Жаңа дәстүр ме, жаңсақ дәстүр ме?

Жаңа дәстүр ме, жаңсақ дәстүр ме?

Жаңа дәстүр ме, жаңсақ дәстүр ме?
ашық дереккөзі
2486
Қазақ салт-дәстүрге бай халық. Оның бірі бүгінде дәріптелсе, бірі мүлде ұмытылған. Кейбірін қазіргі қоғамда қолданудың да қисыны келмейді. Ал кейбірін заманауи қоғамға ықшамдап, сәйкестендіруге әбден лайық. Өкінішке қарай, дәстүрді ескіден емес, Еуропадан іздеуге құмарлар қатары көбейген. Қазақы дәстүрге сіңісіп кеткен кейбір «жаңа ырымдар» туралы тарқатып көрелік. Үйлену кәделерінің естісі де, ескіргені де бар. «Кереге керер», «шаңырақ көтерер», «уық шаншар», «туырлық жабар», «түндік жабар», «үзік жабардың» бүгінде қисынсыз екені айтпаса да түсінікті. Мағынасы терең болғанымен, орындалу рәсімі қосымша уақытты қажет етеді. Есесіне жаңғыртуға лайық дәстүрлер де баршылық.  Қол ұстасу – күйеу жігіттің қалыңдығын қолынан ұстап үйіне алып келуі. Ол – жұбайлық өмірдің басы. Ері ендігі жерде әйелі үшін жауапты, некемен келер барлық жауапкершілікті мойнына алады.

ҚЫЗ ҰЗАТУ КӘДЕСІ

Салт-дәстүріміздегі қыз ұзатудың кәделері – «табалдырық кәдесі», «көпшік қыстырар», «сыңсу», «құйрық-бауыр асату» және тағы басқалар. Осы күні мұның барлығы бірдей жасала бермейді. Қызға сырға салғаннан кейін құдалықта қоржын сөгіп, құйрық-бауыр асатады, күйеу балаға төс тартып, жеңгелері қызды қайын жұртына шығарып салады. Кейбір аймақтарда босағадан аттағанда жолды бөгеген қыз-келіншектердің, арқан тартқан бала-шағаның қолын құр қайтармайды. Бүгінгінің салт-дәстүрі осының айналасында өрбіп отыр. Отбасының жағдайына байланысты үштен, тоғыздан киіт кидіреді, алтын тарту етеді, қыздың анасына сүт ақысын дайындайды. Мұның барлығы қазақы дәстүрдің бүгінге дейін сақталған, қыз не сұраса да бетін қайтармау қажет делінетін әмбебап салттар. Мұның сыртында қазіргі таңда ұзатылатын қыздың жасауына құндыз бөрік, құндыз ішік пен алтын әшекейлер қосатын болған. Әсілі, ертеректе байдың қыздарына ғана алтынмен апталып жасалатын жасау қазір де жағдайы бар отбасылар үшін абыройлы дүние. Қазір сыңсу айтылмайтыны бесенеден белгілі. Бірақ қыз-қырқынды жинап алып, қыздың кешін ұйымдастыру нағыз абыройлы іс. Қыздың құрбылары қосылып, мейрамханада «девичник» жасайды. Мұндағы мақсат – тұрмыс құратын қыздың көңілін көтеріп, ұмытылмас кеш ұйымдастыру. Бұрынғыдай жұрты алыс, елі жыраққа көшетін заман емес. Әйтсе де, батыстан келген бұл дәстүр нені білдіреді екен? Бұл – батыс елдерінде  тұрмысқа шығатын қыздың құрбы-құрдастарымен қоштасып, енді көріспейтіндеріне жыласатын күн. Бүгінгі «девичниктің» парқы басқа. Мұнда көңіл көтеріп, қалыңдық үшін жасалған сый-сыяпаттар әлеуметтік желіге салынады, өйткені ол мақтануға тұрарлық «абыройлы» істер қатарынан. Мұндай ойын-сауықтан күйеу жігіт жағы да қалыспайды. Жігіттің жора-жолдастары бірігіп, өмірінің соңғы күнін атап өткендей ұлан-асыр тойға басады. Ұлттық санаға сіңіспесе де, жастардың жүрегінен ойып тұрып орын алған жаңа дәстүр халық арасында кең таралып келеді. Ауыл-аймақ пен қала балалары да үйленер алдында өлгенше мас болып, естен танардай кеш өткізу әдетке айналып барады.

ҚЫЗҒА СӨЗ САЛА МА, ҚОЛЫН СҰРАЙ МА?

