілшісі Анна Шульгина.

Ойран болған өмірдің өтемі қанша?

Көптеген жылдар бойы өзге біреудің жасаған қылмысы үшін түрмеде отырғандар ақталып, бостандыққа шыққанда кәдімгі қылмыскерлердің күйін кешеді. Абақты дегенді естісе ат тонын ала қашатын қоғам оларға жұмыс ұсына қоюы екіталай. Түрменің тіршілігінен кейін бұрынғы өмірге қайта бейімделу де оңайға соқпасы анық. Сондықтан  жазықсыз сотталғандарға мемлекет түрмеде текке өткен жылдарының, ойран болған өмірінің өтемі ретінде өтемақы төлеуі тиіс. Әлем елдерінің көбі сот қателіктерін анықтауда Халықаралық азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі пактінің (ICCPR) мәліметтеріне сүйенеді. Аталған құжаттың 14(6) тармағында соттың қателігінен жазықсыз қамалып, ашылған дәлелдер бойынша ақталып шыққан адамға компенсация төленуі тиіс деп жазылған. Бұл пактіге 2007 жылы әлемнің  167 елі қол қойған болатын. АҚШ-та қомақты өтемақы алуы тиіс жазықсыз сотталғандардың тек 60 пайызы ғана өтемақысын өндіріп алады екен. Forbes журналының жазуына қарағанда, оның өзі бірден беріле салмайды. The Innocence Project сарапшыларының пікірінше, АҚШ-тың барлық штатында түрмеде өткізген әрбір жылы үшін 50 мың доллар төленуі тиіс. Сондай-ақ, түрмеден шыққандардың қауіпсіздігіне кететін шығын мен стоматолог, психолог секілді қызметтерді қамтитын медсақтандыру, әрі білім алуына жағдай жасау керектігі айтылады. Сот АҚШ үкіметін рекордтық өтемақы – 101,7 млн доллар қаржыны 1965 жылы істі болған төрт ер адамға төлеуге міндеттеген болатын. ФБР олардың кінәсіздігін дәлелдеген кезде төртеудің екеуі жан тапсырып үлгерген еді. Ал қалған екеуі Питер Лимоне мен Жозев Салвати өмірлерінің 31 жылын түрмеде өткізген. Олардың қорғаушылары өтемақының нақты сомасын талап етпеген. Сот жазықсыз жазаланғандардың әр жылына 1 млн доллардан өтемақы төлеу қажет деп тапты. Осылайша Салвати 29 млн доллар алса, Лимонеге 26 млн доллар тиді. Ал қаражаттың қалған бөлігі түрмеде қайтыс болған екі азаматтың жақындарына берілді. Әділетсіз үкімнің құрбаны болғандарға өтемақы төлеу жүйесі біздің елімізде де жолға қойылған. Мәселен, жуырда жалған кәсіпкерлік жасады деген айыппен жазықсыз алты жылға сотталған Қарағанды тұрғыны Михаил Ешуткин 6 млн теңге өндіріп алды.  Сот тыңдалымы мен тергеу мерзімін қосқанда, үш жарым жыл темір тордың ар жағында отырып шыққан азаматтың жазықсыз екені дәлелденді. Михаил Ешуткин 2013 жылы ірі көлемдегі ақшаны иемдену мақсатында жалған мәміле жасады және жалған кәсіпорын құрды деген күдікке іліккен. Сот Ешуткинді алты жылға бас бостандығынан айырған. Оның адвокаты Игорь апелляциялық шағым түсірсе де, үкім өзгеріссіз қалады. Бірақ Жоғарғы сот үкімнің күшін жойып, қылмыстық істің материалдарын департаментке жолдайды. Нәтижесінде, тергеу органы қателескенін түсініп, тергеуді тоқтатады. Ешуткинді босатады. Кейін Президенттің Жарлығымен департамент қайта құрылып, штат қысқарады. Қарағанды қаласы, №2 Қазыбек би аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, Михаил Ешуткин мен оның адвокаты сотқа талап арыз түсіреді. Оның жауапкері Қаржы министрлігі мен оның Қарағандыдағы бөлімшесі –  мемлекеттік кірістер департаменті болды. Талапкер моральдық шығын өтемақасы ретінде 15 миллион теңге мен материалдық шығын ретінде 6 миллион 24 мың 396 теңге сұраған. Оның шағымы жартылай қанағаттандырылды. Сот жауапкерден 2 миллион теңге моральдық залал, 3 миллион 552 мың 860 теңге материалдық шығын, 500 мың теңге – заң өкілінің қызметі үшін және БЖЗҚ-ға зейнетақы төлемін аудару үшін 181 мың 500 теңге өндіру үкімін шығарды. Алайда Ешуткин моральдық өтем­ақының сомасымен келіспейтіндігін алға тартып, жазықсыз 3 жылдан астам уақыт түрмеде отырғаны үшін 15 миллион теңге сұрап отыр. Темір тордың ар жағындағы ойран болған өмірі, ысырап болған жылдарының орнын миллиондар толтыра алмасы анық. Десе де, жазықсыз сотталған азамат жауапты тұлғалардың кәсіби біліксіздігінің лайықты өтемі болуы керек деп есептейді. Заңгерлердің айтуынша, біздің елімізде жазықсыз сотталғандарға өтемақы төлеу жүйесі нормативтік қаулылар арқылы реттеледі. Онда моральдық шығынның расталуын талап ететін шарттар көрсетілген. Яғни, шағымданушының шын мәнінде моральдық зардап шеккені дәлелденуі керек. «Егер жазықсыз сотталып, түрмеде отырып шыққан азамат өтемақы ретінде  5 млн теңге талап етсе, ол өзіне сол сома көлемінде моральдық зардап келтірілгенін нақты дәлелдермен көрсетуі керек. Сот өндірушілерде жеткіліктілік принципі бар. Яғни, сот кімге қанша ақша жеткілікті болатындығын өзі айтады. Емделуге кеткен шығындардың түбіртектері тексеріледі. Оның үстіне аздаған қаражат қосылады. Моральдық зардап шеккендерге төленетін өтемақы дегеніміз осы. Бірақ, моральдық шығын ретінде талап етіп отырған соманың 1 пайызына тең келетін қаражатты өтемақы жөнінде арыз берген кезде арызданушы төлеуі тиіс. Егер 1 миллион талап етілсе, онда 10 мың теңге көлемінде төлем жасалуы шарт. Алайда кейіннен соттан қанағаттанарлық жауап келмесе адамдар ренжіп жатады. Азаматтық кодексте моральдық зардаптың нақты дәлелі керектігін анық жазып қойғандығын ұмытпау керек», – дейді қорғаушы Михаил Кленчин.