Белгілі ғалым таныстырған тұжырымдама

Белгілі ғалым таныстырған тұжырымдама

Белгілі ғалым таныстырған тұжырымдама
ашық дереккөзі
Отандық білім беру саласы әлі де нақты бір жүйеге келе қойған жоқ. Осыны ескерген Қазақстан Педагогика ғылымдары академиясының президенті Асқарбек Құсайынов «Қазақстан Республикасының орта білім беру сапасын көтеру Тұжырымдамасын» жасап шықты. Білім беру жүйесін жан-жақты зерделеп жүрген ғалым Асқарбек Құсайынов таяуда өзі дайындаған тұжырымдаманы таныстырды. Белгілі ғалым тұжырымдаманы әзірлеу үшін 6-7 жылын сарп еткен. Тұжырымдама авторы жұмыстың орта білім беру жүйесіндегі бірқатар түйткілдің түйінін тарқатуға септігін тигізетіндігін атап өтті. Жалпы, білім беру сапасын арттыру үшін білім стандарттары мен оқу бағдарламалары, оқу әдебиеті, педагог кадрлардың кәсіби біліктілігі, білім мониторингі, рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру, білім беру саласындағы ғылыми зерттеу жұмыстарының сапасы мен тиімділігі, басқару жүйесін реттеу қажет. Ал ғалым жасаған тұжырымдама білім берудің ішкі жүйелерін ретке келтіре отырып, орта білім беру сапасын арттыруды көздейді. Тұжырымдаманың негізгі үш құрауышы мыналар: педагог кадрлардың кәсіби құзіретін, оқу әдебиетінің сапасын, білім мониторингні сапасын арттыру. Ғалымның сөзіне сүйенсек, орта білім беру сапасын арттыру үшін мектеп мұғалімдерінің кәсіби деңгейін көтеруге ерекше мән беру керек. өйткені орта білім сапасы мектеп мұғалімдерінің жұмыс сапасынан жоғары болмайды. «Біз Білім және ғылым министрлігіне, мектептерде жұмыс жасайтын 10 мың тәжірибелі әдіскер-мұғалімді таңдап алып, оларға ай сайын 40 мың теңге көлемінде қосымша жалақы беріп, әрқайсысына бір жылда 6 мұғалімнің кәсіби деңгейін көтеру жөнінде тапсырыс беруді ұсынамыз. Осылайша, олар бір жылда 60 мың мұғалімнің кәсіби құзіретін жаңа деңгейге көтеретін болады. Ол үшін 10 мың тәлімгерге бір жылда 4,8 млрд. теңге қаражат бөлу керек. Нәтижесінде, толыққан жұмыс жасайтын тәлімгерлер институтын құру негізінде, оқушылардың 90 пайызы білім алатын мектептерде мұғалімдердің кәсіби құзіретін 2-3 жылда жаңа деңгейге көтеруге болады», – дейді Асқарбек Құсайынов. Ал үнемі талқыға түсетін оқулықтағы олқылықтар оны әзірлеуге аз уақыттың жұмсалуынан деп есептейді ғалым. Мәселен, француз ғалымдары жақсы оқулық жасау үшін 3-5 жыл уақыт қажет деп санайды. Ал біздің елде авторлар оқулықтарды 9-10 ай уақыт ішінде әзірлейді. Ғалымның ұсынысы бойынша, сапалы оқулық жасау үшін авторлар ұжымын құру, оларды оқытуды ұйымдастыру, оқу әдебиеті сапасын анықтайтын сарапшылар дайындау басты назарда болуы тиіс. Үшінші мәселе – білім мониторингі сапасын көтеру. Ол үшін білім мониторингі жүйесін жетілдіру, ұлттық білім беру статистикасы және бағалау орталығы қызметін жетілдіру, тестілік бақылау және өзге де диагностикалық бақылау жұмыстарын жүйелі жүргізу міндеттеледі. Жиынға қатысқан Қазақстан Еңбек Ері, Қазақ КСР халыққа білім беру үздігі  Аягүл Миразова тұжырымдаманың іргелі зерттеу жұмысы екендігін атап өтті. «Тұжырымдама қоғамдық-әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан негізделген. Еліміздің дамыған 30 елдің қатарына қосылудағы ортақ мақсаттарымызға қызмет ететін мұндай бастамашыл ізденістер Тәуелсіздігіміздің әлемдік орнын нығайта түсуді көздейді деп есептеймін», – деді Аягүл Миразова. Ал Асқарбек Құсайынов жиын соңында тұжырымдамаға Үкімет тарапынан қолдау көрсетілетініне сенім білдірді. «Алдағы уақытта осы Концепция негізінде 2016-2019 жылдарға арналған ҚР Білім беру мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын толықтыратын орта білім сапасын көтерудің кешендік бағдарламасын жасауды ұсынамыз. Онда бұл бағдарламаны орындаушылардың жыл сайынғы атқаратын іс-шаралары нақты көрсетілетін болады. Мұндай бағдарлама дайындалып іске асырылатын болса, Орта білім беру сапасы жаңа деңгейге көтерілетініне толық сенім білдіреміз. Бұл бағдарламаны іске асыру Үкімет тарапынан қосымша қаржы бөлуді қажет етпейді, оны Білім және ғылым министрлігіне бөлінетін қаржы шеңберінде жүзеге асыруға болады», – деп қорытындылады сөзін Асқарбек Құсайынов.