Қыздың қолын сұрау – «Просить руки и сердца» дегеннің тікелей аудармасы болса керек. Халқымызда мұны – «сөз салу», «сырға салу», «сақина салу» деп атайды. Бұрынырақта жігіттер шын көңілін сырға салып, құда түсу арқылы білдіретін болған. Қыздың өзімен келісіп алған соң, әке-шешесінің батасын сұрау ләзім. Қыздың қолын сұрау – қазір өте сәнді. Жігіт қызға өз емеурінін таныту үшін түрлі сценарий ойластырып, тізерлеп қызға сөз айтып, қолына көзі бар сақина салуы тиіс. Тізерлеп сөз салудың батыс серілерінен қалғаны белгілі, қазақ ер-азаматтары қыздың алдында тізесін бүгіп, басын июі салтымызда жоқ нәрсе. Кейбір қыздар сөз байласып жүрген жігіті ешқашан үйлене қоймас деп ойлайтын болса керек, көзіне жас алып, «Мен үшін тосын жағдай,  не деп жауап берерімді білмеймін» деп мүләйімсиді. Паһ, сонда сөз байласқан жігіті өзін алатынына сенбей жүрген бе деген тосын сауал туады. Осы кезде қыздың қылығын құрбылары мен жігіттің құрдастары видеоға түсіреді. Соған сай қыз да жігітінің шын көңіліне осы кезде ғана көзі жеткендей, келісімін береді. Қазақ жастарының жаңа салтының бірі осы. Жуырда қызына сөз салмақшы болған бір жігіт, Алматыдағы Әл-Фараби даңғылының бойына көлігін тоқтата қалып, жедел түрде жақтастарын шақырып, қыз бен жігіттің қолын кісендеп, жұлқылап есін шығарады. Зәресі ұшқан қыз жылауға айналғанда жігіт қалтасынан сақинасын шығарып: «Маған тұрмысқа шығасың ба?»  – деп тарс еткізді. Есі шыққан қыздың екі беті дода-дода, қуаныштан ба, қорқыныштан ба жылап алған. Ал маңайында видеоға түсіріп жүрген достары мәз. Ертесі ғаламторға жарыса салып, ұзақ уақыт естерінен шығармай айтып жүреді. Ең қызығы да сол, достарының есінде қалу. Хош, қызды ұзату «Күлбикештің» ертегісі ме дерсің... Кейбір облыстарда қызды түнгі сағат 12-ге дейін ұзатып әкету керек. Бұл қайдан шыққан салт? Қыз түн жарымға дейін ұзатылмаса, құбыжыққа айналып кете ме? Ертегідегідей көлбақаға айнала ма? Бәлкім, осыны ойлап  тапқан асаба тойды тезірек бітіруді көздеген болар. Мұсылман елдерінде қадірлі істің уақыты таңның атуымен, күннің батуымен есептелетін. Мысалы, қазақ түстен кейін көңіл айтып бармайды. Ымырт жамылып, алакеуім түскенде ұйықтауға болмайды. Бірақ түн жарымымен байланысты ешқандай дәстүр жоқ. Ендеше ұзатылатын қыздың он екіден кейінге қалғанынан неге қорқамыз? Бәлкім, жігіт түн ортасында ақылына келіп, қалыңдықты алмай қояр? Кім білсін?..

СЕРУЕНДЕ ЕСІРУ – ЕСТІЛІК ЕМЕС

Той күнгі қыдыруды қандай салтқа жатқызуға болады? 80-90 жылдардан бері той күні жастар ертерек жиналып, лимузинге мініп, бірнеше көліктер қатар тізіліп, қаланың көрікті жерлерін аралайды. Неке сарайы мен мешітте неке қиюдан басталатын серуенде жастардың есіретіні белгілі. Талай той кортежі кезінде жол көлік ережелері бұзылып, көлікке мас күйінде отырып алатын той қонақтарына талай айыппұл салынып, жас жұбайлар жауапқа тартылды. Осыдан бірер жыл бұрын той кортежін тоқтату адамгершілікке жатпайды деген көзқарас болған. Сондықтан жол полициясы есірген кортежге көзін жұма қарайтын. Алайда той кортежі кезінде тәртіп бұзушылықтар көп болғандықтан, қазір жіті тексерілетін болды. Таяуда ғана Жамбыл облысында той кортежінде жылдамдықты арттырған көлік аударылып, өрімдей үш жігіттің өмірін қиды. Жалпы, той күні қыдыру салтына еш тыйым жоқ. Бұл жастардың жиналып, ерекше көңіл күйге бөленуінің алғышарты. Десе де, тәртіп бұзушылықтың көбеюі осы бір дәстүрге теріс көзқарас қалыптастырып отыр.

