979
Астанада латын әліпбиінде шыққан көне қазақ кітаптарының көрмесі ашылды
Астанада латын әліпбиінде шыққан көне қазақ кітаптарының көрмесі ашылды
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Qazak kitaptary. 1929-1940 zhyl» тақырыбында көрме ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Латын әліпбиіне көшу бізге көп қиындық тудырмайды. Себебі мектеп есігін ашқан балалардың барлығы латын қарпін біледі. Енді келешек ұрпаққа не керек? Бүгінгі жазылған кітаптардың ең кереметін әрі қажеттісін бәрін латынға көшіресіздер деген сенімдеміз. Латын әліпбиіне көшсек, бүкіл әлемнің кеңестігін игереміз, ғылымның тіліне көшеміз», - деді көрменің ашылуы рәсімінде мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков. Өз кезегінде «Қазақстан - 2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев бұл жобаны аталған қозғалыс пен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы берлесіп іске асырып жатқанын айта келе, «Осы тектес шараларды алдағы уақытта ұйымдастыруға дайынбыз. Біздің басты мақсатымыздың бірі - ол жастар арасында адами капиталды дамыту. Көрмеге қызығушылық танытқан барлық азаматтарды шақырамыз. Ұлттық академиялық кітапханасында латын қарпінде басылған 1,5 мыңға жуық кітап бар және олар әртүрлі жанрда жазылған», - деді. Сонымен қатар ол Астанада басталған бұл жобаны еліміздің өзге де облыстарында жалғастыруға шақырды. Айта кетейік, кітап көрмесінде сирек кітаптар қорынан 1929-1940 жылдар аралығында латын әліпбиімен басылып шыққан қазақ зиялыларының шығармалары, көркем әдебиеттер мен балаларға арналған кітаптар қойылған. Онда Абайдың аудармалары мен қара сөздері, өлеңдері, сондай-ақ Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфулин, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов шығармалары қамтылған. Қазақстанда латын әліпбиі ресми түрде 1929-1940 жылдары пайдаланылып, кейіннен кириллицаға көшірілді.