Тың идеялар тоғысқан қала

Тың идеялар тоғысқан қала

Тың идеялар тоғысқан қала
ашық дереккөзі
443
Бүгінде «Қазақстан» дегенде шетелдіктер әуелі Астананы ауызға алады. Елорданың даму қарқыны басқа өңірлерден оқ бойы озық екені ешкімге жасырын емес. Әлбетте, Астана – қала ғана емес, ең әуелі Идея. Анау-мынау емес, бұл – елдің тәуелсіздігі, территорияның біртұтастығы, адамның жасампаздығын біріктірген ерек идея.
Астана биыл он тоғыз жасқа толды. Жыл сайын Астана күні ерекше салтанатпен атап өтілетіні рас, әйтсе де биылғы тойдың орны бөлек. Себебі маусым айының алғашқы күндерінен Астана әлемнің әр түкпірінен келген мәртебелі меймандарды, ғалымдар мен сарапшы мамандарды, елшілер мен кәсіпкерлерді, саясаткерлер мен мемлекет басшыларын кезек-кезек күтіп алып, қонақ етті. ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесінің шымылдығы ашылған күннен бері осылай. Алдағы екі ай да осындай қарбаласпен өтеді. Сонда да болса, ғаламдық деңгейдегі мәселелерді талқылаған маңызды жиындардың арасынан уақыт тауып, мерекелік той-думан, концерттік бағдарламалар мен ойын-сауық кештерді өткізуге де көңіл бөледі. Астана – бір ғана адамның орындалған арманы емес. Бүгінде елордаға аймақтардан ағылған жастардың қалың легіне қарап, Астана талай қазақ үшін өмірлік мақсат-мұратқа жетелейтін өзгеше ортаға айнала бастағанын аңғарамыз. Қала сәулеті мен құрылысы, демографиялық дамуы, әлеуметтік және экономикалық мәселелеріне қатысты атқаратын қыруар шаруа бар, анығында, бұл шаруалар ешқашан түгесілмейді. Себебі қалалар да дүниеге келу, өмір сүру, кейде өмір сүруді тоқтату секілді құбылыстарды бастан өткереді екен. Бұл тұрғыдан алғанда, Астана – енді ес біліп, оңы мен солын ажыратуға жарап қалған жеткіншекке ұқсайды. Бастысы, Астананың барша Қазақстан үшін соны идеялар мен тың бастамалардың локомотиві болуға қабілеті жетеді. Осы күндері ЭКСПО-2017 көрмесі аясында өткен Республикалық робототехникалық байқауды алайықшы. Небәрі сегіз жастан бастап, он төрт-он жеті жастағы балалар Қазақстанның ауылшаруашылығында, құрылыс саласында қолданылатын, экологиялық мәселелерді шешуді көздейтін түрлі жобалар жасап әкелген. Олардың көбісі күн, жел, жер қуатын, тіпті толқын мен жаңбыр қуатын пайдалануды көздейді. Өзі жер қазып, өзі топырақты өңдеп, өзі тұқым сеуіп, шыққан егісті күтіп-баптап, өзі суарып, ең соңында өзі жинап алатын роботтардың моделіне қарап, өзгеше әлемге тап болғандай күй кешесіз. Себебі бұл – болашақ Қазақстанның келбеті. Егер осындай ерек жобаларды одан әрі дамытып, талабы зор жас таланттарды қолдай білсек, келешекте әлемдік озық технологиялардың отаны болуымыз ғажап емес-ау. Бұл жас жобалаушылардың көбісі жер-жердегі Назарбаев мектептерінің оқушылары, арасында басқа да дарынды балалар мектептерінің тәлімгерлері бар. Дәл осы күндері Астана Сирия келіссөздерін өткізіп, ғаламдық мәселенің шешімін табуға тырысып жатқанда, жас қазақстандықтар Қазақстанның экономикалық, экологиялық дамуына ауадай қажет тың шешімдер ұсынып отырғанын жақсылықтың нышанына баладық. Экология демекші, Астана күні қарсаңында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астананың жасыл белдеуін тамашалап, тексеріп көретін әдеті бар. Биыл да осы әдетінен жаңылмай, Елбасы Астананы қоршай егілген жасанды орманды аралап көрді. «Қазір мұнда үлкен орман алқабы пайда болды. Астананың айналасындағы орман кеңістігі жан-жануарлар мен құстар емін-еркін мекен ететін табиғи алқапқа айналды» деген Елбасы тағы да: «Бұл – еліміздің байлығы» деп атап өтті. Иә, бұл күндер өтер, той бітер, бүгінгі ұмытылар, бірақ уәдені – іске, жазықты – орманға айналдырған Астана жасыл желектің ортасында игі істердің куәсіндей болып өсе берер. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дегенде қазақ ұрпақ үшін жасалатын ерен еңбекті меңзеген болар. Астана тойы құтты болсын!

Серіктес жаңалықтары