ТОЙ ТАРТУЫНЫҢ ТҮРЛІСІ БАР

Халқымыз шариғат заңдарымен неке қиып, осы заңның негізінде некесін талақ еткен. Кеңес заманында да шариғат бойынша неке қиылып, тәтті су ішіп, сақина алмасқан. Бұл дәстүр бүгінде сәл өзгешелеу. Мұсылмандық некенің талаптары – өзара келісім, жастардың аты-жөндерінің толық жазылуы, екі куәгері, мәһүр сыйлығы орындалғанда неке қиылуы тиіс. Төрт талаптың бірі – мәһүр сыйлығы. Неке қию рәсімі кезінде жігіт қалыңдығына мәһүр сыйлығын беруі тиіс. Сыйлықтың төменгі құнын мешіт бекітеді. Сыйлықты беру мерзімі – 1 жыл. Осы аралықта күйеу жігіт қалыңдығының өтінішін жерге тастамай, орындауы тиіс. Көп жағдайда бұл алдын ала келісіледі. Мәселе осы сыйлықтың құнында. Неке қиған молданың алдында қалыңдықтар көп жағдайда өз қалауын айтуға асығады. Оның бірсыпырасы көлік, пәтер, ұялы телефон, шет елге жолдамадан басталады. Қалыңдығының айтқан өтініші жігіттің мойнына салық. Бәлкім, көлік сұрағаны – жол қиындығын көргені болар. Телефон сұраса – байланысқа қажет шығар. Ал үй сұрағаны – сен өз үйіңде, мен сен сыйға тартқан үйде тұрамын дегені ме? Осындай неке қиылу рәсімінде үй сұраған қалыңдықтан күйеу жігіт сол жерде бас тартқаны бар. Қымбат сыйлық сұрау да сән бе? Үйленіп, үй болған соң мүлкі онсыз да ортақ. Жоқ, қазір қыздарымыз қымбат заттарға құмартып, құда-құдағидың, ата-ананың алдында ашкөздігін көрсетіп қойып жатады. Бал айы. Тәттіге балаған ай жас отбасының үйлену тойынан кейінгі алғашқы айы. Жастардың бір-біріне ынтық кездеріне бола «бал айы» деп аталса керек. Ресейде, ХІХ ғасырдың екінші жартысында пайда болған «бал айы» қалыңдық пен күйеу жігіттің тойда және тойдан кейін 30 күн бойы ішетін балдан жасалған сусынына байланысты шыққан. Бұл сусын бірнеше жыл сақталатын болғандықтан, құрамында спирті басым болады. Мұны ішкен ғашықтар еш уайымсыз отыз күн ойын, қырық күн тойын тойлай берсе керек. Содан бері осы салт бізге де келіп, жастар арасында заманауи дәстүрге айналып барады. Жастар үйлене сала шет елге, курортқа барып демалуға асығады. Негізі, халқымызда көнеден келе жатқан «есік көрсету», үйге келген кісілерге жаңа түскен келіннің қолынан берілетін ас сияқты салттар бар. Бұл дәстүр әлі де өзектілігін жоғалтқан емес. Тойға алыстан келген ағайын міндетті түрді жас келіннің қолынан дәм татып кетеді. Ал туған-туыстары келінге есік көрсетіп, үйін таныстырып, «есігім ашық, жат емес, туыспыз» деп үйге еркін келе беруіне ресми рұқсат береді. Оның сыртында жас жұбайларға есік көрсеткен үйлер «қуыс үйден құр шықпа» деп, сый-сыяпатын тарту етіп, үлкендігін көрсетіп жатады. Міне, осындай саналы салтымыз тұрғанда, үлкен-кішіге қарамай, «бал айына» аттану оғаштау сияқты. Соңғы кездері үйлену тойының тосын дәстүрлері көбейіп, қазақы дәстүрлер қысқарып барады. Екі жақтың құдаларына тарту етілетін жағалы киімдер қазір қажетсіз шүберекке баланады. Ескі дәстүрдің мәні ескерілмей жатқанда, «батыстық» сарынның шын мағынасына ешкім үңілмейтін сияқты. Қайткен күнде де жаңа дәстүрлердің жойылмасы анық. Керегін іріктеп, керексізін сүзіп отыру – жастардың өз еркі.    

Серіктес жаңалықтары